Б.з.д. алғашқы мыңжылдықта Қазақстан аумағын мекен еткен тайпалар «сақ» деген біртұтас атқа ие болды. Бұл - еуропалық мәдениетте «скиф» атауы ретінде де белгілі. Сол кезеңдердегі парсы дереккөздерінде сақтардың үш ірі тобы сипатталады: хаумаваргалар («хаома» сусынын дайындаушылар), тиграхаудалар (шошақ бөріктілер) және парадарайалар (теңіздің арғы жағын мекен ететіндер). Сақ тайпалары туралы көптеген мәліметтер «тарих атасы» грек авторы Геордоттың жазбаларында сақталған. Ол жазбаларда массагатттер, савроматтар, исседондар, аргипейлер, аримаспылар, ассилер, пасиандар, сакараулдар және т.б. тайпалар аталғандығы белгілі.
Жазба дереккөздер беретін мәліметтер археологиялық олжалардың көп санымен нақтылана түседі. Сақ қорғандары деп аталатын ірі жерлеу кешендерінің жасақтаушылары болып табылады. Олардың бірінде 1969 жылы, Алматыдан 70 шақырымда Есік өзені жағасында баршаға мəлім «Алтын адам» табылған еді.
Сақ өркениетінің айрықша ерекшелігі жылқыларды әскери істе пайдалануы болды. Бұл өз алдына жаяу әскер мен екіаяқты күйме арбаның қүшін пайдаланған сол уақыттағы егіншілік мәдениет үшін таңғажайып еді. Дәл сақтар мен сарматтар сол кездері атты әскер секілді алдыңғы қатарлы әскер қатарын жасақтады. Әдетте қару-жарақтармен қамтылған ірі төзімді аттарды мінген жауынгерлермен қорғалған жасақтар алыс қашықтықтан қарсыласқа оқ жаудыратын садақшылардан кейінгі қатарда жүреді. Гректер оларды катафрактарий, яғни броньмен қорғалғандар деп атаған. Өз тиімділігін дәлелдеген әскердің жаңа түрі және ұрысты жүргізу стратегиясы өзге мемлекеттер тарапынан пайдаланылды. Тарихшы Ф. Кардинидің тұжырымдауынша, сақ катафрактарийлері еуропалық рыцарь (сері) әскерінің қалыптасуына үлгі болды.
Байырғы көшпелілердің дүниетанымы және шығармашылыққа махаббаты қолданбалы өнер – «аңдық стиль» ерекше өнерін туындатуда көрініс тапты.
Ең танымал сақ билеушілерінің бірі – Томирис. Ол көшпелілерді өзіне бағындырмақшы болған парсы басқыншысы Кирдің алдында жеңіске жетті. Дегенмен оның өлімінен кейін сақ даласына шабуыл жасау әрекеттері тоқтамады. Сол кезеңдегі тағы бір тарихи шайқастардың бірі - парсы патшасы Дариймен шайқасы және Ескендір Зұлқарнайын (Mакедониялық Александр) шабуылына қарсы ұрысты жатқызуға болады.
Ескере кететін жайт, сақтарда әуелгі кезеңдерге қарағанда қоғамның күрделі құрылымы қалыптасты. «Әскери демократия» шеңберінде сақ тайпалары билеушілері ретінде жауынгерлер қауымы тарапынан сайланатын патшалар көрініс тапты. Олар бір кезеңдерде жоғарғы абыз рөлін атқарды.
Сақтарда үстем болған діни сенімге ата-бабаға табынуды жатқызуға болады. Олар қабірдегі қаза болған адамның қасына оған тиесілі мүлік бөлігін жерлеген, мәйіттің денесін бальзамдаған. Сонымен қатар Күн мен отқа да табынған. Көне парсы дереккөздеріне сүйенсек, сақтарда анимизм мен тотемизм секілді діни түсініктер кеңінен таралған.
