Қарағандыда ҮЕҰ өкілдеріне сыйлықақылар табысталды

Қарағандыда ҮЕҰ өкілдеріне сыйлықақылар табысталды

Бүгін Қарағандыда Үкіметтік емес ұйым өкілдеріне сыйлықақы табыстау республикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып, сөз сөйледі.
Аталған сыйлықақы әлеуметтік міндеттерді іске асыруға қосқан үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдарға 2017 жылдан бастап беріліп келеді.
Бұл марапатты бұған дейін 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым иеленсе, бүгін 54 ҮЕҰ жеңімпаз атанды. Айта кетерлігі, биыл сыйлықақыға ұсынылған үміткерлерді іріктейтін қазылар алқасы жаңарды.
Дархан Қыдырәлі: «Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялады. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға да басымдық берілген», - деді.
Сонымен бірге Д.Қыдырәлі министрлік тарапынан азаматтық сектормен жұмыс істеу, ҮЕҰ-мен жобалық ынтымақтастықты трансформациялау бойынша бірқатар бастамалар қолға алынғанын айтты.
«Үкіметтік емес ұйымдарды қаржылай қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша заң қабылданды. Заң аясында қоғаммен жұмыс істейтін жаңа мемлекеттік қолдау тетігі – стратегиялық әріптестік енгізілді. Ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленді. Гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдық қоғамдық ұйымдардың сұранысына бейімдеп, жеңілдетілген режим ұсынылды. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленді», - деді Дархан Қуандықұлы.
Министрдің сөзінше, саладағы басты стратегиялық құжат – елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асып жатыр. Волонтерлық қызметті дамыту арқылы азаматтық белсенділікті арттыру шаралары қабылдануда.