Қызылорда облысы – Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің бірі. Облыс Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзенінің төменгі ағысында және Тұран ойпатында орналасқан. Қазақстан Республикасының бірнеше облыстарымен, оның ішінде шығыс және оңтүстік–шығысында Түркістан облысымен, солтүстігінде – Ұлытау облысымен, солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен және оңтүстік-батысында Қарақалпақстан Республикасымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Науаи облысымен шектеседі. Қызылорда облысының аумағы 226 мың км2 құрайды. Осы көрсеткіш арқылы облыс өңірлер арасында 3-ші орынды иемденіп тұр. Мұнда халықтың қоныстану тығыздығы 1 км2 - ге 3,4 адамнан келеді. Бұл – республика бойынша ең төмен көрсеткіш.
2023 жылдың 1 қаңтарына облыстағы халық саны 833,5 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 391,1 мың (46,9%), ауылдықтар – 442,4 мың адам (53,1%). 2022 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда халық саны 10,3 мың адамға немесе 1,2% өсті.
Қызылорда облысы этникалық тұрғыдан еліміздің біртекті өңірлерінің бірі болып табылады.
Аймақтың әкімшілік орталығы – Қызылорла қаласы. Облыс аумағы 7 әкімшілік ауданға бөлінген. Оның құрамына 1 облыс орталығы – Қызылорда, 1 республикалық маңызы бар қала – Байқоңыр қаласы. Халық саны бойынша ең ірі аудандар - Шиелі ауданы (85,2 мың адам), Жаңақорған ауданы (80,5 мың адам), Қазалы (78,6 мың адам) және Арал ауданы (78,6 мың адам). Байқоңыр қаласы - Қызылорда облысы Қармақшы ауданында орналасқан. Мұнда қаланың атымен аттас «Байқоңыр» ғарыш айлағы бар. Ол Ресей Федерациясына ұзақ мерзімге жалға берілген. Қалада шамамен 34 мың 604 адам өмір сүреді. Байқоңыр Ресейдің федералдық маңызы бар қаласы деген мәртебеге ие. Осыған байланысты қазіргі уақытта Байқоңырда Ресей заңнаманасы қолданылады (Қазақстан азаматтарына қатысты қазақстандық заңнама қолданылады) және (қазақстандық теңгемен бірге) Ресей рублі пайдаланылады. Бұл жаққа тек арнайы рұқсат қағазбен ғана кіруге болады, сондықтан туристерге алдын-ала барлығын ойластырып алған жөн. Мұнда арнайы нысандар мен кәсіпорындардың және ұйымдардың жұмыс істеуіне сондай-ақ азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне тең жағдай жасалған.
Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің жағасында орналасқан. Оның тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. Ол кезде бұл жерлер Қоқан хандығының иелігінде болған. 1817 жылы Сырдария жағасында Ақмешіт бекінісінің құрылысы қолға алынды.
Сырдария және Арал теңізінің айналасындағы аумақтар Ресей империясының құрамына енгеннен кейін, 1853 жылдан бастап бекініс Перовск деп атала бастады. Бекіністің аты оны басып алуға басшылық жасаған генерал Перовскийдың құрметіне қойылды. 1862 жылы Перовск бекінісі қала мәртебесін алды. Ал 1922 жылы Перовск қаласына өзінің бұрынғы Ақмешіт атауы қайтарылды, алайда 1925 жылдан бастап қала Қызылорда деп аталды. 1925 жылдың 15 сәуірде Қызылордаға РСФСР Қазақ автономиялық республикасының астанасы мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Бұл мәртебені Қызылорда 1929 жылға дейін ұстап тұрды, осыдан соң астана Алматыға ауыстырылды, ал Қызылорда округтің орталығына айналып, 1931 жылдан бастап аудан орталығы атанды. 1938 жылы Қызылорда қаласы Қызылорда облысының әкімшілік орталығы деп танылды.