Сақ қорғандары – биіктігі 20 метрге дейін жететін, іргетасының диаметрі 120–150 метр аралығын құрайтын үлкен көне құрылыстар. Олардың арасында биіктігі 1–1,5 метр және диаметрі 5-7 метр құрайтын кішігірім төбелер де бар. Үлкен қорғандар патша қорғандары деп аталады, себебі олардың астында билеуші әулет өкілдері мен көне тайпалардың әскери элитасы жерленген.
Орташа қорғандарда – диаметрі 50 метрге дейінгі және биіктігі 10 метрге дейін – айтулы жауынгерлерді, арбакештер мен абыздарды, ал кіші корғандарда – диаметрі 10–15 метр және биіктігі 1,5–2 метр – қарапайым адамдарды жерлеген. Жеке қорғандардың кездесуімен қатар олардың он, тіпті жүзге дейін топтасуы орын алған. Қорғандар және қорған қорымдары Қазақстанның бүкіл жерлерінде: ұлан-ғайыр далалар мен шөлейттерде, тауаралық және өзен алқаптарында, таулар мен тау бөктерінде кездеседі. Әсіресе олар Жетісуда, Жоңғар, Іле және Талас Алатаулары бөктерінде көптеп шоғырланған.
«Алтын адам» табылған Есік қорған-қорымы скиф-сақ кезеңінің ең үлкен археологиялық ескерткіші. Ол ХХ ғасыр археологиясының айтарлықтай жаңалықтарының бірі болып саналады. Қорғанда жерленген жас азамат сақ-тиграхауда билеушілері тобына жатады. Ол алтын түйіндіктермен безендірілген қару-жарақтар, белдік және алтынмен тігілген сырт киімде жерленген. Баскиімі шамамен 150 әшекеймен безендірілген. Алтын адам қазіргі қазақтардың ата-бабалары – сақтар, ғұндар, үйсіндер және қыпшақтар өмір сүрген жердің қорғаушылары ерлігінің бейнесі ретінде қалыптасты. «Алтын адам» көшірмелері Алматы мен Астана қалаларында, сонымен қатар, Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде орнатылған.
Сақтардың «аңдық стилі» қола дәуірінде қалыптасып, б.з.д. VІІ–VІ ғасырларда түбегейлі орнықты. Ежелгі суретшілердің шығармашылығы жануарлар әлемінің нақты бейнелерімен шынайы және алуан түрлі өзара байланыс нәтижесінде туындады. Қазақстандық жан-жануарлар əлемі яғни, суреттерде арқар, жолбарыс және жабайы қабан, марал мен түйе, дала қыраны жиі, ал ақбөкен, қасқыр және қоян суреттері сирек кездеседі.
Аңдық бейнелердің шығармашылық көрініс табуы да әртүрлі болды. Олар дөңгелек мүсіндер, силуэттік және сызықтық суреттер ретінде көрінfіс тапты. Аталмыш бұйымдарды әзірлеуде материал ретінде тек қана алтын, күміс, қола және темір пайдаланылмады, сонымен қатар, сүйек пен мүйізден ою, бастырмалар, түрлі түсті киізден және теріден өрнек тігу кеңінен орын алды.
Б.з.д. 329-327 жылдары гректердің басып кіруі Орта Азия тайпалары мен халықтары тарапынан табанды тойтарысқа кезікті. Ұлы Александр әскерлеріне қарсы ұрысқа сол уақытта Қазақстанның оңтүстік аудандарын мекендеген тайпалар, жекелей алғанда массагеттер белсене қатысты. Александрдың әскерімен бірге Сырдария арқылы өту талпынысы сәтсіз аяқталды. Бұл жорықта ол жарақат алған еді. Шамамен үш жылға созылған жорық нәтижесінде гректер белгілі бір уақыт аралығына ғана Орта Азия халықтарын өздеріне бағындыра алды. Сырдарияның арғы бетінде өмір сүрген сақтар өз тәуелсіздігін сақтап қалған еді.