«Қазақ қоғамындағы феминизм» тақырыбында пікіралмасу өтті

«Қазақ қоғамындағы феминизм» тақырыбында пікіралмасу өтті

Бүгін ҚР АҚДМ Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Ашық пікір» клубы алаңында «Қазақ қоғамындағы феминизм» тақырыбында   отырыс өтті.

Жиынға қоғам белсенділері, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, сондай-ақ ҚҚДИ сарапшылары қатысты. Пікіралмасуда қазіргі қоғамдағы феминизмнің өзекті мәселелері және Қазақстандағы әйелдердің рөлі мен құқықтары талқыланды. Іс-шара ашық микрофон форматында өтті.

Алғы сөз Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының коммуникация және адвокация талдаушысы Динара Құсаинға берілді:

«Феминизм – тарихта болған, қазір де жалғасын тауып келе жатқан гендерлік теңдікке ұмтылған саяси қозғалыс. Былтырғы Жаһандық гендерлік индекс зерттеуінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан 146 елдің ішінде 65-орын алды. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Алайда, атап өту керек, осы көрсеткіштің ішіндегі саяси қатысу субиндексі бойынша біздер 103 орындамыз», - деді  Динара Құсаин.

«Қазақстанның тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының президенті Маргарита Өскембаева:

«Қоғамда феминизмді дұрыс түсінбейтін адамдар көп. Феминизм қазақ әйеліне жат дүние деген пікірлерді жиі естиміз. Жалпы феминизм әйелдердің саяси, экономикалық және әлеуметтік теңдік орнатуына бағытталғандығын естен шығармаған жөн. Әйелдердің саясатқа араласуы туралы сөз қозғайтын болсақ, бұл бірінші орындағы мәселе. Бұл бағыт бойынша көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс», - деді.

Бизнес, қоғам және мемлекет байланыстары қауымдастығының басшысы Аяжан Өтеуова қазіргі кезде кіші және орта бизнесте әйелдер үлесі басым екендігін айтты:

«Феминистердің бірінші толқыны осыдан 100 жыл бұрын әлем әйелдерінің көбі сайлауда дауыс бере алмағанынан басталған, ал екінші толқын гендерлік теңсіздікті қамтитын мәселелерге, яғни білім алу, жұмысқа орналасу, басқарушылық лауазымға тағайындалу құқықтарына назар аударды. 80-жылдардың соңында үшінші толқын жас әйелдердің екінші толқын бағдарламасы мен науқанының сәтсіздігі бойынша қарастырған реакциясы ретінде пайда болды. Біздің қоғамда феминизм, феминистер жайлы стереотиптер, жалған түсініктер көптеп кездеседі. Біз сол стереотиптерді жоймай феминизм жайлы позитив ойды қалыптастыра алмаймыз».