Қазақстан аумағының жер бедері күрделi және сан алуан: биiк таулар, үстірттер, ойпаттар мен жазықтар.
Жер бедерінің басым бөлігі - үстірттер, ойпаттар мен жоталар - олар Қазақстан аумағының жартысынан көп бөлігін алып жатыр. Ел аумағының үштен бiрi - жазық, ал биік таулар 10 %-ды ғана алады.
Батыста, Манғыстау түбегінде ең төмен нүкте - Қарақия ойысы (теңіз деңгейінен 132 м төмен), ал ең биiк нүкте оңтүстiк-шығыста орналасқан - Хан Тәңірі шыңы (7010 м).
Егер Қазақстан жер бедерiнiң басты ерекшелiктерiн айтатын болсақ, оларды төмендегiше сипаттауға болады:
Қазақстанның үлкен аумағы әр түрлi географиялық облыстардан тұрады.
«Биік таулы облыстар»
Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс шеттерінде орналасқан Алтай, Сауыр Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Тянь-Шань таулары. Бұл таулардың барлығы палеозой дәуірінде қалыптасып, мезозой эрасында тегістелген.
«Алтай»
«Алтай» - Сiбiрдiң оңтүстiгіндегі тау жүйесi. Ол Ресей, Моңғолия, Қытай және Қазақстан шекарасы қиылысатын жерде орналасқан. Қазақстан аумағына Алтай тауларының оңтүстiк-батыс бөлігі кiредi. Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттiк шекарасында Алтай-Қатын жотасы орналасқан. Оның ең биік шыңы - Мұзтау (4506 м).
«Сауыр-Тарбағатай»
Шығыс Қазақстан облысында, қытаймен шекарада орналасқан тау жотасы. Бұл тау жүйесінің шығыс бөлігі қазақстандық танымал Сарыарқа жазығымен жалғасады. Сауыр Тарбағатайдың солтүстігінде - Зайсан қазаншұңқыры, оңтүстігінде - Алакөл қазаншүңқыры.
Сауыр-Тарбағатай тау жүйесі екі үлкен тау жотасынан тұрады: Сауыр және Тарбағатай. Ұзындығы 140 км Сауыр жотасы Қытайда басталады және Қазақстан аумағында 60-65 км болатын оның қысқа бөлігі ғана орналасқан. Жота батысқа қарай терең де үлкен қазаншұңқырлар арқылы созылып жатыр. Сауырдың ең биік нүктесі - Мұзтау (3816 м).
Тарбағатай бірнеше аласа таулардан тұрады және Сауыр жотасына көршілес орналасқан. Оларды Қандысу және Жоғарғы Емел (Қытайдың аумағында) өзендері бөліп жатыр. Тарбағатай Сауырмен салыстырғанда аласа, бірақ ұзын, ұзындығы - 300 км. Жоғарғы нүктесі - Тастау (2992 м).
«Жоңғар Алатауы»
Жоңғар қақпасы - тар тектоникалық жарықшақ, батыста Жоңғар Алатауы мен шығыста Барлық жотасы аралығындағы тау өткелі, Балқаш-Алакөл қазаншұңқыры мен Жоңғар жазығын байланыстырады. Ұзындығы шамамен 50 км болатын ұзын және кең дәліз секілді, бұл арқылы Қытай мен Қазақстан аралығындағы мемлекеттік шекара өтеді. Биіктігі - 300-400 м. Қақпаға кіреберісте Алакөл көлі (солтүстіктен) және Ебі-Нұр көлі (оңтүстіктен) орналасқан. Өткелдің орталық бөлігінде Қазақстандық темір жолдың Достық станциясы, оңтүстігінде - ҚХР Ланьчжоу-Синьцзян темір жолының Алашанькоу станциясы орналасқан.
«Тянь Шань таулары»
Тянь-Шань қытай тілінен аударғанда "аспан таулары" деген мағына береді. Ол 4 елдің аумағында орналасқан: Қырғызстаң Қытай (Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданы), Қазақстан және Өзбекстан. Қазақстан аумағына Солтүстік Тянь-Шаньның барлық дерлік бөлігі, Орталық және Батыс Тянь-Шаньның бір бөлігі кіреді.
Қазақстан аумағындағы Орталық Тянь-Шань Хан Тәңірі шыңынан басталып, батысқа қарай созылып жатыр. Олардың ішіндегі ірі тау жотасы - Теріскей Алатау. Шығыс тармағы Қырғызстан шекарасы арқылы өтеді.
Солтүстік Тянь-Шань жоталарына кіреді: Кетпен, Күнгей Алатау, Іле Алатауы, Шу-Іле таулары және Қырғыз Алатауы.
Батыс Тянь-Шань тауларына Талас жотасы және одан оңтүстік-шығыс бағытта созылып жатқан - Өгем және Қоржынтау тау жоталары кіреді. Қазақстан аумағында Тянь-Шаньның ең шеткі және қатты қираған бөлігі - Қаратау толық орналасқан.
