
Астанада Орталық Азия елдерінің Интерпол ұлттық орталық бюролары басшыларының кеңесі өтті.
Халықаралық кездесуге Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның делегациялары, сондай-ақ Интерполдың Бас хатшылығының өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, халықаралық іздестіру, киберқауіптер мен қаржылық қылмыстарға қарсы күрес, ақпарат алмасу және Интерполдың құралдары мен дерекқорларын тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
Кеңестің Астанада өткізілуі Қазақстанның халықаралық және өңірлік полиция ынтымақтастығын дамытудағы белсенді рөлін айқындайды.
Кездесу аясында қазақстандық тарап Интерпол мүмкіндіктерін пайдалану бойынша тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар қатысушылар Орталық Азия бойынша өңірлік іс-қимыл жоспарын талқылады. Құжат құқық қорғау органдарының жұмысын үйлестіруді одан әрі нығайтуға және заманауи трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күресте күш-жігерді біріктіруге бағытталған.
ІІМ профилактикалық "Қауіпсіз үй" іс-шарасын жалғастыруда. Оның мақсаты - құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және балаларды қорғау.
- Құрметті азаматтар! Елімізде "Қауіпсіз үй" профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Біз бұл шараны әрбір азамат өз үйінде, ауласында және көшеде өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін өткізіп жатырмыз. Алғашқы төрт күнде 46 мыңнан астам тұрғын үй нысаны және профилактикалық есепте тұрған 35 мыңнан астам адам тексерілді. Нәтижесінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрып жатқан төрт мыңға жуық адам анықталды, үш мың заң бұзушылықтың жолы кесілді.
Біз үшін балалардың қауіпсіздігі өте маңызды. Іс-шара барысында 800-ге жуық жасөспірімге көмек көрсетіліп, олардың 127-ін бейімдеу орталықтарына орналастырдық. Павлодар облысында полиция қызметкерлері қараусыз қалған төрт баланы анықтады. Мұндай жағдайда біздің басты мақсатымыз - жазалау емес, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау.
Сонымен қатар 11 мыңнан астам қару иесі тексеріліп, тіркелмеген 20 атыс қаруы тәркіленді. Азаматтармен екі мыңға жуық кездесу өткізілді, 580-ге жуық өтініш түсті. Олардың әрқайсысы міндетті түрде қаралатын болады.
Егер қандай да бір заң бұзушылықтың куәсі болсаңыз немесе қараусыз қалған балаларды байқасаңыз, 102 нөміріне хабарласыңыз. Сіздің бір қоңырауыңыздың өзі келеңсіз жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Қауіпсіздік - баршамызға ортақ міндет. Заң мен Тәртіп әрқайсымыздан басталады! - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаев.
Жетісу облысы Көксу ауданындағы Жамбыл орта мектебінің "Жас сақшы" кадеттеріне полиция қызметі мен өңірдің құқық қорғау жүйесінің тарихын таныстыру мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Алдымен оқушылар кинологиялық қызмет орталығына барып, полиция кинологтары мен олардың төрт аяқты серіктерінің жұмысымен танысты. Одан кейін жедел басқару орталығында бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктері мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі заманауи технологиялардың рөлі туралы мәлімет алды.
Экскурсияның соңғы кезеңінде кадеттер Әбдіқадыр Болсамбеков атындағы Жетісу облысы полиция департаментінің музейін аралады. Музей меңгерушісі, генералдың қызы Мадина Болсамбекова оқушыларға өңір полициясының тарихы, ержүрек қызметкерлер мен бүгінгі тәртіп сақшылары туралы әңгімелеп берді. Балалар музейдегі марапаттармен, салтанатты қызметтік киім үлгілерімен және бірегей мұрағат материалдарымен танысты.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл орта мектебінде Көксу ауданындағы алғашқы "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылып, оған 7-сыныптың 18 оқушысы қабылданған болатын.
Жобаның басты мақсаты — жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, тәртіп, жауапкершілік және заңға құрмет сезімін қалыптастыру.
