Қазақстанда «Тәуелсіздіктің мен үшін маңызы» жобасы басталды

Қазақстанда «Тәуелсіздіктің мен үшін маңызы»  жобасы басталды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Тәуелсіздіктің мен үшін маңызы» жобасын іске қосуда. Қазақстандықтарға жеке өмір тарихы, сезімдері мен естеліктері тұрғысынан Тәуелсіздікке үңілу ұсынылады.
Жоба аясында еліміздің тұрғындары тәуелсіз мемлекетте тұрудың мәні жайында өз пікірлерімен бөліседі. Қазақстандықтар қазіргі егеменді дәуірдің арқасында жеткен жетістіктері туралы жеке өмір тарихтарын айта алады.
«Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің ең басты құндылығы. Жаңа ғасыр бастауында біз ата-бабаларымыздың тәуелсіздік туралы ғасырлық арманын орындадық. Сол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқы үшін тарихи ерлік жасады. Қазақстандықтар үшін 30 жыл - жай ғана мерекелік күн емес, бұл – табыстың, рух пен болашаққа деген ұмтылыстың белгісі», - деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Аида Балаева барлық қазақстандықтарды ауқымды онлайн жобаға қатысуға шақырды.
Жоба қатысушылары тәуелсіз Қазақстанның азаматы болу нені білдіретінін айтып бере алады. Олар өздерінің жеке жетістіктері мен жеңістерімен бөлісіп, өз елі үшін отансүйгіштік пен мақтаныш сезімін сезінген сәттерді еске түсіре алады.
Жобаға қатысу үшін өз әңгімеңізді әлеуметтік желілердегі жеке аккаунтыңызда #Qazaqstan30 хэштегімен ұзақтығы 1 минуттан аспайтын бейнежазба форматында жариялау қажет. Сондай-ақ бейне әңгімені ҚР АҚДМ жобалық кеңсесінің info@30jyl.kz электрондық мекенжайына жіберуге болады.
Ең әсерлі әрі ерекше оқиғалар, естеліктер республика телеарналарының эфирінде көрсетіліп, БАҚ-та жарияланады.
Жобаның барысы 30jyl.kz – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сайтта қадағаланатын болады.