Қазақстандағы Чернобыль қауымдастығы төрағасымен кездесу өтті

Қазақстандағы Чернобыль қауымдастығы төрағасымен кездесу өтті

2020 жылғы 4 желтоқсанда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов Қазақстан Республикасының «Чернобыль Одағы» заңды тұлғалар қауымдастығының төрағасы Виктор Деймундпен кездесті.
 
Кездесуде Чернобыль АЭС-індегі апаттың 35 жылдығына арналған іс-шараларды дайындау және өткізу мәселесі талқыланды.
 
«Чернобыль Одағы» қауымдастығының төрағасы Виктор Деймунд апатты жоюға қатысқан азаматтардың денсаулығына зиян келгенін, жыл сайын Чернобыль оқиғаларына қатысушы ардагерлер санының азайып келе жатқанын атап өтіп, апатты жоюға қатысушылар туралы деректі фильм түсіруге көмек көрсетуді сұрады.
 
«1986 жылы Қазақстаннан 30 мыңнан астам адам шақырылып, олардың 5 мыңнан астамы тірі қалды. Жыл сайын денсаулығымызға орны толмас зиян келтірілгендіктен, біз азайып бара жатырмыз. Сондықтан, Чернобыль АЭС-індегі апаттың 35 жылдығына арналған іс-шаралар аясында біз үшін Қазақстандағы апатқа қатысушыларды еске алуға арналған сюжетті немесе деректі фильмді дайындауға жәрдемдесу маңызды оқиға болар еді», - деді Виктор Деймунд.
 
Өз кезегінде вице-министр апатты жоюға қатысқан азаматтар ерлігінің өзектілігін, сондай-ақ Чернобыль оқиғаларына қатысушылармен ынтымақтастықты қолдау мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
 
«Еліміздің ақпараттық кеңістігінде адамзат үшін өлшеусіз ерлік жасалған Чернобыль АЭС оқиғасына қатысушыларға өз деңгейінде назар аударылмады. Чернобыль апатына қатысушылар ерлігінің арқасында, көптеген адамдардың тағдыры мен өмірі құтқарылды», - деп атап өтті вице-министр.
 
Болат Тлепов Қауымдастық мүшелерінің тиісті деректі сюжетті дайындау жөніндегі бастамасын қолдауға ниет білдірді, сондай-ақ Чернобыль оқиғаларына қатысушыларды еске алуға арналған электрондық кітапты жасаудың бірнеше нұсқасын ұсынды.
 
Тараптар осы бағыттағы ынтымақтастық туралы ниеттерін білдірді.