«Сарыарқа»
Сарыарқа батыста - Торғай үстіртімен, шығыста - Сауыр-Тарбағатай тау жүйесімен, солтүстікте - Солтүстік-Қазақ жазығымен, оңтүстік-батыста - Тұран ойпатымен шектеседі. Оның үзындығы батыстан шығысқа қарай 1200 км, шығыс бөлігінің ені - 400 км, батыс бөлігінің ені - 900 км.
Орталығында Қарқаралы таулары (1403 м), оңтүстікке қарай ең жоғарғы биіктігі 1565 м (ұсақ шоқының жоғарғы нүктесі) болатын Ақсораң тауы бар Қызылтас алабы орналасқан.
Оңтүстік-батыста - Ұлытау (1133 м). Солтүстікте - Көкшетау қыраты (947 м). Жотаның шығысында - Шыңғыстау (1077 м), Ақшатау (1305 м). Айналасында аласа таулар алабы (15-30 км) орналасқан. Олар - Баянауыл (1026 м), Дегелең (1084 м), Жақсы-Жалғызтау (729 м), Бурабай (947 м), Нияз (833 м) және т.б. Ұсақ шоқының оңтүстік бөлігінде, Балқаштан 70 км жерде Бектау-Ата алабы (1213 м) орналасқан. Сарыарқа өлкесі, соның ішінде Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері 2008 жылдан бері ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының тізіміне Орталық Азия және Қазақстаннан кірген бірінші табиғи нысаны болып табылады.
«Сарыарқа» сөзі қазақ халқының аумағында халық мәдениетінің символына айналды. «Сары-Арқа» атымен Астана және Алматыдағы ірі аудандар, сонымен қатар, басқа да елді мекендер, Қарағандыдағы әуежай, елдегі бірнеше ауыл аталады. Бұдан басқа мәдениет және спорт нысандары (мысалға, Қарағандының хоккей клубы немесе Астананың ең ірі велотрегі), ойын-сауық орталықтары мен басқа да орындарды «Сары-Арқа» атымен жиі атайды.
«Мұғалжар»
Мұғалжар - Орал тауының жалғасы болып табылатын аласа таулы өлке. Мұғалжар Қазақстанның батысында, Ақтөбе облысында орналасқан. Ұзындығы - 200 км, ені - 30 км, орташа биіктігі - 450-500 м. Мұғалжар тауы Орск қаласынан (Ресей Федерациясының Орынбор облысы) солтүстіктен оңтүстікте қарай созылып жатыр. Ең биік нүктелері: Үлкен Бақтыбай тауы (657 м) және Айрық тауы (633 м).
Мұғалжар тауларынан Ор өзені (Жайықтың сол саласы), батысқа - Жем өзені мен салалары, шығысқа - Ырғыз өзені бастау алады. Мұғалжардан оңтүстікке қарай Үлкен Борсық құмы орналасқан, о таулы өлкені Арал теңізінен бөліп тұр.
«Маңғыстау таулары»
Үстірттер мен қыраттар
«Үстірт қыраты»
Қазақстан, Түркменстан, Өзбекстан аумақтарында орналасқан қырат. Қазақстанның аумағына оның солтүстік-батыс бөлігі ғана кіреді және Манғыстау түбегі мен Арал теңізі аралығындағы кеңістікті алып жатыр.
Үстірттің ауданы шамамен - 200 000 км2. Ол орташа биіктігі теңіз деңгейінен 200 м жоғары орналасқан төмпешікті жазықтардан тұрады. Қазақстан аумағында қыраттың ең биік нүктесі - Мұзбел бөктері (340 м). Ол солтүстік-шығысқа қарай біртіндеп аласарады.
Үстірт барлық жағынан тік жарлармен қоршалған. Арал теңізі шетіндегі шығыс жарының салыстырмалы биіктігі шамамен 190 м болады.
Негізгі ландшафт - сазды жусанды шөл, қыраттың оңтүстік-шығыс бөлігі - сазды-тасты шөл.
«Торғай үстірті»
Батыста Оңтүстік Орал және Мұғалжар тауларының арасында, шығыста Сарыарқа (Қазақ ұсақ шоқысы) мен Көкшетау, Ұлытау тауларының арасында орналасқан үстірт.
Торғай үстіртінің ұзындығы - шамамен 600 км, ені - 300 км, биіктігі - 310 м-ге дейін, орташа биіктігі - 200-300 м. Орталық бөлігінде солтүстіктен оңтүстікте қарай 750 км созылып жатқан жыра орналасқан. Оны Торғай бұғазы немесе Торғай қақпасы деп атайды.
Торғай үстірті негізінен теңіз шөгінділері мен құрылықтық жыныстардан тұрады.
«Орал алды үстірті»
Жем үстірті - Каспий маңы ойпаты мен Мұғалжардың батыс таулары аралығында орналасқан үстірт. Үстірттің орташа биіктігі шамамен 100-300 м. Солтүстік-шығыста ол кішкене жоғарылайды, солтүстікке, оңтүстікке және батысқа қарай төмендеп, төбешікі жазыққа ұласады. Үстірт сазды және шөгінді топырағымен, кейбір жерден форфориттің шығуымен ерекшеленеді. Орал Алды үстірті Ембі өзені арналарының жүйесімен және басқа да шағын өзендермен суарылады.
«Бетпақдала»
Батыста Сарысу өзенінің, шығыста Балқаш көлінің, солтүстікте Сарыарқаның, оңтүстікте Шу өзенінің аралығында орналасқан үстірт.
Үстірттің жер бедері біртектес. Әр жерде қысқа құрғақ жыралар және сорлар мен өзендерден қалған терең емес ойыстар үшырасады. Үстіртте ағынды су тіптен жоқ. Жер бедерінің орташа абсолюттік биіктігі - 300-350 м.
«Жалпы Сырт»
Еділ мен Орал таулары арасында орналасқан көлемді төмпешікші үстірт (сырт). Қазақстанға оның тек оңтүстік бөлігі жатады. Жалпы Сырт әктастардаң бордар және солтүстік-батыс бағытта қысқа биік емес қатпарларға жиналған басқа да шөгінділерден тұрады. Үстірттің жер бедері - бөлшектенген, қазақстандық бөлігі жазық болып келеді.
«Балқаш маңы жазығы»
Онтүстікте Балқаш көлінің, оңтүстік-шығыста Жоңғар Алатауының, оңтүстікте Іле Алатауының және батыста Шу-Іле тауларының аралығында орналасқан жазық.
Жазықтың ерекшелігі - ол қоршап тұрған тауларға қарай 350 м-ден 700 м-ге дейін жоғарылайды. Балқаш маңы жазығында Тауқұм, Сарыесік-Атырау құмды шөлдері мен Бақанас тақырлы, сазды-құмды жазығы орналасқан. Балқаш маңы жазығының жер бедерінде құмды белдер басым, олар қайраңдармен, сазды-құмды жерлермен кезектеседі.
Жазықтар мен ойпаттар
«Батыс-Сібір жазығы»
Батыс-Сібір ойпаты - Ресей мен солтүстік Қазақстанның аумағында орнасқан жазық. Қазақстанның аумағына Батыс-Сібір жазығының оңтүстңк шеті кіреді. Ол Орал тауларынан Алтайға дейін созылып жатыр.
Бүл жазықтың жер бедері біртектес: биік белестер мен үстірттер жоқ. Кейбір жерлерде ғана солтүстік-шығысқа қарай 2-8 км созылған, биіктігі 5-15 м болатын жоталар кездеседі. Олардың аралығында терең емес ойпаңдар орналасқан.
Батыс-Сібір жазығы оңтүстіктен солтүстікке қарай көлбеу болып келеді. Жазықтың Сарыарқамен жалғасатын оңтүстігінде ол теңіз деңгейінен 200 м көтеріледі, ал солтүстікте және солтүстік-шығыста (Петропавлға жақын) 130-140 м-ге дейін төмендейді. Мұны өзендердің баяу ағысы бойынша ғана көреге болалы.
«Шығыс Еуропа жазығы»
Орыс жазығы - Шығыс Еуропадағы жазық, Еуропалық жазықтың бөлігі. Қазақстанда Каспий маңы ойпатын қосқанда оның оңтүстік-шығыс бөлігі жатыр.
«Каспий маңы ойпаты»
Солтүстікте Жалпы Сырт, шығыста Орал Алды үстірті, оңтүстік-батыста Каспий теңізі аралығында орналасқан. Оңтүстік-шығыста ойпат Үстірт және Маңғыстау үстіртімен шектеседі.
Теңіз жағасында Каспий маңы ойпаты теңіз деңгейінен 27 м төмен жатыр. Каспий теңізінен алыстаған сайын ол біртіндеп көтеріліп, солтүстік шетінде 100 м абсолюттік биіктікке жетеді. Каспий маңы ойпатының жер бедері біртектес. Ол теңіздің түбі болғандықтан ондаған шақырымдарға дейін биік жерлер кездеспейді. Бұл жерлерде тегіс сазды жазықтар мен құмды алаптар көп кездеседі. Бұл өлкеде келесі құмдар орналасқан: Нарын, Батпайсағыр, Бозанай, Қосдәулет, Мыңтөбе, Тайсойған, Қарақұм.
«Тұран ойпаты»
Қазақстанда батыстан шығысқа қарай созылған кең жазық. Қазақстанға оның солтүстік бөлігі ғана кіреді, негізінде, ойпат Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің аумағында орналасқан. Ойпаттың шеттері теңіз деңгейінен 200 м-ге дейін көтерілгең ал Арал теңізіне қарай бағытталған орталығында төмендейді. Сырдария Тұран ойпатын екі бөлікке бөледі: оңтүстік және солтүстік. Үстір және басқа да үстірттер салыстырмалы ойпаттармен кезектеседі: жеке ойыстар теңіз деңгейінен төмен орналасқан (мысалы, Қарақия - 132 м). Ойпаттың үлкен бөлігі Қарақұм, Қызылқұм, Мойынқұм және басқа да шөлдерден тұрады, олдардың биіктігі 922 м-ге дейін жетеді.