Министр Халықаралық ҮЕҰ күнімен құттықтады

Министр Халықаралық ҮЕҰ күнімен құттықтады

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шара жыл сайын 27 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында өтті.

Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров, Вера Ким, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Рахым Ошақбаев, Марат Башимов, белгілі қоғам қайраткерлері Айгүл Соловьева, Бану Нұрғазиева, Тілеубек Мұқашев, Эмин Әскеров, Нұргүл Ұлжекова, Құралай Түспекова және Лима Диас қатысты.

Министр Аида Балаева өзінің құттықтау сөзінде қазіргі халықаралық ҮЕҰ күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын және ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Ол өз елінің азаматы болу – бұл үкіметтік емес ұйым жетекшілері де жан-жақты түсінетін жауапкершілік екенін атап өтті.

"Өздеріңіз жақсы білесіздер, халқымызда «Азамат» деген ерекше қастерлі ұғым бар. Бұл мәртебе – біздің адамға, төлқұжатпен берілмейді. Ең алдымен, өрелі ісі, айналасына көрсеткен жанашырлығы, елі мен туған жеріне жасаған қалтқысыз қызметі үшін беріледі.

Содан болар – азамат болу, ең алдымен, үлкен сын. Елдің алдындағы сын", - деді министр.

Аида Балаева тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үкіметтік емес ұйымдар Семей ядролық полигонын жабу (Невада-Семей), Кіші Аралды қалпына келтіру (Аралды құтқару қоры), ана мен баланы қорғау ("Бөбек" қоры) сияқты жаһандық міндеттердің бастауында тұрғанын еске салды.

Сонымен қатар, министр кездесу халықаралық ҮЕҰ күнін атап өту үшін ғана емес, сондай-ақ үкіметтік емес секторды дамытудың маңызды мәселелері бойынша өзекті тақырыптарды талқылау, тұшымды ой-пікірлерді ортаға салу үшін өтіп жатқанын атап өтті.

Кездесуге қатысушылар пікірталасқа белсенді қатысып, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара ықпалдастығының маңыздылығын атап өтті.

Анықтама:
Дүниежүзілік ҮЕҰ күні – бұл еркіндікке, қоғамдық дауысқа, адамдардың қауіпсіздігіне, табиғатқа, адамзаттың мәдени мұрасына, адамзаттың болашағына қамқорлық жасауға бағытталған жаһандық құндылықтарды, ҮЕҰ ұмтылыстары мен нәтижелерін көрсететін халықаралық символ.

Дүниежүзілік ҮЕҰ күнінің ресми хэштегтері (кілт сөздері): #WorldNGODay, #YourNGODay, #NGODay.