ҚР АҚДМ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау барысы туралы

ҚР АҚДМ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау барысы туралы

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Аида БАЛАЕВА ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.

«Жолдауда көрсетілген 11 бағыттың барлығы да бүгінгі қоғам өміріндегі ең өзекті салаларды қамтып отыр. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы саясатымен сабақтасқан бұл бағыттардың барлығы да бүгінде еліміз бетпе-бет келіп отырған уақыт сынағына толық жауап береді. Өз кезегінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оларды нақты іске асыруды бастады.  Бұл орайда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасы мен азаматтық қоғамды одан ары дамыту аясында біздің министрлікке 5 негізгі міндет жүктеліп отыр. Атап айтқанда: 1) қоғамдық кеңестердің өкілеттігін кеңейту; 2) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың ақпаратын халыққа қолжетімді ету; 3) қоғамдық бақылау тетіктерін енгізу; 4) онлайн-өтініштердің бірыңғай заңды институтын құру; 5) медиация саласын дамыту», - деді министр.

Аида Балаева Жолдауды жүзеге асырудың негізгі тәсілдеріне тоқталды. "Қоғамдық кеңестер туралы" Заң қабылданған 2015 жылғы сәттен бастап елімізде мемлекеттік органдар жанындағы Қоғамдық кеңестер институты табысты жұмыс істеуде. Естеріңізге сала кетейік, жұмыс Елбасының "100 нақты қадам" Ұлт жоспары аясында жүргізілді. Бүкіл ел бойынша орталық және жергілікті билік органдарының жанынан 234 қоғамдық кеңес құрылды, оның құрамына қоғамның түрлі топтарының мүдделерін білдіретін 3,5 мыңға жуық белсенді азаматтар тартылды. Осы жылдар ішінде олар 19 мыңнан астам НҚА жобаларын қарады. Қоғамдық кеңестер тәуелсіз мониторинг, барлық әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша тыңдаулар өткізеді.

«Мұның барлығы қоғамдық кеңес жұмысының қажеттілігі мен мүмкіндігін ғана емес, бұл жобаның келешегінің зор екендігін де көрсетіп отыр. Сондықтан да қазіргі уақытта бұл институт жаңғырудың жаңа кезеңін бастап өткеріп жатыр. Осыған орай, Ақпарат министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге  қоғамдық кеңестердің қызметі туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын. Заң жобасы тиісті қоғамдық талқылаулардан өтіп, бүгінде Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заң жобасында қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін мемлекеттік органдарға ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қарамағындағы басқа да меншік нысанындағы ұйымдарға кеңейту көзделеді. Министр: «Одан бөлек, кеңестердің құзыреті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссиясына қатысу арқылы да кеңейетін болады», - деп атап өтті. Бүгінгі таңда түзетулер мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтуде, кейін олар Мәжіліс депутаттарының қарауына енгізілетін болады. Түзетулерді қабылдағаннан кейін мемлекеттік процестердің транспаренттілігі артады, бұл азаматтардың мемлекеттік басқару институттарының жұмысына деген сенімін арттыруы тиіс.  

"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заң 2015 жылдан бастап жұмыс істейді, ол арқылы азаматтардың "Ашық Үкімет" порталы базасында ақпаратты еркін алуға және таратуға конституциялық құқығы іске асырылады. Портал жұмысы аясында 4 платформа жұмыс істейді – Ашық деректер, Ашық бюджеттер, Ашық НҚА және Ашық диалог. Бүгінгі таңда 3,5 мыңнан астам ашық деректер жиынтығы орналастырылды, бюджеттік бағдарламалардың 74 мың жобасы және 64 мың НҚА жобасы жарияланды, оларға 65 мыңнан астам комментарилер қалдырылды, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының блогына 367 мыңнан астам өтініш берілді.

Түзетулерді қабылдаудың өзектілігі туралы Аида Балаева: «Дегенмен де, қоғам тарапынан порталға жүктелген мәліметтерге қатысты орынды сын-пікірлер де айтылып жүр. Атап айтқанда, кейбір ақпараттар – оқуға ыңғайсыз, ұғынықсыз формада ұсынылады, сұрақтарға дер кезінде жауап берілмейді», - деді. Ақпаратқа қол жеткізу туралы Заңға енгізілетін түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында бақылауды және жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ Заңның жекелеген нормаларын қолдану аясын кеңейту жөніндегі міндеттерді шешуді көздейді.

Аида Балаева: «Ол үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне мәліметтерге қол жеткізу саласындағы уәкілетті органның функциялары берілетін  болады. Әрбір мемлекеттік органда қолданыстағы штаттық бірлік есебінен уәкілетті құрылым немесе лауазымды тұлға тағайындалады. Заңнамалардың орындалуын ең жоғары деңгейде бақылауда ұстау үшін, ақпаратқа қол жеткізу саласының ахуалы туралы Мемлекет Басшысына жыл сайын есеп беріледі». Оған қоса, министр: «Заң жобасы аясында ақпарат иелері ретінде квазимемлекеттік сектор да ашық деректерді орналастыруға, сондай-ақ, «Ашық диалог» порталында бірінші басшылардың блогын ашуға міндеттеледі», - деді.

Баспасөз конференциясы барысында министр "Қоғамдық бақылау туралы" Заңның әзірленуі туралы айтып берді. Атап айтсақ, Аида Балаева: «Бүгінде қоғамдық бақылаудың формалары – қоғамдық кеңестер, мемлекеттік қызметтер, экология, жер қойнауын пайдалану сияқты әртүрлі заңнамалық актілер арқылы реттеліп жүр. Алайда, бүгінге дейін қоғамдық бақылау қағидаларын бір жүйеге келтіріп, оның қолданыс аясын арттыратын бірыңғай бекітілген құрылым түзуші заң – Конституцияда да, конституциялық заңдарда да, нақты заңдар мен ережелерде де жоқ», - деді.

Сонымен қатар, министр онлайн-петициялардың заңды тетіктерін құру, сондай-ақ медиация тетіктері арқылы дауларды шешудің балама тәсілдерін дамыту туралы жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтып берді. «Сондықтан, Президент өзінің Жолдауында халыққа онлайн-петициялар арқылы өз ерік-тілектерін білдіруге мүмкіндік беру қажеттігін ерекше атап өткен болатын», - деді министр баспасөз-конференция барысында.

Медиация институтын дамытудың өзектілігі туралы министр: «Бұл бағытта біз АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Швейцария сияқты медиация саласында мол тәжірибесі бар елдердің озық үлгілерін үйренуіміз керек. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүрігізіліп жатыр».