Ішкі істер министрлігінде Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша Бас хатшысының арнайы өкілі Роза Отунбаевамен және БҰҰ-ның Ауғанстандағы, Орталық Азиядағы, Ирандағы және Пәкістандағы Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) өңірлік өкілі Оливер Штолпемен кездесуі өтті.
Тараптар қолданыстағы бірлескен бастамаларды іске асыру қорытындыларын шығарып, одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, пенитенциарлық жүйені дамыту және құқық қорғау органдарының әлеуетін нығайту басты назарда.
Кездесу қорытындысы бойынша серіктестікті кеңейтіп, жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселесі қаралды.
Панфилов ауданына қарасты Атамекен ауылында автокөліктерді заңсыз иемденуге байланысты ірі алаяқтық дерегі анықталды. 33 және 34 жастағы екі ер адам алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы 13 автокөлікті иемденіп, жалпы сомасы 314 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Алаяқтардың алғашқы құрбаны – Қытай азаматы болған. Олар бұл азаматқа автокөліктерін Грузияға жеткізіп береміз деп уәде беріп, нәтижесінде алты көлігін алып кеткен: Jetour (үш автокөлік), Mercedes C260, Mercedes C260L және Mercedes GLC 260L. Кейін бұл көліктер Шымкент пен Жамбыл облысына жеткізіліп, таныстарына сатылған.
Алаяқтар мұнымен тоқтамаған. Келесі құрбан – көлік тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер болған. Беларусь Республикасына көлік жеткізу үшін автокөлік тасымалдайтын көлігі бар жүргізуші іздеген кәсіпкер алаяқтармен танысып қалған. Бұл жолы олар жеті көлікті иемденген: Range Rover, Mini Cooper SE, Li 7 (үш автокөлік) және екі Li 9 (2 автокөлік).
Қытайлық бес көлік Жамбыл облысына жеткізіліп, алаяқтардың ортақ танысына сатылса, қалған Range Rover мен Mini Cooper SE Алматыда арзан бағамен өткізілген.
Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктілер қамауға алынды.
Алаяқтардың алғашқы құрбанына айналған Қытай азаматы қылмысты жедел ашқаны үшін полиция қызметкерлеріне және Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығына шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының жедел әрі кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында күдіктілер қысқа мерзімде анықталып, әділдік орнауына мүмкіндік туды.
Алматы қаласының полицейлері интернет-алаяқтықпен байланысты жасырын сызбаны анықтап, оның жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды үшінші тұлғаларға тапсыру үшін пайдаланылған SIM-карталар мен мобильді құрылғыларды жаппай сатып алған әйелді ұстады.
Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, бұл схемалар алаяқтардың анонимді әрекет етуіне мүмкіндік берген. Олар өзін мемлекеттік орган немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған. Ұсталған әйел "жеңіл табыс" туралы хабарламаға жауап беріп, сыйақы үшін жүздеген абоненттік нөмірлерді өз атына рәсімдегенін мойындады.
Дәл осы нөмірлер арқылы бірнеше қылмыстық істерге қатысы бар қоңыраулар жасалғаны анықталды.
- SIM-карталар, пошталар, банк және мессенджер аккаунттарымен байланысты кез келген "үйден жұмыс" ұсынатын хабарламалар – бұл жоғары қауіптілік белгісі. Адам мұндай әрекеттер арқылы өз еркінен тыс қылмыстық әрекетке араласып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарап, артында қандай мақсат тұрғанын терең ойлаған жөн, – деді Алматы қалалық ПД киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Қазіргі таңда полиция мұндай заңсыз схемаларды анықтау мен жою бағытында жұмыстарын жалғастыруда. Тәртіп сақшылары азаматтарды интернеттегі күмәнді әрекеттер туралы бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Сапар барысында ІІМ басшысы облыстың ІІО жеке құрамының дайындығын тексеріп, қызметтік инфрақұрылым объектілерін қарап, әріптестерімен кеңес өткізді.
