
Қарағанды облысы - Қазақстанның орталық өңірі. Ауданы 239,1 мың км2, халықтың тығыздығы 1 км2-ге 4,7 адамнан келеді.
Қарағанды облысының халқы 2023 жылдың басына 1134,8 мың адамды құрады. Мұндағы қала халқының үлесі ауыл тұрғындарынан әлдеқайда жоғары: 81,3%, ауыл тұрғындары - 18,7%.
Этникалық құрамына келетін болсақ, Қарағанды облысы халқының басым бөлігін қазақтар құрайды, олардың үлесі – 49,4%. Орыс ұлты 37,5%-дық көрсеткішпен екінші орында тұр, үшінші орында - украиндықтар, үлесі - 2,8%. Төртінші орында – немістер, Қарағанды облысындағы олардың үлесі - 2,5%.
Облыстың әкімшілік орталығы – Қарағанды қаласы. Облыс аумағына 8 қала, оның облыстық маңыздағы 6 қала және аудандық 2 қала, және 8 кент, 349 ауылдық елді мекендер кіреді.
Қарағанды қаласының халқы 515,8 мың адамды құрайды. Теміртау (177,6 мың адам), Балқаш (77,9 мың адам), Саран (43,8 мың адам), Шахтинск (58,5 мың адам), Абай (28, 6 мың адам) облыстың ірі қалалары болып табылады.
Қарағанды қаласы облыстың орталық бөлігінде, Бұқпа өзенінің бойында орналасқан, бұдан бөлек бұл жерде Ертіс-Қарағанды арнасы бар. Қаланың атауы қазақтың «қараған» деген сөзінен шыққан деп есептеледі. Бұл – дәл осы жерде өсетін сары дала мамыргүлінің атауы.
Қарағанды – ХХ ғасырдың бірінші жартысында кеншілер кентінің орнында пайда болған жас қала. 1931 жылы Қарағанды атты кеншілердің қонысы жұмысшылар кенті болып қайта құрылды, ал 1934 жылы кент және оның айналасындағы бірқатар елді мекендер дербес қала мәртебесін алды.
Осылайша, 1931 жылғы 20 наурыз Қарағанды қаласының негізі қаланған күн болып есептеледі.Бүгінде ол өнеркәсіптік, көлік және интеллектуалдық әлеуеті зор, тұрғындары саны жағынан ел бойынша төртінші орында тұрған қала.
Қарағанды облысы 1932 жылғы 10 наурызда құрылды, ол кезде оның орталығы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласы болды. 1936 жылғы 3 тамыздан бастап бүгінгі күнге дейін оның әкімшілік орталығы Қарағанды қаласы болып табылады.
Құрылған сәттен бастап облыстың аудандық құрамы көптеген өзгерістерге ұшырады. Соңғы өзгеріс 2022 жылғы 8 маусымда Қарағанды облысының құрамынан жаңа Ұлытау облысының бөлінуі болды. Ұлытау облысына Жезқазған (жаңа облыстың әкімшілік орталығы), Қаражал және Сәтбаев қалалары, сонымен қатар Жаңаарқа және Ұлытау аудандары кіреді.
Тарих беттерінің қайғылы оқиғасы 1930-1940 жылдармен тығыз байланысты, онда қуғын-сүргін кезеңіндегі сталиндік «еңбекпен түзету» және, бірінші кезектегі, әйгілі КАРЛАГ лагерлері орналасты. Облыс аумағына Кеңес Одағының түкпір-түпкірінен көптеген өзге ұлт өкілдері жер аударылдын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін неміс, жапон, итальян және румын тұтқындары Спасск лагеріне орналастырылды. Қазір бұл жерлерде қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіштер бар.
Қарағанды облысы географияда Қазақтың ұсақ шоқысы деген атпен танылған Сарыарқаның оңтүстік бөлігінде орналасқан. Облыс шығысында Қарқаралы тауларынан бастап, батысында Теңіз көлімен, солтүстігінде Есіл өзенінің алқабынан бастап оңтүстігіндегі сазды әрі шөлді өңір Бетбақдала мен Балқаш көліне дейінгі жерді алып жатыр.
Облыс қыратты жерде орналасқан, жер бедері көбінесе жоталы болып келеді, аласа таулар өзен алқаптары мен көлді ойпаттарды бөліп тұрады.
Климаты континенталды, қысы – суық, жазы – ыстық. Қыс айларында қатты аяз бен сұрапыл борандар жиі болады. Қаңтар айының орташа температурасы -16-17 ºС. Жазы әдетте ыстық, құрғақ әрі желді болып келеді, шілденің орташа температурасы +20-21 ºС. Сонымен бірге, ең жоғарғы температура қыста -45 ºС-қа, ал жазда +38 ºС-қа дейін жетуі мүмкін.
Облыста 200-ден астам ірі және шағын өзендер бар, ең ірісі - облыстың батыс бөлігіндегі Теңіз көліне құятын Нұра өзені. Қарағанды облысындағы көлдердің саны айтарлықтай көп, шамамен 1900 көл бар. Балқаш, Қарасор, Қыпшақ, Керей, Қарақойын және т.б. ірі көлдердің қатарына жатады. Облыс минералды ресурстарға бай. Облыстың аумағында елдің марганец қорының 100%-ы, мыс қорының 36%-ы, вольфрамның 80%-ы, молибденнің 64%-ы, қорғасынның 54%-ы, көмірдің 40 %-ы (оның ішінде кокстелетін көмір қорының 100%) шоғырланған. Облыстың оңтүстік-батыс бөлігінде 3 мұнай және газ кен орны ашылды, олар: Құмкөл, Оңтүстік Құмкөл және Майбұлақ.
