Денсаулық сақтау министрі Қарағанды облысындағы колонияға барды

Денсаулық сақтау министрі Қарағанды облысындағы колонияға барды

Денсаулық сақтау министрі ҚАЖ комитетінің төрағасымен бірге Қарағанды облысындағы қауіпсіздігі жоғары мекемеге барды.

Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы», атап айтқанда, ҚАЖ-дың медициналық қызметін денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру жөніндегі шараларды іске асыру шеңберінде Алексей Цой мен Жанат Ешмағамбетов АК-159/7 мекемесінің медициналық бөлімдерін аралап шықты.

ҚАЖ комитетінің төрағасы Ж.Ешмағамбетов министрлік басшысын мекемедегі жабдықтармен және сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету жағдайларымен таныстырды.

Сонымен қатар, ведомство басшылары мекеме қызметкерлерінің медициналық қызмет көрсету кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылады.

«Халықаралық және ұлттық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бас бостандығынан айыру әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге ғана емес, сондай-ақ адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге де қатысты. Сотталған адам оқшаулану жағдайында тек заңмен шектелетінін түсіну керек. БҰҰ-ның ең төменгі стандартты ережелеріне сәйкес сотталушының денсаулығын сақтау құқығы оның ажырамас бір бөлігі екені айқын. Өкінішке орай, бүгінгі күні ҚАЖ мекемелеріндегі медициналық қамтамасыз ету саласы көбінде стандарттардың талабына жауап бере алмайды. Біздің жүйемізді жаңғырту аясында пенитенциарлық медицина функцияларын денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру сотталғандарды тексерудің, оларға диагностика жасаудың және емдеудің заманауи әдістерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов.

Денсаулық сақтау министрі мекемелерді аралау барысында медициналық қамтамасыз ету функциясын министрліктің қарамағына берудің басты мақсаты сотталғандарға медициналық көмек көрсетуді арттыру және медициналық қызмет көрсетудің бірыңғай жүйесін құру болып табылатынын атап өтті. Біздің мақсатымыз білікті медициналық көмек көрсету мәселелерінде аумақтық денсаулық сақтау органының медициналық ұйымдарымен өзара іс-қимылды жақсарту. Сотталғандарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына бекітетін болады. Онда қамаудағылар қосымша медициналық қызметтерді ала алады", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

ҚАЖ медициналық қамтамасыз ету қызметін Қарағанды облысындағы денсаулық сақтау жүйесіне кезең-кезеңімен беру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға дайындық туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев баяндады. Ол аталған жобаны тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін облыста дайындық жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.

Бірінші кезекте ҚАЖ қызметкерлерімен бірлесіп, қолданыстағы ресурстарға түгендеу жүргізілді.  Ғимараттар мен үй-жайлардың жай-күйі, медициналық және технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілуі, медициналық кадрлар мен олардың дайындық деңгейі және т. б. бағаланды.

Алынған деректерді талдау негізінде уақтылы шешуі қажет өзекті мәселелер анықталды. Бұл нормативтік базаға IT-технологияларды енгізу бөлігінде өзгерістер енгізу, ҚАЖ медициналық бөлімшелерін интернетке қосу, дәрігерлердің жұмыс орындарын компьютерлік техникамен жабдықтау қажет болапы табылады.

Анықтама: ҚАЖ жүйесінде барлығы 65 медициналық бөлім, 15 денсаулық сақтау пункті және 6 аурухана, сондай-ақ штат саны 1 600-ге жуық медициналық персонал жұмыс істейді.