Алматыда сотталғандар арасында «Үміт-2021» байқауы өтті

Алматыда сотталғандар арасында «Үміт-2021» байқауы өтті

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жылдағы дәстүр бойынша сотталғандардың өнерін сынға салатын «Үміт» конкурс-байқауы өтті.
Сотталғандар бұл байқауда екі номинация бойынша, атап айтқанда, қолөнер бұйымдарын жасау және сурет өнері бойынша сайысқа түсті. Бұл конкурс сотталғандар арасында да небір шеберлер мен суретшілер бар екенін анықтады. Атап айтқанда қолөнер бұйымдары бойынша ЛА-155/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан А. атты жасөспірімнің қолынан шыққан судың екпінімен қозғалысқа түсетін «Экскаватор» әділқазылар алқасының әділ бағасына ие болып, бірінші орынды иеленді. Шприц пен суды, гуашты қолданған шебердің өнері оның болашағынан зор үміт күттіретін мамандық иесі болатынына деген сенімді күшейтеді.
Сурет өнері бойынша жүлделі орынға ЛА-155/18 мекемесінен сотталған С.-ның салған «Гармония» атты картинасы ие болды. Бұл көрмеге сотталған С.-ның бұдан басқа да «Менің жаным», «Менің арманым алыс» атты суреттері де қойылды.
– Сотталғандар арасында өткен «Үміт-2021» конкурсының мақсаты – сотталғандарды табиғаттың кереметін сезіне алуға, өнердің тылсымын түсінуге, олардың эстетикалық түсінігін қалыптастырып, айналасындағы сұлулыққа деген құштарлығын арттыруға тәрбиелеу болып табылады. Конкурс жеңімпаздарына белгіленген ақшалай сыйлық, олардың жеке шоттарына аударылатын болады, – деді Әділқазылар алқасына төрелік еткен Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы Д. Қанатбеков.
Сонымен қатар жеңімпаз сотталғандар департамент басшылығы тарапынан Мақтау грамоталарына ие болды.