Бүгін, 19 шілдеде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында түрлі жобалар мен жаңа идеяларды іске асыру үшін талантты жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты 30 грантты беру жөнінде брифинг өтті. Шараға ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов қатысты.
Ш.Баймановтың айтуынша, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары талантты жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын берілетін болады. Үміткерлердің конкурстық өтінімдерін қабылдау бүгіннен басталып, 2021 жылдың 20 қыркүйегіне дейін жалғасады.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленді және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде «Ғылым», «Мәдениет», «Бизнес», «Ақпараттық технологиялар», «Медиа» бағыттары бойынша өз жобалары мен жаңа идеяларын іске асыру үшін дарынды жастар өкілдеріне 30 грант беру жоспарлануда. Конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталғанда 14-29 жас аралығындағы жастар грант алуға үміткер бола алады», - деп атап өтті Комитет төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың а.ж. 5 қаңтарындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аясында "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындау туралы" ҚР Үкіметі 2021 жылғы 8 шілдедегі № 469 Қаулысы қабылданды.
Грантты тағайындау қағидалары бойынша толық ақпаратпен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/qogam/press/article/details/57377?lang=kk сілтемесі арқылы танысуға болады.