Неолит дәуірінің өзінде біліне бастаған шаруашылық өзгерістер б.з.д. ІІ мыңжылдықта мал шаруашылық-егіншілік экономикасының және сол кез үшін жоғары дамыған металлургияның пайда болуына алып келді.
Өндіруші типтегі экономикаға көшу Қазақстан аумағындағы жағдайды түбегейлі өзгертті.
Қола еңбек құралы мен қару жасаудағы негізгі шикізат көзіне айналады. Қазақстан қойнауының полиметалл кендеріне, соның ішінде қалайылы-мысты кендерге бай болуы оның аумағында металлургия ошақтарының пайда болуының негізгі себебі болды.
Қола дәуірінде Сібірдің, Арал маңының, Қазақстан және Орта Азияның ұлаң-ғайыр далалы кеңістіктерін бізге айрықша төл мәдениетін қалдырған әрі шығу тегі жағынан туыс боп келетін тайпалар қоныстанған болатын. Ғылымда ол «андронов» атауын иеленді, себебі оның ең алғашқы табылған жері Батыс Сібірдегі Андронов ауылы болған. Андронов қоныстарын басқалардан ерекшелеп тұратын мәдениеттің басты белгілері жерлеу рәсімі, геометриялық нақыштары бар сазды ыдыстардың ерекше жинағы, металл бұйымдардың формалары болып табылады.
Қола дәуірінде отбасылық қауым өндірістік ұжымдық болып қалыптасты, ал ұжымдық еңбекте ортақ меншік пайда болды. Уақыт өте келе, әсіресе кейінгі қола кезеңінде, бөлектеніп күшейген отбасылық қауымдар оқшаулануға тырысты, соның нәтижесінде отбасылық меншік қалыптасты.
Қола дәуірінің ерте және орта кезеңдеріне, тайпа аралық қақтығыстардың күшейген кезіне қоныстарды қоршап тұрар дуалдар мен орлар сияқты қорғаныс қамалдарының пайда болуы жатады.
Қола дәуірінің кейінгі кезеңінде рулардың ыдырауы мен олардан жекелеген отбасылардың бөлініп шығуы нәтижесінде тұрғылықты үйлер де өзгере бастайды. Олар дыбыс естілмейтін қалқандармен дербес отбасыларға арналған бөлімдерге бөлектелінеді.
Бұл кезең діни табынушылықтағы өзгерістермен сипатталады. Құрбандық шалу рәсімі пайда болады. Арнайы құрбандық шалатын орындар қоныстың жанында орналасады. Қола дәуірінде құрбандық шалу Күнге, отқа, Айға, жұлдыздарға, сонымен қатар жебеуші рухтарға арналған.
Қола дәуіріндегі тайпалардың діни түсініктері мен ғұрыптары туралы ерекше маңызды ақпаратты, сонымен қатар ежелгі адамдардың өнері туралы ақпаратты жартасқа салынған суреттер – петроглифтер береді. Олардың шоғырлануы түрлі деңгейдегі ғибадатханаларды – рулықтан бастап тайпалыққа дейінгі – көрсетеді деп қабылданған.
Осылайша, қола дәуіріндегі Қазақстан аумағында далалық өркениеттің ары қарайғы дамуына негіз болған дамыған мәдениет қалыптасты.