Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастықты дамыту

Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастықты дамыту

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Әзірбайжан Республикасы Президентінің көмекшісі – Әзірбайжан Республикасы Президенті Әкімшілігі сыртқы саясат бөлімінің жетекшісі Хикмет Гаджиевпен онлайн кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстанның Әзірбайжанмен ынтымақтастығы мен даму перспективалары, атап айтқанда, қазақстандық анимациялық-мультипликациялық фильмдерді дистрибуциялау, сериалдық және деректі өнімдермен алмасу, қазақстандық телеарналарды Әзірбайжан аумағында тарату мәселелері талқыланды.
«Біз өз тәжірибемізді ортаға саламыз және әзірбайжандық әріптестер үшін анимациялық-мультипликациялық фильмдер жасау бойынша оқыту курстарын ұйымдастыруға дайынбыз», - деді Асқар Омаров және алдағы іс-шаралар аясында түркітілдес елдердің жастар саясатының презентациясын жасап, жастар ынтымақтастығын нығайтуды ұсыныс ретінде айтты.
Сондай-ақ Асқар Омаров әзірбайжандық мамандарды Орта Азиядағы басты шара – Astana Media Week-ке шақырды.
Өз кезегінде Әзірбайжан тарапы түркітілдес елдердің бірлескен анимациялық жобасын жасауды ұсынды, сондай-ақ, Қазақстан тарапына өзінің телевизиялық контентін беруге дайын екендігін білдірді. Және де Қазақстанның анимациялық фильмдер шығару жөніндегі тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Сонымен қатар Хикмет Гаджиев Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы жастар ынтымақтастығын дамыту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды.