Ерекше балаларға арналған анимация мектебінің алғашқы 30 түлегі оқуын тәмамдады

Ерекше балаларға арналған анимация мектебінің алғашқы 30 түлегі оқуын тәмамдады

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай   ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Balapan» телеарнасының жанынан «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі» алғашқы түлектерін ұшырды.

2021 жылдың наурыз айында басталған жобаның алты айлық оқу курсын арнайы іріктеуден өткен 30 қатысушы сәтті тәмамдап, арнайы сертификаттармен марапатталды. 

Оқу курсы ақысыз негізде, жеке анимациялық студиялардың  атсалысуымен қайырымдылық жоба ретінде жүзеге асырылды. Балаларды оқуға қажет арнайы планшеттер мен өзге де техникалық құралдармен «Qazaqstan» телекорпорациясы қамтамасыз еткен.

Министрліктің бастамасымен балаларға сапалы білім беру мақсатында халықаралық байланыстар орнатылды. Оңтүстік Кореяның Мультипликациялық фильмдерді насихаттау агенттігімен Ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, келісім жасалды. Нәтижесінде Оңтүстік Корея мен Жапонияның үздік мультипликатор мамандары анимация мектебінің қатысушыларына онлайн дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткізді.

Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға болашақта мамандығына айналатын кәсіпті үйрету арқылы жаңа мүмкіндік сыйлау, ерекше балаларды әлеуметтік бейімдеуге жәрдемдесу және олардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру мақсатында құрылған мектептің алғашқы түлектері Қазақстанның түрлі аймағында тұратын 14-16 жас аралығындағы дарынды балалар. Оқу бағдарламасы онлайн форматта, арнайы сабақ кестесіне сай жүргізілген.

Оқушылар алғашқы айда «Анимация негіздері» тақырыбындағы жалпы дәріске қатысып, анимация саласымен танысты. Кейін қызығушылығы мен бейіміне, мүмкіндігіне қарай 2D аnimation, 3D аnimation және Stop Motion топтарына бөлініп, білім алды.

Сәтті жүзеге асырылған жобаға қатысуға өтінімдердің әлі де толастамауына байланысты Анимация мектебінің жұмысын тұрақты түрде жалғастыру жоспарланып отыр.