Діни журналистика бойынша оқыту курстарына қатысушыларға сертификаттар табысталды

Діни журналистика бойынша оқыту курстарына қатысушыларға сертификаттар табысталды

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен өткізілген діни журналистика бойынша оқыту курстарына қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаев қатысты. Ол курс тыңдаушыларын оқудың табысты аяқталуымен құттықтап, алдағы қызметтеріне шығармашылық табыс тіледі.

Оқыту курстары дін саласындағы салалық журналистиканы дамытуға, БАҚ-та жарияланатын материалдардың сапасын арттыруға, спецификалық терминологияны дұрыс түсіндіруге бағытталған.

Бес күн ішінде курсқа қатысушыларға БАҚ-та діни тақырыптарды жария ету, діни сенім бостандығына құқық, діни сауаттылық, діни мәселелерді жария етудегі журналистердің қауіпсіздігі, рухани құндылықтарды тәрбиелеудегі БАҚ-тың рөлі және басқа да өзекті мәселелер түсіндірілді.

Курс барысында қатысушылар алған білімдерін іс жүзінде қолдануға, жеке тапсырмаларды орындауға және қорғауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, тыңдаушылар спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, дін саласындағы аса сезімтал тақырыптарды жария ету ерекшеліктерін талқылады.

Курстармен 100-ге жуық БАҚ («Almaty» Телерадиокомпаниясы» АҚ, «Kokshe» телеарнасы, «Qyzylorda» телеарнасы, «Коммерциялық телевизиялық арна» АҚ, «BAQ.KZ» ақпараттық порталы және т.б.) және азаматтық сектор («Бөбек» жалпыұлттық қозғалысы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігі, «Қазақстан діни бірлестіктерінің ассоциациясы» ЗТБі және т.б.) өкілдері қамтылды.

Спикерлер ретінде дін саласындағы жетекші мамандар, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлық-оқытушылық құрамының, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері сөз сөйледі.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандумның негізгі мақсаты - дін саласында маманданған салалық журналистерді даярлау.