Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай балаларға арналған "Әл-Фараби" анимациялық телехикаясы жарыққа шықты

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай балаларға арналған "Әл-Фараби" анимациялық телехикаясы жарыққа шықты

"Balapan" телеарнасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай балаларға арналған "Әл-Фараби" телехикаясын жарыққа шығарды.
2D техникасында жасалған телехикаяның жобасына әрқайсысы 8 минуттан тұратын 10 серия кірді.
Онда балалар атақты жерлесі, ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан, әлемге танымал ғалым және философ Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен оның ғылыми жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алады. Жобада ғұламаның балалық шағы, ғылымға келу жолы кеңінен суреттеледі.
"Балалардың ел тарихын білуге, сондай-ақ Әл-Фарабидің ғалым мен ағартушы ретіндегі образы арқылы бүлдіршіндердің ғылымға деген ұмтылысын оятатындай білім беретін телехикаяны жасауды мақсат көрдік", - дейді "Balapan" телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай.
Жобаның басты мақсаты - мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар арасында ғылыми білімның маңыздылығын насихаттау.
Анимациялық телехикая Нұр-сұлтан уақытымен 20:30, 23:00-де дүйсенбіден жұмаға дейін "Balapan" телеарнасында көрсетіледі.