Қарағанды облысы еліміздің жетекші өнеркәсіптік өңірлердің қатарына кіреді. 2022 жылы жалпы өңірлік өнімнің 49,9%-ы өнеркәсіптің үлесіне жатады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 3 841,9 млрд. теңгені құрады (ҚР бойынша 3 орын).
Қарағанды көмір бассейні - Қазақстан металлургиялық кәсіпорындары үшін кокстелген көмірдің негізгі жеткізушісі. Көмір өндіру кәсіпорындарына «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «ШұбаркөлКөмір» АҚ, «Сарыарқа Energy» ЖШС, «Satkomir» ТКК ЖШС жатады.2022 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 469,3 млрд теңгені құрады, оның 50,6 %-ы өсімдік шаруашылығының үлесіне тиеді. Жалпы өңірлік өнім көрсеткішінде ауыл шаруашылығының үлесі көп емес – бар болғаны 4%, бұл, бірінші кезекте, облыста жоғары құнды өнеркәсіп өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың көп болуымен түсіндіріледі.
Облыста туризм саласы қарқынды дамып келеді.Облыстың негізгі туристік орталықтары: Балқаш курорттық аймағы, Қарқаралы ауданы және Қарағанды қаласы болып табылады.
Балқаш курорттық аймағы – Туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының ТОП-10 туристік картасына енді. Балқаш курорттық аймағына Балқаш қаласы, Тораңғалық, Шұбар-Түбек кенттері және Приозерск қаласы енгізілген.
Бүгінгі күні курорттық аймақта жылына 86 мыңға жуық туристік қызмет көрсететін 62 орналастыру орны (үйлер, демалыс орындары) орналасқан. Жағажай туризмі, су спорты: желкенді, ескек есу және каноэде есу, спорттық балық аулау Балқаш көліндегі кеңінен танымал демалыс түрлері болып табылады.
Өңірдің табиғи көрікті жерлерінің бірі - Солтүстік Балқаш өңіріндегі ең әдемі жер - Бектау-ата тауы. Бектау ата шыңының басы 1000 метрге дейін жетеді. Бүгінгі күні таза құмды жағажайдың үлкен аумағының болуына, қоршаған ортаны ластайтын өндірістік кәсіпорындардың болмауына байланысты Балқаш өңіріндегі туристерді қызықтыратын негізгі орталық Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттері болып табылады.
Қарқаралы – Қазақстанның Швейцариясы. Ауданның ауданы 35,4 мың шаршы шақырым. Климаты күрт континенталды. Облыс орталығы – Қарқаралы қаласы, теңіз деңгейінен 815 метр биіктікте Қарқаралы тауларының етегінде орналасқан. 1824 жылы тамызда құрылған. Оның тарихы тау өзенінің аңғарында оңаша орналасқан шағын дала ауылынан басталды. Ол арқылы Орта Азиядан Сібірге керуен жолдары жүріп жатты.
Қарқаралы бүгінде Қарағанды облысының экономикалық және мәдени өмірінде маңызды орын алып, ТОП-50 туристификация картасына енгізілген.
Туристерге арналған жалпы сыйымдылығы 2,7 мың төсек-орындық 31 туристік нысан бар. Сонымен қатар, сауықтыру лагерлері, тарихи-өлкетану музейі, табиғат музейі бар. Аумағында Мемлекеттік ұлттық табиғи бақ орналасқан.
Қарқаралы ауданында демалыс орындарының бірі ретінде қонақүйлер, сауықтыру лагерлері («ТасБұлақ» таулы отелі, «Шахтер», «Каскад» демалыс үйлері, «Барс» спорттық - сауықтыру лагері, «Романтик», «Шапағат», «Жасдәурен» және т.б.сауықтыру лагерлері) жұмыс істейді.
Беғазы қорымы, Құнанбай қажы мешіті, Талды тарихи-археологиялық саябағы, Қызыл кеніш сарайы, Мәди Бәпиұлының жерленген жері, «78 коммунардың бауырластар бейіті» мемориалдық кешені, тарихи-өлкетану музейі және тағы басқа да көрікті жерлер тарихи-мәдени ескерткіштерге жатады.
Сонымен қатар, мәдениет объектілері мен архивтердің мемлекеттік желісіне 571 мәдениет, өнер және архивтер объектілері кіреді: 257 кітапхана, 246 клубтық ұйым, 4 театр, 17 музей, 15 архив, 11 мәдениет және демалыс саябағы, кинотеатр, көрме залы және хайуанаттар бағы. Облыста 17 музей жұмыс істейді.
Сонымен бірге, статистикалық мәліметтерге сәйкес облыс аумағында 9 санитарлық-курорттық ұйым, 10 балалар лагері (6 мемлекеттік және 4 жекеменшік) жұмыс істейді.
Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda?lang=kk