Мұндай кездесулер оқушылардың полиция мамандығына деген қызығушылығын арттырып, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
Түркістан облысында айыппұлдан жалтармақ болған жүргізуші 5 тәулікке қамалып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Түркістан облысында айыппұлдан жалтару мақсатында көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін шүберекпен әдейі жауып алған жүргізуші жауапқа тартылды. Құқық бұзушылық Шымкент – Самара тасжолында тіркеліп, оны жедел басқару орталығының қызметкерлері анықтады.
Toyota автокөлігімен Сарыағаштан Түркістанға қарай келе жатқан жүргізушінің Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны екені анықталды.
Жинақталған материалдар сотқа жолданып, жүргізуші кінәлі деп танылды. Сот шешімімен ол бір жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сонымен қатар оның жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін алты рет бұзғаны белгілі болды.
Түркістан облысында полицейлер заманауи бақылау жүйелері арқылы жолдағы құқық бұзушылықтарды анықтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Петропавлда 73 жастағы зейнеткерге өзін "Қазақтелеком" қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, қызмет көрсету шартының мерзімі аяқталуға жақын екенін айтқан. Ол шартты үйден шықпай-ақ ұзартуға болатынын түсіндіріп, SMS арқылы келген кодты айтып, телефонмен шарттарға келісетінін растауды сұраған.
Келесі күні алаяқтар алдаудың екінші кезеңіне көшті. Олар осы әрекеттерден кейін әйелдің атына 5 миллион теңге несие рәсімделгенін айтып, жағдайды түзету үшін депозиттегі барлық жинағын шешіп алып, "қауіпсіз шотқа" аудару қажет екеніне сендірген.
Алаяқтар зейнеткерді банкке апару үшін таксиді өздері шақырған. Көлік тізгінінде отырған жеке кәсіпкер Виктор Тимофеев бір күн бұрын әлеуметтік желілерден интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы материалдарды көрген еді. Телефон арқылы біреудің үздіксіз нұсқау беруімен келе жатқан жолаушының алаяқтардың арбауына түскенін ол бірден аңғарды.
Алғашында әйел оның сөзіне құлақ аспаған. Қылмыскерлер оған біреу тоқтатуға тырысса, сенбеу керектігін, "бәрі бір мафия" екенін айтып, алдын ала ескерткен. Банкке келген соң Виктор менеджерге ықтимал алаяқтық туралы хабарлап, "102" нөміріне қоңырау шалды. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер зейнеткерге оның кең таралған алаяқтық схемасының құрбаны бола жаздағанын түсіндірді.
Нәтижесінде зейнеткердің 2 миллион теңгеден астам ақшасы сақталды. Полицейлер ықтимал шығын мұнымен шектелмеуі мүмкін екенін атап өтті. Әдетте алаяқтар адамдарды әртүрлі банктерден несие рәсімдеуге көндіреді. Мұндай жағдайда келтірілетін шығын 20 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда интернет-алаяқтықтың 404 дерегі тіркелді. Былтыр осы кезеңде 589 дерек болған. Қылмыс санының азаюы кешенді профилактикалық жұмыстың нәтижесі. Тәртіп сақшылары тұрғындарды қырағылық танытуға, бейжай қалмауға және егде жастағы туыстары мен таныстарына алаяқтардың алдау тәсілдерін түсіндіруге шақырады. Киберқылмысқа қарсы сенімді тосқауыл қою үшін полиция мен қоғам бірлесе әрекет етуі қажет.
Семей қаласындағы №53 мектепте жас ұрпақтың жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған танымдық-профилактикалық сабақ өтті. Балалардың құқықтарын қорғау ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шараға 200-ге жуық оқушы қатысты.
Кездесу барысында оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілердің міндеттері, бағдаршам белгілеріне бағыну және жолдан өту кезінде мұқият болу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар балаларға жол үстіндегі әрбір әрекеттің қауіпсіздікке тікелей әсер ететіні және жол ережелерін сақтаудың жеке жауапкершілік екені айтылды.
