Меню

Ұялы байланыс
Бекітілген байланыс
Пошта байланысы
Ұялы байланыс сапасын тексеру
Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беру
Байланыс саласындағы жаңа технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту
Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат
Маңғыстау облысы

Жалпы мәлімет

Маңғыстау облысы елдің оңтүстік-батысында, басым бөлігі Маңғышлақ түбегі мен Үстірт жонында орналасқан. Облыстың шығыс шекарасы Каспий теңізінің жағалауын тұтас алып жатыр. Облыс Қазақстанның екі өңірі – Атырау және Ақтөбе облыстарымен, сонымен қатар Түркменстан, Өзбекстан сынды екі шет мемлекетпен шектеседі.

Маңғыстау облысының жер көлемі 165,6 мың км2 құрайды. Бұл – аумағы бойынша Қазақстандағы жетінші облыс. Халықтың қоныстану тығыздығы өзге өңірлермен салыстырғанда төмен – 1 км2-ге 4,6 адамнан келеді.

Өңір халқының саны 2023 жылдың басындағы мәлімет бойынша 766,9 мың адамды құрады. Облыстағы жалпы халық санының 54,8 %-ы ауыл халқына, қалған 45,2 %-ы қала тұрғындарына тиесілі.

Маңғыстау облысының этникалық құрамы негізінен біркелкі. 2022 жылдың басында жалпы халық санының 91,5 %-ын қазақтар құрады. Орыс ұлтының үлесі – 4,8 %, өзге ұлттардың үлесі – 3,7 %.

Әкімшілік бөлінісі

Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласы. Облыстың аумағы 5 ауданға бөлінген. Өңірде 3 қала және 59 ауыл бар.

Ақтау қаласы тұрғындарының саны 263,9 мың адам. Бұдан бөлек облыс аумағына Жаңаөзен (74,4 мың адам) және Форт-Шевченко (8,7 мың адам) қалалары жатады.

Облыс орталығы

Ақтау қаласы Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Бұл –Қазақстанның «теңіз қақпасы».

Ақтау – Қазақстанның ең жас қалаларының бірі. Қала мұнай және уран кен орындары ашылып, зерттеушілер мен жұмыскерлер келе бастағаннан кейін пайда болды.

1957 жылы Каспий теңізінің жағалауында Ақтау атты жұмыскерлердің кенті қалыптасты. Бірнеше жылдың ішінде ол қала үлгісіндегі кент ретінде дамыды. Ал 1963 жылы Ақтау қала мәртебесін алды.

Қала бірыңғай бас жоспар аясында, яғни тақыр жерден өсіп өнді.  Әрқайсысының өз нөмірі бар ондаған шағын ауданнан тұратын қаланың жоспарын Ленинград жобалау институты әзірледі.

1964 жылы Ақтау қаласының атауын XIX ғасырдың ортасында Қазақстанға жер аударылған украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко деп ауыстыру туралы шешім қабылданды. Одан кейінгі онжылдықта қала мен порт қарқынды дамып, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық әлеуетін жетілдіріп отырды. 1991 жылы қалаға Ақтау атауы қайтарылды.

Облыстың тарихы

Маңғыстау облысы – Қазақстанның ең жас аймағы. Оның пайда болуы мен  республика құрамынан жеке әкімшілік бірлік ретінде бөлінуіне 1950 жылдары уран, сирек кездесетін жер элементтері, мұнай және газ кендеріне бай Маңғышлақ түбегінің ашылуы түрткі болды. Жер қойнауын игеру жүзеге асырыла бастағаннан кейін өңірдің негізгі елді мекендері: Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Жетібай, Қаламқас және Қаражанбас кенттері пайда болды.

Облыс 1973 жылдың 20 наурызында құрылды деп есептеледі. Ол кезде Маңғышлақ облысы Гурьев (қазіргі Атырау) облысының құрамынан оңтүстіктегі бірнеше ауданды бөліп беру арқылы жасақталды.

1988 жылы облыс таратылды, алайда 1990 жылы қайта құрылды. Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін облысқа Маңғыстау атауы берілді.

