Қостанай қаласының триатлон-паркінде есірткіге қарсы іс-шаралар айлығы және "Чемпиондық рух" жобасы аясында кең ауқымды жеңіл атлетикалық марафон өтті. Спорттық акцияға 300-ден астам адам қатысты. Қатысушылар қатарында оқушылар, студенттер, түрлі сала мамандары мен белсенді қала тұрғындары болды.
Іс-шараны Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. Марафонға "AMANAT" партиясының "Жастар рухы" жастар қанатының белсенділері де ерікті түрде атсалысты.
Жарыс алдында қатысушыларға есірткіге қарсы символикасы бар жейделер мен бас киімдер таратылды. Бұл таңдау салауатты өмір салтын саналы түрде ұстанудың белгісі ретінде ұсынылды. Жүгіру қашықтығы жас ерекшеліктеріне қарай бөлінді: 15 жасқа дейінгі балалар – 1 шақырым, ересектер – 5 шақырым қашықтықты бағындырды.
Марафонның басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу арқылы жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру және қоғамның есірткіге қарсы тұтас ұстанымын көрсету болды. Бұл – бәсекеден гөрі бірлік пен ортақ құндылықтарды насихаттауға арналған формат.
— Біздің басты мақсатымыз – жастарға есірткісіз өмірдің қозғалысқа, қуанышқа және шынайы жетістіктерге толы екенін жеткізу, – деді Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова.
"Жастар рухы" жастар қанатының төрайымы Аружан Сәрсенбаева өз сөзінде:
— Бұл марафон — қоғамға арналған үндеу. Қостанай жастары денсаулық пен дамуды таңдайды. Профилактика – әрекеттен басталады, – деп атап өтті.
Марафон аясындағы бастамалар жастарды денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға, салауатты өмір салтын таңдауға және қоғамдағы оң өзгерістерге үлес қосуға шақырудың айқын мысалы болды. Іс-шара өңірдегі есірткіге қарсы айлық шеңберіндегі көптеген мәдени, спорттық және білім беру жобаларының маңызды бөлігіне айналды.
Жезқазған қалалық полиция басқармасының ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы Азат Есенғабылов батылдық пен кәсібиліктің жарқын үлгісін көрсетті. Ол дер кезінде әрекет етіп, ес-түссіз қалған жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалды.
Оқиға қалалық бағыттағы автобустардың бірінде болған. Кезекшілік барысында аялдама маңында жүрген полиция қызметкері кенеттен автобус ішінен көмек сұраған әйелдің дауысын естіп, дереу әрекет етеді. Салонға кіргенде ол талмасы ұстап, есінен танып қалған жасөспірімді көреді. Азат Есенғабылов бір сәтке де кідірместен қыз баланы автобустан көтеріп шығарып, аялдамадағы орындыққа жатқызып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар жедел жәрдем шақырып, медициналық мамандар келгенге дейін жасөспірімге қолдау көрсетуді тоқтатпаған.
Көрсетілген шұғыл көмектің нәтижесінде 16 жастағы қыздың жағдайы тұрақталып, ол дәрігерлердің бақылауына алынды. Жасөспірімнің анасы полиция қызметкеріне шынайы алғысын білдіріп, оның бейжай қалмай, көмек қолын созғаны үшін ризашылығын жеткізді.
Азат Есенғабылов ішкі істер саласында 2014 жылдан бері қызмет етеді. Ал 2018 жылдан бастап кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор ретінде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жолында еңбек етіп келеді.
Бұл оқиға – полиция қызметкерлерінің тек құқықтық тәртіпті сақтап қана қоймай, адам өміріне бейжай қарамайтынының айқын дәлелі.
Байқоңыр қаласының орталық стадионында Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының 70 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті.
Шараға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, “Роскосмос” МК бас директоры Дмитрий Баканов, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының 70 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 31 мамырдағы Жарлығымен ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігі бастығының бірінші орынбасары Ермек Искаков қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күресте қызметтік міндетін үлгілі орындағаны үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр табыстады.
Полиция полковнигі Ермек Бердалыұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Ішкі істер органдарындағы қызметін Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының қылмысты іздестіру басқармасының жедел уәкілінен бастаған. Әр жылдары ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Сырдария аудандық полиция бөлімі, есірткі бизнесіне қарсы күрес және Қызылорда қалалық полиция басқармаларын басқарды. Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Өз қызметінде полиция полковнигі Ермек Бердалыұлы “Байқоңыр” кешенінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың ерекше құқықтық мәртебеге ие, күрделі әрі маңызды ынтымақтастық формасы ретінде дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Ішкі істер министрлігінде жыл сайын өткізілетін "Қарасора - 2025" жедел-алдын алу іс-шарасының басталуына арналған кеңес өтті.
