Мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары өз біліктіліктерін арттырды

Мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары өз біліктіліктерін арттырды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Астана мемлекеттік қызмет хабымен бірге жергілікті атқарушы орган және орталық мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларына арнап «Әлеуметтік желілер – мемлекеттік органдар мен жұртшылықты байланыстырушы тиімді платформа» тақырыбында семинар ұйымдастырды.

Семинарға қатысушылар мемлекеттік секторда әлеуметтік желілерді пайдаланудың озық тәжірибесін және халықпен өзара іс-қимылдың цифрлық әдістерін зерделеуге мүмкіндік алды.

Семинарда Мемлекет пен қоғам коммуникациясын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахимов Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде әлеуметтік желілердің рөлі айтарлықтай өсіп келе жатқанын айтты. «Интерньюс-Қазақстан» жүргізген зерттеуде медиа тұтынуды зерттеу нәтижелері бойынша, теледидар, баспасөз, радио және веб-сайттар сынды дәстүрлі ақпарат көздері үлесі төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар, зерттеу деректері бойынша халықтың ресми ақпарат көздеріне деген сенім деңгейі екі есе төмендеп, 4,5% құрады.

Грузияның сарапшылары Ани Сирбиладзе мен Иракли Джинианидзе әлемдегі және аймақтағы цифрлық үрдістерді ескере отырып, мемлекеттік органдарды әлеуметтік медиада ілгерілету бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара барысында баспасөз хатшылары түрлі кейстерді талдады және халықпен тиімді байланыс орнату мақсатында контент түрлерін пайдалану мен цифрлық қарым-қатынас орнатуды талқылады. Сонымен қатар, олар түрлі арналарға, пайдаланушылардың мінез-құлық реакцияларына, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі стратегиялық жоспарлау мәселелеріне сараптама жасады.