Атап айтқанда, Ержан Саденов облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен бірге полиция департаменті госпиталінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін медициналық қамтамасыз ету жұмысын жаңғырту ісімен танысты.
Сонымен қатар ведомство басшысы аудандық полиция бөлімдері, департаменттің өзге де бөліністері мен қызметтері үшін жаңа ғимараттар салу сияқты қызметтік инфрақұрылымды дамыту жобаларымен танысты.
Облыс әкімінің, аумақтық және желілік полиция бөліністерінің, қылмыстық-атқару жүйесі мен Ұлттық ұланның басшы және жеке құрамының қатысуымен өткен жедел кеңесте министр құқық бұзушылықтардың алдын алу және халық тарапынан сенімді арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды.
- Бізден Заң мен Тәртіпті ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманы іске асыруда нақты іс-қимыл мен жауапкершілік талап етіледі. Алдын алу, жедел жұмыс, халықпен өзара іс-қимыл - бәрі де тиісті деңгейде болуы керек, - деп атап өтті Ержан Саденов.
Министр облыстық департамент басшылығының қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамаларын тыңдады.
Қостанай қаласындағы №115 орта мектепте маңызды іс-шара өтті. Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полицей, батыр - Дархан Базарбаевты еске алуға арналған “Жас сақшы” атты патриоттық кабинет ашылды.
Бұл Қостанай қалалық полиция басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев, Дарханның әкесі Серік Қалиев, мектеп оқушылары, ұстаздар және жас полицейлер қозғалысының өкілдері қатысты.
— Дархан — бәрімізге үлгі. Ол нағыз полицей болатын, соңына дейін антына адал болды, — деп атап өтті Қанат Меңдібаев өз сөзінде.
Ол марқұм қызметкердің кәсіби шеберлігімен қатар, оның асыл адамгершілік қасиеттерін, ерлігі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Кабинетті ашудағы негізгі мақсат — жас ұрпақтың патриоттық рухын тәрбиелеу, полицей мамандығына деген құрметті арттыру және азаматтық сана қалыптастыру. Іс-шара барысында Дархан Базарбаевтың өмірі мен қызметі туралы бейнематериалдар көрсетілді. Бұл іс-шаралар залда отырған бірде-бір адамды бей-жай қалдырмады. Көрсетілімдер — нағыз қорғаушы, абыройлы азамат болудың маңызын еске салатын жарқын мысал болды.
Іс-шараның ерекше сәті — “Жас сақшы” қатарына жиырма жаңа мүшенің қосылуы болды. Салтанатты түрде оқушылар ант беріп, қозғалысқа мүшелігін растайтын куәліктерін алды. Бұл олардың көшбасшылық және азаматтық қасиеттерін дамыту жолындағы алғашқы қадамдарының бірі.
Қостанай қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Асет Құлмағанбетов оқушыларға арнап былай деді: “Сіздер — өз сыныптарыңыздың, мектебіңіздің бет-бейнесісіздер. "Жас сақшы" болу — үлгі болу, тірек болу, адал және жауапты болу деген сөз”. Ол балаларға отрядтың ар-намысын сақтап, жақсы қасиеттерді арттыруды тіледі.
Дарханның сынып жетекшісі Анар Мағзұмқызы да іс-шарада сөз сөйледі. Ол бұрынғы шәкірті туралы естеліктерімен бөлісті.
— Дархан ерекше жан болды. Жауапты, мейірімді, алға мақсат қойған — ол сол кездің өзінде-ақ болашақ батыры болатынын көрсеткен еді, — деді ол көз жасына ерік беріп.
6-сынып оқушысы Гүлнұр Жеңісбекқызы жаңадан қабылданғандардың бірі ретінде барлық сынып атынан сөз сөйледі: “Бұл — біз үшін үлкен мәртебе. Біз “Жас сақшы” атын абыроймен алып жүруге уәде береміз. Дархан ағаның есімін лайықты құрметтеп, биік ұстауға тырысамыз”.
“Жас сақшы” кабинетінің ашылуы — жай ғана мектеп ішіндегі іс-шара емес, бұл — алғыс білдіру, құрмет көрсету және елге қызмет етуді өмірінің мағынасы еткен адамның жарқын бейнесін мәңгі есте сақтау болды. Бұл оқиға оқушылардың жүрегінде нағыз ерлік пен азаматтық жауапкершілік туралы естелік болып қалмақ.
Ішкі істер министрлігінің ғимаратында қозғалыстың жас инспекторларымен ерекше кездесу өтті. Оқушылар өздерінің саптық дайындықтарын паш етіп, құқықтық мәдениетті насихаттаудағы белсенділіктерін көрсетті.
Шара барысында жас инспекторлардың саптық жүрісін ведомствоның әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев тамашалады. Ол балаларға жоғары баға беріп, болашақта еліміздің құқық қорғау саласына үлес қосатын жастардың өсіп келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
— Сіздер қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келесіздер. Әрқайсыңыздың бойыңыздағы жауапкершілік — біздің ортақ қауіпсіздігіміздің кепілі. Ақ жол тілеймін! – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Бұл кездесудің мақсаты — жасөспірімдер арасында құқықтық сана мен тәртіп дағдыларын дамыту, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен тығыз байланысты нығайту.
Айта кету керек, елімізде 5 мыңға жуық қозғалыстың жас инспекторларының отряды бар. Онда 70 мыңға жуық бала жол жүрісі қағидаларын жетік меңгереді.
Ақтөбе қаласындағы №65 орта мектептің “Жас сақшы” сыныбы көпшілікті таңдай қақтырған шеберлік сабағын өткізді. Бұл – жай ғана оқу процесі емес, болашақ сақшылардың нағыз ерік-жігері мен рухын көрсеткен көрініс болды.
Іс-шарада оқушылар бірнеше әскери жаттығуды кәсіби деңгейде орындап, көпшілікті тәнті етті. Әсіресе, арқанға өрмелеу кезінде “Жас сақшы” командирі Азамат межеге небәрі 10 секундта жетіп, сынып бойынша рекорд орнатты.
Автомат қаруын 17 секунд ішінде жинап үлгерген оқушылар көрермендерден ерекше қошеметке ие болды.
Алғашқы медициналық көмек көрсету кезеңінде нақты іс-қимыл мен сенімділік — олардың дайындық деңгейінің айғағы болды.
Бұл әсерлі сәттер Ақтөбе облысындағы барлық “Жас сақшы” сыныптарының назарына ұсынылды. №65 мектептің “Жас сақшы” оқушылары өздерінің ептілігімен, ұйымшылдығымен және патриоттық рухымен ел ертеңіне сенім ұялатты.
- Құрметті қазақстандықтар! Ата-аналар мен балалар!
Балалық шақты қорғау - мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Балалар - біздің тірегіміз, елдің болашағы. Олардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі және де Ішкі істер министрлігінің басты міндеті.
Бұл бағытта нақты шаралар қабылдануда. Ювеналды полицияның жұмысы күшейтілді. Патруль нарядтары білім ұйымдарына жақын қойылды. Әкімдіктермен бірлесіп, мектеп маңындағы жол инфрақұрылымын жақсартудамыз.
Заңнама жаңа талаптарға сай пысықталуда. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар үшін жауаптылық күшейді. Буллинг пен қудалауға қарсы құқықтық шаралар енгізілді. Сенім телефондары арқылы балалар мен ата-аналар кез келген уақытта көмек ала алады.
Бүгінде көптеген жасөспірім қоғамға қызмет ету жолын таңдауда. Мектептерде "Жас сақшы" полиция сыныптары ашылып жатыр. Онда балалар жастайынан заңды меңгеріп, жауапкершілікке үйренуде. Бірқатары ерікті түрде жобаларға қатысып, тәртіптің сақталуына үлес қосуда. Бұл – нағыз патриотизмнің белгісі. Біз оларды мақтан тұтамыз.
Дегенмен де ата-ананың қамқорлығы мен ұстаздың қолдауын ештеңе алмастыра алмайды. Отбасы мен мектеп – баланың алғашқы алтын ұясы. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздардың балаларға әрдайым жақын болып, көңіл бөлуі маңызды.
Ал, балалар, сіздерге айтарым – көмек сұраудан қорықпаңыздар! Полиция – сіздердің қорғандарыңыз! Біз сіздер қауіпсіз ортада өмір сүру үшін қызмет етеміз.
Балалық шақтарыңыз қуанышқа, ал болашақтарыңыз жарқын сәттер мен мүмкіндіктерге толы болсын! - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов жұмыс сапарымен Атырау облысына барды.
Сапар барысында министр өңірдегі ішкі істер органдарының жеке құрамының қызметтік міндеттерді орындауға дайындығын тексеріп, олардың қызмет атқару жағдайымен және жедел қызметтің ұйымдастырылуымен танысты.
Сонымен қатар, министр облыс әкімі Серік Шәпкеновпен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар қоғамда "Заң мен Тәртіп" идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелерін талқылап, құқықбұзушылықтардың алдын алу мен азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша бірлескен шараларға ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, облыстық ішкі істер органдарының басшылығы мен жеке құрамы қатысқан жедел кеңес өтті.
- Мемлекет басшысы қоғамда Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету бойынша нақты міндет қойды. Осыған байланысты 2025 жыл Ішкі істер министрлігі жүйесінде "Профилактика жылы: полиция Заң мен Тәртіптің күзетінде" деп жарияланды. Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығы – халыққа сапалы қызмет көрсетуді және қоғаммен тығыз өзара әрекет етуді көздейтін нақты ұйымдастырылған, үйлесімді жұмысты талап етеді. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің отансүйгіштігі жоғары деңгейде болуы тиіс, ал тәртіп пен сыпайылық баршаңызға тән болуы керек, – деп атап өтті Ержан Саденов.
Министр облыстық департамент басшысының, қызметтер мен бөліністердің жетекшілерінің қылмыстың алдын алу, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы есептерін тыңдады.
Петропавл қаласындағы №17 Ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде құқық қорғау бағытындағы "Жас сақшы" сыныбы өз жұмысын бастады.
Бұл жоба ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылуда. Сыныпқа 6 және 7-сыныптардан 30 оқушы қабылданды.
Салтанатты іс-шараны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов ашты. Ол мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға және ата-аналарға ІІМ жобасына белсенді қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді. Мектеп директоры Ләззат Жалмуқанова бұл жобаның білім беру мекемесі үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
Болашақ Отан қорғаушыларға ІІМ ардагері, Ауғанстандағы жауынгерлік әрекеттерге қатысқан интернационалист жауынгер, "Красная Звезда" орденінің иегері Давыд Шнайдер де сәттілік тіледі.
СҚО ПД мәдениет орталығының вокалдық тобы орындаған патриоттық әндер іс-шараға ерекше көңіл-күй сыйлады. Жаңа сыныптың барлық оқушыларына полицейлер естелік сыйлықтар табыс етті.
Бұл жоба өз ерекшелігімен дараланады, себебі "Жас сақшы" сыныптарының мақсаты – балаларды болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуге дайындау. Оқушыларға арнайы оқу бағдарламасы ұсынылады, оның аясында олар тәртіп, көшбасшылық қасиеттер, физикалық төзімділік және патриотизмді дамытады. Алынған білімдер түлектерге болашақта мамандық таңдауда пайдалы болады. Осылайша, полицейлерден үйренген дағдылар тек болашақ құқық қорғаушыларды ғана емес, сонымен қатар жауапты, патриот азаматтарды қалыптастырады.
Айта кетейік, желтоқсан айында IT-лицейі М.Жұмабаев атындағы мектепте осындай сынып ашылған болатын.