Іс-шараның ерекшелігі – оқушылардың полиция қызметкерімен ашық диалог құрып, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жол жағдайларын талқылауында.
Сұхбат барысында оқушы полиция қызметкерінен жаяу жүргіншілер бағдаршамының жасыл түсі жанған кезде жолдан өту тәртібі туралы сұрады. Полиция қызметкері жасыл түс жолдан өтуге рұқсат беретінін, алайда алдымен жолдың екі жағына қарап, көліктердің тоқтағанына көз жеткізу қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар оқушы жол ережелерін білу ғана емес, оларды үнемі сақтау маңызды екенін атап өтті. Полиция қызметкері бұл пікірмен келісіп, жол қауіпсіздігі баршаға ортақ жауапкершілік екенін және әрбір дұрыс шешім адам өмірін сақтауға ықпал ететінін жеткізді.
Осындай мазмұнды кездесулер балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында тәртіп, сақтық және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жол қауіпсіздігі мәдениеті бала кезден басталады. Ережені білу – алғашқы қадам, ал оны күнделікті өмірде бұлжытпай сақтау – қауіпсіз болашақтың кепілі.
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында полиция қызметкері алаяқтардың арбауына түскен 59 жастағы әйелді дер кезінде тоқтатып, 5 млн теңгесінен айырылып қалуына жол бермеді. Оқиға кезінде полицей қызметтен тыс уақытта жүрген.
Полиция қызметкері Шерхан Қалтұрсын банк терминалының алдында күмәнді қаржылық операция жасап жатқан әйелді байқап, мән-жайды анықтауға кіріскен.
Белгілі болғандай, алаяқтар әйелге телефон соғып, туыстарына пошта арқылы сыйлық келгенін айтқан. Кейін оның сеніміне кіріп, телефонына келген кодты сұраған. Осыдан соң әйелдің атына 5 млн теңге несие рәсімдеп, ақшаны өздеріне аудартуға әрекет жасаған.
Алаяқтардың сөзіне сенген әйел олардың айтқанын орындау үшін банкке барған. Алайда жағдайды аңғарған Шерхан Қалтұрсын оған алаяқтардың арбауына түскенін түсіндіріп, қаржылық операцияны тоқтатуға көмектескен.
Осылайша 5 млн теңге алаяқтардың қолына түспей, әйел ірі қаржылық шығыннан аман қалды.
Бұл оқиға полиция қызметкерінің қызметтен тыс уақытта да қырағылық танытып, азаматтың қауіпсіздігі үшін дер кезінде әрекет еткенін көрсетті.
Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі "Қауіпсіздік үздігі" тақырыбында жетінші облыстық жоба басталды. Бұл — "Қазцинк" ЖШС, Білім басқармасы және ШҚО полиция департаментінің бірлескен бастамасы. Биыл бұл жоба Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянск қалаларының 6 мыңнан астам оқушысын қамтиды.
2026 жыл "Заң және тәртіп — қауіпсіз балалық шақ кепілі" ұранымен өтіп жатыр. Осыған орай кәмелетке толмағандарды қорғауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және балалар арасындағы жол-көлік жарақаттануының ескерту жұмыстарына ерекше назар аударылды.
Оқушыларға арнайы жадынамалар мен жарық қайтаратын білезіктер дайындалды. Жадынамаларда көшеде және көлікте өзін қалай ұстау керектігі, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау және интернетті қауіпсіз пайдалану жөнінде қарапайым кеңестер жинақталған. Сондай-ақ балалар ата-аналарымен бірге үйден мектепке дейінгі қауіпсіз жол бағытын анықтап, сызып шыға алады.
Жобаның алғашқы қатысушылары Өскемен қаласындағы №30 мектептің оқушылары атанды. Қоғамдық қауіпсіздік, ювеналдық және патрульдік полиция бөлімшелерінің қызметкерлері балаларға арнап "қауіпсіздік сәтін" өткізді: жол жүру ережелерін еске салып, ықтимал қауіпті жағдайларды талқылады және көмек сұрайтын орындарды түсіндірді.