Табиғи-климаттық жағдайы

Маңғыстау облысының жер бедері әртекті. Оның солтүстік бөлігі Каспий маңы ойпаты аумағында, оңтүстік бөлігі, керісінше қыратта орналасқан. Оңтүстігінде Маңғыстау таулары, Кендірлі-Қаясан үстірті, шығысында Үстірт жоны жатыр. Өңірдің орталық бөлігін Маңғышлақ түбегі жайлаған, мұнда Қазақстанның ең төменгі нүктесі Қарақия ойысы (теңіз деңгейінен 132 м төмен) орналасқан.

Облыс аумағында өзен торабы жоқтың қасы, сөйте тұра бұл өңірде жер асты суларының қоры мол.

Облыстың ауа райы континенталды, тым құрғақ. Қысы қысқа, қаңтар айындағы орташа температурасы шамамен -3 ºС, жазы ыстық әрі құрғақ, шілде айындағы орташа температура +26 ºС-қа жетеді. Алайда жыл сайын жаздағы температура аяқ астынан +40-45 ºС-қа дейін көтеріледі.

Облыстың пайдалы қазбалар қоры бірегей және саналуан, олардың әлемдік геологияда баламасы жоқ деуге болады. Өңірдің пайдалы қазбаларының негізгі түрі көмірсутек болып табылады, мұнда шамамен 70 кен орны бар, солардың есебінен Қазақстан мұнайының шамамен үштен бір бөлігі өндіріледі. Өзен, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас ірі кен орындары саналады. Жалпы Каспий теңізі қайраңындағы кен орындарының болашағы зор.

Бұдан бөлек Маңғыстау облысында уран мен сирек кездесетін жер металдарының ірі кен орындары орналасқан. Сондай-ақ бұл жерде темір, фосфорит, қоңыр көмір, минералды және ас тұзының кен орындары игеріледі.

Экономикасы

Маңғыстау облысы көмірсутекті шикізат өндірісіне басымдық беретін өнеркәсіптік өңір болып табылады. Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2022 жылы 3111,7 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы өнеркәсіптік өнімдердің көлемі жөнінен Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарымен бірге алғашқы бестікке кіреді. Елдің жалпы өнеркәсіптік өнімінің 6,5 % осы облыста шығарылады. Тау-кен өндірісі мен кен орындарын қазу үлесі жалпы өнеркәсіп көлемінің 88,6%-ын құрайды. 2022 жылы мұнай өндірісі 16,7 млн тоннаға жетті. Өндірілген мұнай құбыр арқылы ішкі нарыққа да, экспортқа да тасымалданады.

«Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай»,  «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру», Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты өңірдің ірі компаниялары болып табылады.

Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 6,6%-ды құрайды, мұнда химиялық өнеркәсіп, машина жасау, дайын металл бұйымдары өндірісі, мұнай өнімдерін өндіру,  металдық емес минералдық өнімдер өндірісі басым.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2022 жылы 24,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің 80,8 % үлесі мал шаруашылығы саласына тиесілі. Дәстүрлі төрт түлік малдан басқа облыста түйе өсіру ісі өте жақсы дамыған.

Өңірдің экономикасында көлік-инфрақұрылымдық саласының рөлі зор. Ақтау теңіз порты облыстың ғана емес, тұтас Қазақстанның экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Соңғы жылдары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы қарқынды дамып келеді. 

Туризмі

Маңғыстау облысы – тарихы ежелден бастау алатын өңір, кезінде осы топырақ арқылы Ұлы Жібек жолының бөлігі де өткен.

Облыстың ең танымал тарихи ескерткіштерінің ішінде Бекет-Ата жер асты мешітін айтуға болады, табиғи көрікті жерлері – Бозжыра шатқалы, Шерқала тауы, Қарақия ойысы, Үстірт жоны, Жығылған мүйісі, Торыш алқабы.

Туризмді дамытуға серпін ретінде 2020-2022 жылдары іске қосылған келесі 7 жобаларды атап өтуге болады: «Rixos Water World Aktau» туристік-қонақ үй кешені, «Холидей ИНН Актау» қонақ үй кешенінің «Лагуна» аквапаркі, «Tetysblu» тақырыптық паркі мен аквапаркі, Teniz Village глэмпингі, «AURA» демалыс базасы, «Сартас» визит-орталығы, «Фламинго Резорт» демалыс базасы.

Маңғыстау облысы әкімдігінің ресми сайты https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau?lang=kk 

Документы
Новости
Полезные материалы
Медиагалерея
События
Реализуемые проекты
Услуги
Организации
Часто задаваемые вопросы

Социальные медиа

ins
fb
yt

Меню подвал