Халықаралық жетекші сараптама орталықтарының өкілдері жаһандану, дін және қазіргі әлемдегі диалог мәселелерін талқылады

Халықаралық жетекші сараптама орталықтарының өкілдері жаһандану, дін және қазіргі әлемдегі диалог мәселелерін талқылады

Бүгін, 2020 жылдың 10 желтоқсанында, Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қатысуымен беделді ғалымдар, танымал халықаралық сараптама орталықтарының (think tanks) сарапшылары жаһандану, дін, диалогтың өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өткізді.

Талқылау Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығы алаңында өтті.
Іс-шарада Қазақстан, Ұлыбритания, Ватикан, Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Корея, Ресей өкілдері сөз алды.
Дәлірек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы – Ержан Нүкежанов, Дінаралық диалог бойынша Папалық Кеңестің Ислам істері бюросының басшысы, монсеньор (Ватикан) - Халед Акаше, Исламабад Халықаралық Ислам Университетінің Исламды зерттеу институтының Бас директоры (Пәкістан) - Мохаммед Зия Уль-Хак, «Woolf Institute» Атқарушы директоры (Ұлыбритания) - Эстер-Мириам Вагнер,
сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының өзге де мүшелері, Орталықтың серіктестері қатысты.

Конференция барысында қатысушылар мемлекеттік-конфессияаралық қатынастар саласындағы іргелі, қолданбалы ғылыми жобаларды дамытудағы діни және ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың қарқынды түрде өсіп келе жатқан рөлі туралы мәселені қарастырды.
Сарапшылар соңғы онжылдықтардағы халықаралық зерттеулерге салыстырмалы талдау жасап, қазіргі қоғамдағы діндер арасындағы диалогты нығайту, дінаралық диалог пен өзара түсіністікті ілгерілетуде елдер арасындағы мәдени, ғылыми байланыстарды біріктіру қажеттілігі мен дайындығын түсінудің оң динамикасы туралы айтты.

Халықаралық сарапшылар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы, түрлі конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін құрудағы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясында әлемдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлі мен көрнекті үлесіне ерекше назарды аударды.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қорытындылары бойынша қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалог мәселелерін одан әрі зерттеу, дінаралық проблемаларды шешуде өзара іс-қимылдың тұрақты тетіктерін қалыптастыру, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің отырыстары және оның институттары шеңберіндегі ынтымақтастық бойынша тиісті практикалық ұсыныстар әзірледі.