Мұндай кездесулер балаларға тек ережелерді жаттап қана қоймай, қиын жағдайда дұрыс әрекет етуді түсінуге көмектеседі.
Жұмыс жалғасуда — жақын арада өңірдің басқа қалаларының оқушылары да жадынамалар мен жарқырайтын білезіктерді алады.
Павлодар облысының жолдарында жыл басынан бері "Кибер-шериф" автоматтандырылған кешендері жылдамдық режимін бұзудың 21 494 дерегін тіркеді.
Камералармен жабдықталған "Кибер-шериф" кешені жолдың үш жолағын қатар бақылап, көлік құралдарын 150 метрге дейінгі қашықтықтан анықтай алады. Жүйе көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін танып, оларды дерекқорлар арқылы автоматты түрде тексереді, құқық бұзушылықтарды тіркеп, бейнежазбаға түсіреді және инспекторға тиісті ақпарат береді.
Мәселен, Павлодар – Қызылорда тасжолында қызмет атқару кезінде автоматтандырылған жүйе арқылы Chevrolet Cobalt автокөлігі анықталып, тоқтатылды. Рөлде Павлодар облысының тұрғыны болған.
Тексеру барысында сот орындаушысының қаулысына сәйкес, көлік иесінің 100 мың теңгеден астам сомада төленбеген айыппұлы бар екені анықталды. Жүргізуші қаржылық жағдайының қиындығын алға тартып, берешегін өтемеген.
Автокөлік айыппұл толық төленгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.
Полиция азаматтарға әкімшілік айыппұлдарды белгіленген мерзімде төлеу қажеттігін еске салады. Жол қозғалысы ережелерін сақтау және заң талаптарын орындау – әрбір жүргізушінің міндеті.
Қарағандыда Республика күніне орай "Жас сақшы" сыныптарының оқушылары арасында облыстық спартакиада ұйымдастырылды. Спорттық додада облыстың 10 командасы күш сынасып, ептілік, төзімділік пен командалық рухтың үлгісін көрсетті.
Іс-шараны Қарағанды облысы полиция департаментінің арнайы жұмылдыру және даярлық басқармасы мен "Арлан" спорт клубы бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа қатысқан әр команданың құрамында 16 оқушыдан болды.
Жас сақшылар кермеге тартылу, үстел теннисі, шағын футбол және арқан тарту бойынша бақ сынады. Әр сайыста қатысушылар жеңіске деген жігерін танытып, өздерінің физикалық дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті.
Спартакиаданың ашылу салтанатында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мугманов жас сақшыларға сәттілік тілеп, спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
– Спорт – тек күш пен ептіліктің ғана емес, мінездің, тәртіп пен табандылықтың мектебі. Бүгінгі жарыста сендер жеңіске жетумен қатар, бір-біріңе қолдау көрсетуді, ортақ мақсатқа ұмтылуды және қиындыққа мойымауды үйренесіңдер. Бұл қасиеттер спортта ғана емес, күнделікті өмірде де аса маңызды. Еліміздің патриоты болу – Отанды сүюмен қатар, оның болашағына жауапкершілікпен қарау. Баршаңа сәттілік тілеймін! Жеңіс жолында жігерлерің мұқалмасын, – деді Талғат Мугманов.
Спорттық жарыспен қатар, жасөспірімдер арасында есірткінің алдын алуға бағытталған ақпараттық акция да өткізілді. Оқушыларға "Біз есірткіге қарсымыз!" деген жазуы бар футболкалар таратылып, есірткінің адам денсаулығы мен болашағына тигізетін зияны туралы ақпараттық үнпарақшалар ұсынылды.
Осылайша спорттық дода салауатты өмір салтын насихаттаумен және жастар арасында есірткіге қарсы көзқарас қалыптастырумен ұштасты.
Спартакиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жас сақшылар марапатталды. Жарыс қатысушылары үшін бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, достықты нығайтып, бірлік пен патриотизмді дәріптейтін маңызды шараға айналды.
Полиция жас ұрпақты спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және өскелең буынның бойында отансүйгіштік қасиеттерді дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.