ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Құжаттар
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Қызметі
Аймақтар
Байланыс ақпараты
Все материалы
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл
31 марта 2026
Павлодарда интернет-алаяқтыққа пайдаланылған sim-box құрылғылары әшкереленді

     Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтық мақсатта пайдаланылатын жабдықтарды анықтау және тәркілеу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

     27 наурыз күні киберполиция қызметкерлері Павлодар облысында интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған екі sim-box құрылғысын анықтап, тәркіледі.

     Аталған жабдықты заңсыз сақтап, пайдаланған деген күдікпен 23 жастағы азамат ұсталды. Олсі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

     Пәтерді тексеру барысында 128 және 32 слотқа арналған 2 sim-box құрылғысы, 115 SIM-карта, Wi-Fi роутерлер және 32 ұялы телефон тәркіленді.

     Анықталғандай, күдікті заңсыз әрекеті үшін Kaspi-дегі жеке шотына 100 мың теңге көлемінде сыйақы алған.

     Қазіргі уақытта ұқсас фактілерді анықтау және ұсталған азаматтың интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатыстылығын тексеру мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Криминалдық полиция
31 марта 2026
ШҚО-да ауыл тұрғындарынан заңсыз қару жиынтығы тәркіленді

     Шығыс Қазақстан облысында жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында полиция қызметкерлері Глубокое ауданында қаруды заңсыз сақтауға байланысты заңнаманың өрескел бұзылу фактілерін анықтады.

     Тексеру барысында екі жергілікті тұрғынның заң талаптарын саналы түрде елемей, үйлерінде тіркелмеген қару сақтағандары белгілі болды.

     Тәртіп бұзушылардың бірінен "Стражник" ұңғысыз тапаншасы мен оған арналған 10 патрон табылды. Екінші тұрғын бұдан да ірі арсенал сақтаған: одан "Стражник" тапаншасы, "ТОЗ-63" тегіс ұңғылы мылтығы және "МР-654К"мпневматикалық тапаншасын тапқан.

     Сонымен қатар иелерінің ешқайсысы заңнамада қарастырылған рұқсат құжаттарын ұсына алмаған. Бұл қару айналымының белгіленген нормалары мен ережелерін тікелей бұзу болып табылады.

     Барлық қару-жарақ жиынтықтары тәркіленіп алынды.

     Аталған тұлғаларға қатысты процестік ықпал ету шаралары қабылданып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

     Полиция қаруды заңсыз сақтау — жай ғана ресмилік емес, жауапкершілікке әкеп соқтыратын саналы түрдегі заң бұзушылық екенін ескертеді. Қандай түрі болса да, рұқсатсыз сақталған кез келген қару қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіреді және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес
31 марта 2026
ІІМ Қарағанды облысында бір топ адамның қылмыстық әрекетінің жолын кесті

     Ішкі істер органдары елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін құқыққа қарсы әрекеттерді анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

     Қарағанды облысында полиция өңірдегі криминогендік ахуалға кері әсер еткен топтың қызметін тоқтатуға бағытталған жедел-тергеу іс-шараларының кешенін жүргізді.

- Жедел әзірлеме барысында топ мүшелерінің бірі спорт саласындағы беделін пайдаланып, спортты қолдау және дамыту деген сылтаумен жастарды ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға тартқаны анықталды. Ұрлық, бопсалау, алаяқтық және тонау фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғалды.

Қабылданған шаралар мен жедел әрекеттер нәтижесінде 20 адам ұсталды. 47 санкцияланған тінту жүргізіліп, заңсыз айналымнан атыс және суық қарулар, оқ-дәрілер, автокөліктер, ірі көлемде ақша, оның ішінде шетел валютасы, сондай-ақ қылмыстық істер үшін маңызы бар өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Топтың заңсыз әрекеті өздерінің қылмыстық ықпалын кеңейтуге, соның ішінде жастарды тартуға және зорлық-зомбылық қылмыстарын жасауға бағытталған. Ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар жоғы тексерілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл
31 марта 2026
Астанада 20 млн теңгеге алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

     Астана қаласында ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша 39 жастағы ер адам ұсталды.

     Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті жәбірленушінің сеніміне кіріп, Toyota Land Cruiser автокөлігін сатып алып беретінін сылтау еткен.

     Алайда ол алған міндеттемесін орындамай, алдау жолымен жәбірленушіден 20 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты заңсыз иемденген.

     Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.

     Полиция азаматтарды сақ болуға, автокөлік сатып алу-сату барысында күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға және ірі қаржылық мәмілелерді тек ресми, заңды жолмен рәсімдеуге шақырады. Егер сіз немесе жақындарыңыз алаяқтық әрекеттердің құрбаны болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.

Әкімшілік полиция
31 марта 2026
Павлодарда "Қауіпсіз үй" іс-шарасы аясында профилактикалық жұмыс жүргізілді

     "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Иван Харченко Павлодар облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, бұған дейін тұрмыстық сипаттағы шақыртулар жиі түскен мекенжайлар бойынша профилактикалық жұмыс жүргізді.

     Іс-шара барысында қоғамдық тәртіп бұзушылықтар мен тұрмыстық жанжалдар тіркелген "проблемалық" пәтерлер тексерілді. Тұрғындармен заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік және қоғамға жат мінез-құлықтың жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

     Қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды анықтауға ерекше назар аударылды.   

     Мұндай іс-шаралар тұрмыстық құқық бұзушылықтар деңгейін төмендетуге және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл
30 марта 2026
СҚО-да полиция қызметкері 13 млн теңгеге жасалмақ болған алаяқтықтың алдын алды

     Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша аудан орталығының 40 жастағы тұрғыны алаяқтарға сеніп 13 млн теңге көлемінде несие рәсімдемек болған. Өтінімдер бірден бес банкке жолданған.

     Тайынша көшелерінде жаяу патрульде жүрген аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Еламан Ермековке ауыл тұрғыны хабарласып, анасына байланыса алмай жатқанын жеткізген. Еламан дабылға жедел әрекет етіп, көрсетілген мекенжайды тексерді.

     Белгілі болғандай, 40 жастағы әйел таңертеңнен бастап интернет-алаяқтармен телефон арқылы сөйлескен. Олар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, оның атына біреулер несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтқан. Одан кейін құқық қорғау органдарының жалған қызметкерлері хабарласқан. Алаяқтардың қысымымен әйел банк қосымшаларын жүктеп, "айна несиелер" рәсімдей бастаған. Бұл — өзге өтінімдердің күшін жоюға көмектеседі деген сылтаумен қолданылатын кең таралған тәсіл. Кейін олар "резервтік шотты" көрсетіп, қаражатты сол жерге аударуды ұсынады, содан кейін ақша шетелге шығарылып кетеді.

     Әдеттегідей, алаяқтар болған жайтты ешкімге айтпауын талап еткен. Алайда бұл жолы құпиялылық олардың жоспарын бұзды. Полиция қызметкері Еламан Ермеков әйелге оның алаяқтардың құрбаны болғанын түсіндіріп, оның келісімімен eGov mobile қосымшасы арқылы несиелерден ерікті түрде бас тартуға көмектесті, сондай-ақ барлық банктердің "жедел желілеріне" хабарласты. Нәтижесінде жалпы сомасы 13 миллион теңге болатын несиелердің рәсімделуі тоқтатылды.

     Полицейлер ескертеді: банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді немесе қаржылық операциялар жүргізуді талап етпейді. Мұндай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеру қажет.

Әкімшілік полиция
30 марта 2026
Алматыда балаларды қорғау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда

     Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов мәлімдеді.

     Қалада 2026–2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы іске асырылуда. Аталған құжат аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға, интернет кеңістігінде қорғауға және өскелең ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған 150-ден астам іс-шара қамтылған.

