«Zhas Project» жобасын іске асыру мақсатында ҮЕҰ-ға гранттарды ұсыну жөніндегі конкурс жарияланды

«Zhas Project» жобасын іске асыру мақсатында ҮЕҰ-ға гранттарды ұсыну жөніндегі конкурс жарияланды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы «Zhas Project» жобасын іске асыру мақсатында қазақстандық ҮЕҰ-дан өтінімдерді қабылдауды бастады.

Бұл жоба Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында пилоттық режимде, Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы аясында іске асырылады.

«Zhas Project» әлеуметтік жағынан осал топтардағы, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жастарды өз елді мекендерін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға, өнімді жұмыспен қамтуға тарту, сондай-ақ жастардың бизнес-идеяларын жергілікті жерлерде қолдауға бағытталған.

АБҚО басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, жоба өңірлерге қатысты 4 лотқа бөлінген. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде белгілі бір өңірде жобаны жүзеге асыратын ҮЕҰ таңдалмақ. Тәуелсіз конкурстық комиссия ҮЕҰ-ның өтінімдерін қарау кезінде Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында әлеуметтік жобаларды іске асыру тәжірибесін ескеретін болады.

Екінші кезеңде грантқа ие болған ҮЕҰ қоғам белсенділерінен, салалық сарапшылар мен кәсіпкерлерден тұратын өңірлік комиссияларды құрады. Аталған өңірлердің әрқайсысында белгілі бір жобаны қаржыландыруға 1 миллион теңгені құрайтын 63 шағын грант бөлінбек. Әр жоба сараптамадан өтетін болады. Өңірлік комиссияның бақылауымен әр жобаның тиімділігі арнайы мониторинг барысында анықталады деп күтілуде.

Жобаның маңызды кезеңі «Zhas Project» қорытындыларын шығару мен шараға қатысушылардың форумын өткізу болмақ.

ҮЕҰ-дан өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 17 маусымда сағат 18:30-да аяқталады.

Анықтама телефондары: 8 (7172) 79-08-05, 8 (7172) 79-08-79, 8 (7172) 79-08-03, 8 (7172) 79-08-04.

Гранттар конкурсы туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алуға болады:  https://cisc.kz/21935-21935.html.