Сенат волонтерлік қызметті дамытуға арналған заңды қабылдады

Сенат волонтерлік қызметті дамытуға арналған заңды қабылдады

ҚР Парламентінің Сенаты 2022 жылғы 23 маусымда Сенат отырысында ҚР волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдар туралы заңдарына өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда мақұлдады.
Өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес «Қайырымдылық туралы» Заңда қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік мүлікті жеңілдікті шарттармен беру, қайырымдылық жасаушыларға өз саласында құрмет атақтарын беру, корпоративтік қайырымдылық бойынша нормалар мен «электрондық қайырымдылық» ұғымын енгізу, қайырымдылық саласындағы уәкілетті органды белгілеу, қайырымдылық волонтерінің қаражат жинау жөніндегі іс-қимылдарын регламенттеу, қайырымдылық бағдарламасын әзірлеу, бекіту және орындау жөніндегі нормалар қамтылған.
«Волонтерлік қызмет туралы» Заң шеңберінде волонтерлерге азаматтық қызметке орналасу, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер мен мемлекеттік наградалар («Шапағат» медалі) беру, волонтерлік ұйымдарға мемлекеттік мүлікті жеңілдікті шарттармен ұсыну, корпоративтік волонтерлік бойынша нормалар, уәкілетті органның құзыретіне волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі функциялар енгізіліп, 18 жасқа толмаған волонтерлер үшін денсаулық пен адамгершілік дамуына қауіп төндірмейтін волонтерлік қызмет түрлері нақтыланды.
Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша гранттық қаржыландыру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған жаңа жүйе: қысқа (мерзімі 3 айдан 1 жылға дейін, қаржысы 500-ден 3 мың АЕК-ке дейін), орта (мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін, қаржысы 3 мыңнан 10 мың АЕК-ке дейін) және ұзақ (мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін, қаржысы 10 мың АЕК-тен басталады) мерзімді жобалар қарастырылды және ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі ретінде стратегиялық серіктестік енгізілді.
Гранттың қаржыландыру көлеміне, іске асыру мерзімдеріне, ҮЕҰ үшін конкурсқа қатысу шарттарына және есептілікке қойылатын талаптар айқындалды.
Сонымен қатар, гранттарды халықтың қажеттіліктеріне бағытталған өзекті бағыттар бойынша пулдармен қалыптастырудың «төменнен жоғары» жаңа форматы енгізіліп, орталық мемлекеттік органдарға оператор арқылы гранттар ұсыну құзыреті берілді. Жалпы, жаңа өзгерістерге сәйкес азаматтық қоғамды тарта отырып гранттардың тиімділігін бағалау тетігі қарастырылған, ол өз кезегінде ҮЕҰ қызметтерінің сапасына қанағаттану деңгейін, бюджет қаражатының тиімділігін бағалауға және кейіннен гранттарды қалыптастыру үшін негіздемелерге ие болуға мүмкіндік береді.
Стратегиялық әріптестікке қатысты мемлекеттің жалпыұлттық басымдықтарын негізге ала отырып, ҚР Үкіметінің стратегиялық әріптестік бағыттары айқындалатын болады. Уәкілетті орган (АҚДМ) орталық атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде стратегиялық әріптестіктің бағыттарын қалыптастырады және шешім қабылдау үшін Үкіметке жолдайды.
Стратегиялық әріптестік тетігін орталық атқарушы органдар деңгейінде ғана іске асырылады. Әрбір министрлік өзінің стратегиялық әріптестерін дербес айқындайды және Үкімет деңгейінде бекітілетін стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларына сәйкес орындалуына бағалау жүргізеді.