– Бұл – жай ғана бастама емес, балалардың болашағы үшін тікелей жауапкершілігіміз. Әрбір бала өзін барлық жерде – үйде, мектепте, көшеде және цифрлық ортада қауіпсіз сезінуі тиіс. Біз жасөспірім кезеңде тұлғалық құндылықтар мен мінез-құлық үлгілері қалыптасатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан профилактика мен тәуекелдерді ерте анықтауға ерекше мән беріп отырмыз, – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.

     Полиция мәліметінше, жұмыс кешенді түрде жүргізілуде. Оқушылар мен ата-аналармен тұрақты кездесулер өткізіліп, жастарды спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық қызметке тарту бағдарламалары жүзеге асырылуда.

     Сонымен қатар тәуекел тобына жататын жасөспірімдерге атаулы көмек көрсетіледі.

     Маңызды бағыттардың бірі – "Жас сақшы" полиция сыныптарын дамыту. Бұл жоба ІІМ бастамасымен қолға алынған. Бүгінде Алматыда осындай 15 сынып жұмыс істейді. Онда оқушылар жалпы біліммен қатар құқық негіздерін, тәртіп пен жауапкершілік қағидаларын меңгереді.

     Бұдан бөлек, әрбір мектепке полиция қызметкерлері бекітіліп, білім беру ұйымдарының әкімшілігімен жедел өзара іс-қимыл жолға қойылған. Ықтимал қауіптерге жедел әрекет ету үшін ортақ байланыс арналары құрылған.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – полиция, мектеп, ата-ана және қоғамның бірлескен жұмысы. Тек күш біріктіру арқылы ғана тұрақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бұл ретте басты рөл отбасыға тиесілі. Ата-аналар баланың өміріне белсенді араласып, сенімді қарым-қатынас орнатып, дұрыс өмірлік бағдар қалыптастыруы қажет, – деді Айдын Кабдулдинов.

     Полиция өкілдері атап өткендей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның болашағына тікелей әсер ететін ұзақ мерзімді әрі басым міндет.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
30 марта 2026
Павлодар облысында 53 келіден астам есірткі жойылды

     Павлодар облысында қылмыстық істер аясында тәркіленген есірткі құралдары мен прекурсорлар жойылды. Бұл шаралар соттардың тиісті істер бойынша соңғы шешімдері шыққаннан кейін жүзеге асырылды.

     Полиция қызметкерлері прокуратура өкілдерімен бірлесіп, бұрын заттай дәлелдеме ретінде танылған тыйым салынған заттарды толықтай жою жұмыстарын жүргізді. Жою рәсімінің алдында барлық заттай дәлелдемелер міндетті түрде тексеруден өтті. Олардың қатарында мөрленген қораптар мен конверттердегі есірткі заттары, оларды дайындау мен тұтынуға арналған құралдар, химиялық құрамдар және тыйым салынған заттарды өндіруге арналған прекурсорлар болды.

— Аталған заттардың барлығы жедел-іздестіру іс-шаралары, жеке тінту мен тінту барысында, сондай-ақ есірткі зертханаларын жою кезінде тәркіленген. Барлық деректер бойынша қылмыстық істер сотта қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Жалпы 12 қылмыстық іс аясында өсімдік және синтетикалық текті есірткі құралдарының 51 нысаны жойылды. Олардың барлығы қажетті сараптамалардан өтті. Жою жұмыстары сот шешімдері мен тергеу органдары актілерінің негізінде қатаң түрде жүргізілді, - деді Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Арсен Айғазин.

     Полиция облыс тұрғындарын есірткінің заңсыз айналымы фактілері туралы "102" нөміріне хабарлауға шақырады. Есірткі притондары, заңсыз сату орындары немесе бұл әрекетке өзге тұлғаларды, әсіресе кәмелетке толмағандарды тартатын адамдар туралы ақпарат адам өмірін сақтап қалуға ықпал етуі мүмкін.

     Естеріңізде болсын: есірткіге байланысты қылмыстар үшін заңнамада қатаң жаза көзделген — өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін.

30 марта 2026
Қарағанды облысында қызмет бабында қаза тапқан полицейді еске алуға арналған турнир өтті

     Теміртау қаласында полиция майоры Ерлан Нұрғалиевті еске алуға арналған ІІМ ардагерлері арасындағы дәстүрлі футбол турнирі өтті.

     Өткен демалыс күндері Теміртау қаласындағы спорт кешенінде полиция майоры Ерлан Нұрғалиевті еске алуға арналған дәстүрлі футбол турнирі ұйымдастырылды. Марқұм қызметтен зейнетке шыққаннан кейін "Охотзоопром" кәсіпорнында егерь болып еңбек еткен. Ол қызмет барысында қаза тапқан.

     Турнирге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ардагерлері арасынан 10 команда қатысты. Атап айтқанда ҚР ІІМ орталық аппараты, Астана қаласы, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының полиция департаменттерінің командалары бақ сынады. Сонымен қатар Теміртау қалалық полиция басқармасы мен "Охотзоопром" қызметкерлері де жарысқа қатысты.

     50 жастан асқан ардагерлер бақ сынаған жарыс тартысты өтті. Қатысушылар өзара мықты ойын көрсетіп, тәжірибе мен шеберліктің үлгісін танытты.

     Екі күнге созылған турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды ҚР ІІМ командасы иеленді. Екінші орын Павлодар облысы полиция департаментіне бұйырса, үшінші орынды Жамбыл облысының командасы алды.

     Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, қатысушыларға алғыс білдірілді.

Әкімшілік полиция
30 марта 2026
ІІМ “Мигрант” жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды

     Қоғамдық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында республика көлемінде “Мигрант” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

     Іс-шара барысында шетел азаматтары жасаған көші-қон заңнамасына қатысты 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Атап айтсақ:

  • 4,1 мың шетел азаматы елде болу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
  • 2,7 мың шетел азаматы заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін жауапкершілікке тартылды;
  • 2,2 мың қазақстандық пен заңды тұлға шетелдіктер туралы полицияны уақытылы хабардар етпегені үшін жауапкершілікке тартылды;
  • 500-ден астам жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

     Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 200 млн теңгеден асты.

     Көші-қон заңнамасын бұзған не Қазақстан Республикасында болу үшін негіздері жойылған 1,5 мың шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылды.

     Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы 1,2 мың сот шешімі шығарылды. 121 шетел азаматы мәжбүрлі түрде елден шығарылды, оның ішінде 8-і деструктивті-радикалды ағым өкілдері.

     Елден шығарылған барлық шетел азаматына Қазақстан Республикасына 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. 24 қылмыстық іс қозғалды:

     — 9 қылмыстық іс – мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша;

     — 9 қылмыстық іс – заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша;

     — 6 қылмыстық іс – шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу бойынша.

     Жасалған құқық бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, көп жағдайда шетел азаматтарының елде болу қағидаларын бұзуына Қазақстан азаматтарының өздері ықпал етеді, негізгі себеп – заңсыз әрі жылдам пайда табуға ұмтылу.

     Мәселен, Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу деректері анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 395-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

     Осылайша, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартатын заңды тұлғалар құқықтық жауапкершілікпен қатар, беделдік тәуекелдерге де ұшырайды, атап айтқанда серіктестер, инвесторлар, банктер тарапынан сенімнің төмендеуі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағымсыз пікірлер және өзге де салдарлар.

     Сонымен қатар өңірлердің бірінде Қазақстан Республикасының азаматы жалған құжаттар арқылы шетел азаматтарын заңдастырған. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

     Іс-шара барысында іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды.

     Атап айтқанда, Алматы қаласында, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарында көрші мемлекеттер іздестірген, әртүрлі қылмыстар жасаған шетел азаматтары ұсталды.

     Құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасының бұзылуын алдын алу және анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда.

     Негізгі ұстаным — заң бәріне ортақ, оны сақтау міндет.

Социальные сети
Twitter
Instagram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты