Мәжілісте жастар жайы сөз болды

Мәжілісте жастар жайы сөз болды

Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары ел Президентінің жекелеген тапсырмаларын іске асыру және жастар саясаты мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Отырыстың маңызды тақырыбы мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы болды. Оны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев таныстырды.

Түзетулер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңына қатысты. Заң жобасын жасаушылар «жастардың даму индексі», «жастармен жұмыс жөніндегі маман», «жастардың әлеуметтік қызметтері» ұғымдарын заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.

Сондай-ақ, заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жастардың шекті жасын 35 жасқа дейін ұлғайту туралы ұсыныс енгізді. Егер бұл норма бекітілсе, Қазақстанда жас азаматтардың саны 6,2 миллион адамға дейін артады.

Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрі ешқайда оқымайтын, жұмыс жасамайтын (орналаспаған) жастарға – NEET мәртебесін енгізу туралы айтты. Жұмыспен қамтылмаған жастарды жұмысқа орналастыру, техникалық және кәсіптік білім беру жауапкершілігі тиісті министрліктерге жүктелу ұсынылды.

Жаңашылдықтың жүзеге асырылуы мәжілісмендердің алаңдаушылығын тудырды. Сәйкесінше, депутат Вера Ким баяндамашыға сұрақ қойды:

- NEET санатындағы жастармен жұмысты қалай ұйымдастыруды жоспарлап отырсыз? –

- Біз NEET жастарын төрт топқа бөлу мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Бірінші кезекте, бұл жұмыссыз жастар. Оқудан шығарылған және жұмыс істемейтін адамдарды анықтаймыз. Олардың деректері жұмыспен қамту орталықтарынан алынады. Екінші санат – мүгедектігі бар, жұмыс істей алатын жастар, ал үшінші санат – созылмалы аурулары бар немесе зиянды заттарға тәуелді жастар. Соңғы санат – үй шаруасындағы жас әйелдер. Оған көп балалы және жалғыз басты аналар кіреді. Олардың санын анықтап, индекс қалыптастырамыз және оларды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс істейміз, - деп жауап берді Дархан Қыдырәлі.

Депутаттар ұсынылған түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

 

https://www.parlam.kz/en/mazhilis/news-details/id49740/1/1