1938 жылдың 15 қаңтары облыстың құрылған күні болып саналады, оның аумағы Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан шығарылған бірқатар аудандардың тобынан қалыптасқан. 1930-1940 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін мен Ұлы Отан соғысы кезеңінде Қызылорда облысы халқының саны Кеңес Одағының басқа аймақтарынан жер аударылғандардың есебінен, әсіресе Қиыр Шығыстан келген кәрістер мен Еділ немістері арқылы айтарлықтай өсті.
Облыс аумағының негізгі бөлігі Тұран ойпатының шегінде орналасқан, батыста Арал теңізінің жағалауы бар. Өңірдің оңтүстік-шығысын Қаратау сілемі жайлаған, ал солтүстік-батысын Арал қарақұмы алып жатыр. Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында Қызылқұм шөлі орналасқан.Облыстың ірі су артериясы ұзындығы 1000 километрден асатын Сырдария өзені болып табылады. Облыстың тағы бір үлкен су айдыны Арал теңізі. Қызылорда облысында кіші Арал теңізі орналасқан. Бұл Арал теңізінің солтүстік бөлігі, оған Сырдариядан келетін су 2005 жылы салынған Көкарал бөгеті арқылы жетеді. Кіші Аралда су деңгейі айтарлықтай өсті, ал су тұщыланып келеді. Облыстың климаты континенталды, қыста қар көп жаумаса да ызғарлы, жазда ыстық әрі құрғақ болады. Қаңтар айының орташа температурасы -8,6 ºС, шілденің орташа температурасы +26,8 ºС, алайда жаздың ыстығы көбіне +40 ºС-тан жоғары көрсеткішті көрсетеді. Облыста жауын-шашын аз жауады. Қызылорда облысында минералды-шикізат қорының әлеуеті зор. Қорғасын, мырыш, уран, ванадий, ас тұзы облыстың маңызды пайдалы қазбалары болып саналады. Облыстың аумағына мырыш қорының 15,1 %-ы, қорғасын қорының 9,6 %-ы, уранның 13,7%-ы, мұнай, газ және конденсаттың 4,7 %-ы және жер асты су қорының 3,4 %-ы шоғырланған.
Қызылорда облысында тау-кен өнеркәсібі мен карьер аршу ісіне басымдық берілген. 2022 жылы осы сектордың жалпы өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 71 % - ды құрады, ал өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 23,4 % болды. Айта кету керек, соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі 180,1 млрд. теңге, оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі – 60,7 % немесе 109,3 млрд. теңге, ал мал шаруашылығының үлесі 37,2 % немесе 67,0 млрд. теңге болды. Қызылорда облысында негізгі ауыл шаруашылық дақылы күріш болып табылады, сондай-ақ бұл жерде дәнді-дақылдар, көкөністер, бақша дақылдары өсіріледі.Мұнда маңызды және үнемі дамып келе жатқан сала - балық шаруашылығы. Бұл іс Арал маңында қатты дамыған. 2022 жылы облыс бойынша балық аулау көлемі 7386 тоннаны құрады. Оның ішінде экспортқа 4980 тоннасы жіберілген.Облыс аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі өтеді. Соңғы жылдары өңір экономикасына құрылыс салу және оған қызмет көрсету ісі елеулі серпіліс берді.
Облыс аумағында тарихи және мәдени ескерткіштер жақсы сақталған. Бүгінгі күнге облыс бойынша 12 туристік маршруттар мен соқпақтардың тізімі бекітілген. Оның ішінде маңызды туристік бағыттың бірі Байқоңыр ғарыш айлағы болып табылады. Көпшілік зымыранның ұшу сәтін тамашалау мүмкіндігіне қатты қызығады.
Сонымен қатар, Арал ауданының туристік әлеуетімен (Барсакелмес аралы, Қайықтар орны, Кіші Арал теңізі, Көкарал бөгеті), Қамбаш көлі жағалауындағы демалыс аймағымен, Қорқыт ата мемориалдық кешенімен, Жаңақорған ауданының тау массивтерімен, емдік шипажайларымен, Шиелі ауданындағы Ханқожа көлімен ерекшеленеді.
Одан бөлек, Жент, Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат сияқты көне қалалардың қираған орны бүгінгі күні ішкі және сыртқы туристердің ерекше қызығушылығын тудырады.