Кеңес жұмысына Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, сондай-ақ ІІМ-нің комитеттері мен департаменттерінің, Ұлттық ұланның және аумақтық полиция бөліністерінің басшылығы қатысты. Сонымен қатар жиынға Қорғаныс министрлігінің, отандық IT-компаниялардың және Есірткі құқық бұзушылығының алдын алу жөніндегі кеңестің өкілдері қатысты.
Бұл іс-шара жыл сайын 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізіледі. Ол есірткі қылмыстарының, әсіресе есірткі құралдарын заңсыз тарату, өндіру және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған.
Іс-шараға ІІМ-нің арнайы бөліністері мен әскери қызметшілер, тікұшақтар, өтімділігі жоғары автокөліктер, қызметтік-іздестіру иттері және заманауи техникалық құралдар тартылады.
Биыл алғаш рет "Қарасора - 2025" іс-шарасы аясында құрамында есірткі бар өсімдіктердің шалғай жерлердегі ошақтарын анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық мониторинг түсірілімдері белсенді қолданылады.
Кеңес барысында Қорғаныс министрлігімен, әкімдіктермен және салалық құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау міндеттері егжей-тегжейлі талқыланды. Бұл органдар қойылған міндеттерді орындауда қолдау көрсететін болады.
Ішкі істер министрлігі барлық мүдделі құрылымдардың үйлесімді іс-әрекеттері есірткінің заңсыз айналымымен күрестің тиімділігін арттырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп сенеді.
Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінде суға батқан адамдарды құтқарған полицейлер марапатталды.
23 наурызда Жетісу облысы Ескелді ауданында орналасқан техникалық су қоймасында суға батқан адамдардың өмірін құтқару кезінде батылдық пен жанқиярлық танытқан полицейлер Төтенше жағдайлар министрлігінің тарапынан марапатқа ие болды.
Қызметтік міндеттерін адал атқарып, төтенше жағдай кезінде кәсіби шеберлік пен ерлік көрсеткендері үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің "Суға батқан адамдарды құтқарғаны үшін" медалі Жетісу облысы полиция департаменті Ескелді ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Өмірбек Сенбай мен патрульдік полиция қызметінің аға инспекторы Мұхтар Нұрмұханбетовке табысталды.
Оқиға кезінде тәртіп сақшылары өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, суға батып бара жатқан азаматтарды аман алып қалған. Олар кәсіби әрекет ету арқылы төтенше жағдайдың қайғылы аяқталуына жол бермеді.
Аталған марапат – полиция қызметкерлерінің қоғам алдындағы борышын абыроймен атқарып жүргенінің жарқын дәлелі.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері өзге мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесе отырып, Өскемен қаласында орналасқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің әкімшілік ғимаратында "Халық заңгері" атты құқықтық акция ұйымдастырды.
Акция аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіліп, өзекті мәселелер бойынша кеңес берілді. Қатысушылар интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары, жол қозғалысы қауіпсіздігі және киберқылмыстан қорғану тәсілдері жөнінде құнды ақпарат алды.
Мұндай іс-шаралар халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Жергілікті халықпен тығыз байланыс орнату – құқық қорғау органдарының ашықтығы мен қоғамға жақын болу қағидатының жарқын көрінісі.
СҚО-да полицейлер балаларды жазғы лагерьлерге тасымалдау алдында автобустарды тексерді.
Жазғы демалыс маусымының басталуымен Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушыларын сауықтыру лагерьлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. СҚО полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы білім басқармасы өкілдерімен бірлесіп, балаларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайын тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Тексеріс барысында автобустардың техникалық жарамдылығы, "Балалар" белгісінің болуы, өрт сөндіру құралдары мен қажетті құжаттардың толықтығы назарға алынды. Сонымен қатар жүргізушілердің еңбек өтілі, денсаулық жағдайы және еңбек тәртібін сақтау мәселелері де қарастырылды. Рейд нәтижесінде автобустардың техникалық жағдайы мен жүргізушілердің біліктілігі талаптарға сәйкес екені анықталды.
Балалар топпен жолға шыққан кезде олардың автобустарын полицияның патрульдік көліктері жол бойы бірге алып жүреді. Мұндай тексерістер облыстың барлық аудандарында тұрақты түрде өткізіліп тұрады және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Полиция қызметкерлері ата-аналар мен білім беру ұйымдарын балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырады. Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз және жағымды өтуі үшін барлық мүдделі тараптардың бірлескен әрекеті маңызды.
Ішкі істер министрлігі өңірлердегі кәсіпорындарға қылмыстық топтардың ықпал етуіне жол бермеу, сондай-ақ бағалы металдарды, материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысатын топтардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тұрақты түрде кешенді шаралар қабылдауда.
14 мамырда Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүйелі түрде материалдық-техникалық құралдар мен жанар-жағармай материалдарын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстауға бағытталған арнайы операция жүргізді. Олар қорғасын-мырыш кенін өндіру және өңдеу саласындағы ірі кәсіпорыннан ұрлық жасаған.
Тергеу барысында көрсетілген кәсіпорынның бірнеше қызметкері күзетшілермен сөз байласып, бірнеше ай бойы ұрлық жасап, ұрланған заттарды заңсыз қабылдау пунктіне өткізгені анықталды.
- Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 18 адам қылмыс үстінде ұсталды. Ұрланған жанар-жағармай мен металл бұйымдары және автотехникаға арналған қосалқы бөлшектер тәркіленді.
Сондай-ақ тінту барысында тіркелмеген бес мылтық, оның ішінде кесілген және ойық ұңғылы карабин, травматикалық қару мен оқ-дәрілер тәркіленді, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
21 мамырда аталған өңірдің тұрғындарынан құралған бағалы металдардың заңсыз айналымына қатысы бар тағы бір қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.
Тінту шаралары барысында шамамен 17 тонна мыс концентраты, кенді қайта өңдеуге арналған жабдықтар, әртүрлі құжаттар мен ақша алынды.
- Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар басқа да қылмыстарға қатыстылығы бойынша тексерілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деді Қуандық Алпыс.
Ішкі істер министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында 2025-2030 жылдарға арналған "Заң және Тәртіп" мемлекеттік тұжырымдамасын іске асырудың негізгі аспектілері талқыланды. Іс-шараға азаматтық қоғам өкілдері мен ведомство қызметкерлері қатысты.
Тұжырымдама құқықтық мәдениет қалыптастыруға және құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға бағытталған. Отырыста құқықтық қоғам құрудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері қаралды.
Айта кету керек, Ішкі істер министрі Ержан Саденов 2025 жылды "Профилактика жылы: полиция Заң мен Тәртіп күзетінде" деп жариялады. Осы бағытта құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметін цифрландыру, қауіпсіз орта құру және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Алайда қойылған міндеттерді толыққанды іске асыру үшін отырыс барысында ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшелері атап өткен негізгі бағыттарды нығайту қажет. Атап айтқанда, ІІО материалдық-техникалық базасын күшейту. Заманауи технологиялар полицияға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Ведомстволық білім стратегиялық ресурс ретінде қарастырылуы тиіс. Оған жастарды тартып, білім беру бағдарламаларын заман талабына сай бейімдеу, сондай-ақ сапалы практикалық дайындық үшін жағдай жасау - құзыретті және ынталы қызметкерлердің жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды қадамдар.
Полиция мен қоғам арасындағы байланысты дамытуға ерекше назар аудару. Медиа және цифрлық арна алаңдарын кеңейту, ашық диалог құру азаматтардың сенімін арттыруға ықпал етеді, полиция қызметі туралы хабардарлықты арттырады және жұртшылықты қауіпсіз қоғам қалыптастыру процесіне тартады.
Астанада Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы реадмиссия туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Құжат Италия Министрлер кеңесінің төрайымы Джорджа Мелонидің ресми сапары және оның Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі аясында жасалды.
Келісім екі елдің азаматтары болу шарттарын бұзған жағдайда оларды отанына қайтару рәсімін жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталған. Атап айтқанда:
Құжатты іске асыруға Қазақстан мен Италияның ішкі істер министрліктері жауапты болады.
Осы Келісімді дайындау туралы уағдаластыққа Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы қаңтардағы Италияға ресми сапары барысында қол жеткізілді.
Қазақстанда осындай уағдаластықтар 21 мемлекетпен жасалған. Жаңа құжат азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша құралына айналып, екі ел арасындағы сенімнің жоғары деңгейін растайтын болады.