Медиа мамандарға арналған онлайн оқыту платформасы іске қосылды

Медиа мамандарға арналған онлайн оқыту платформасы іске қосылды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қоры медиа саласының мамандарына арналған мультимедиялық білім беру-ақпараттық платформасын іске қосты.

Платформада отандық және халықаралық тренерлер (Ұлыбритания, Ресей) дайындаған үздік вебинарлар мен онлайн курстар жинақталған, және Қордың ішкі корпоративтік сайты арқылы http://www.mdq.kz/education/onlayn-kurstar/ түпнұсқада, аудармасымен қоса қолжетімді. Барлық курстар тегін.

Бейнематериалдар әлемдік медиа нарықтың қазіргі заманғы үрдістерін ескере отырып құрастырылған, және олар "Мобильді журналистика", "Әлеуметтік медиа және верификация", "DATA-журналистика", "Сыни ойлау негіздері", "Практикалық журналистика негіздері" және "Сұхбат өнері" секілді өзекті тақырыптарды қамтиды.

Оқыту курстары, практикалық және тест тапсырмалары, кураторлардың кері байланысы, қосымша әдебиеттер тізімі қызығушылық танытқан барлық азаматтарға қолжетімді. Қорытынды тапсырманы сәтті аяқтап, курстарды толық тәмамдаған жағдайда қатысушыларға сертификаттар беріледі.

Вебинарлар жеке кабинетте платформаға біріктірілген ZOOM қосымшасы арқылы оқытылады. Сонымен қатар, платформадағы аталмыш жеке кабинеттер арқылы офлайн курстарға да тіркелуге болады.

Платформаның негізгі міндеті – бұқаралық және офлайн курстар форматында медиа сала өкілдерін оқытуды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ олардың біліктілігін арттыру.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы платформада екі бұқаралық онлайн-курсты ("Сторителлинг" және "Гендерлік-сезімтал журналистика" ұзақ мерзімді онлайн-курстарын) дайындап, орналастыру және (өңірлік әкімдіктердің баспасөз қызметкерлері үшін) вебинар өткізу жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту курстарын жүйелі түрде өткізуде.