Тыйым салынған заттардың үш түйіншегін түзеу мекемесіндегі сотталғандарға жеткізбек болған ақтөбелік ұсталды

Тыйым салынған заттардың үш түйіншегін түзеу мекемесіндегі сотталғандарға жеткізбек болған ақтөбелік ұсталды

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті, полиция департаменті және Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп өткізілген «Асыра лақтыру» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында, КА-168/2 мекемесінің негізгі қоршауы арқылы мекемеге тыйым салынған заттары бар үш түйіншекті лақтыруға тырысқан 26 жастағы ақтөбелік ұсталды.
Тексеру кезінде азаматтан жылтырақ желіммен қапталған үш түйіншек табылды: екі түрлі қаптамада 2 ұялы телефон және үшінші қаптамада ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат тәркіленді. Сонымен қатар, азаматтың жеке тұлғасын анықтау барысында, оның бұрын сотталғаны анықталды.
Бұдан бөлек, «Асыра лақтыру» алдын- алу іс- шарасы кезінде КА-168/1 тергеу изоляторының қызметкерлері мекемеге келуші 33 жасар азаматшаның сәлемдемесін тексеру кезінде, аяқкиім табанына мұқият жасырылған 2 шағын ұялы телефон және USB шнурын тәркіледі.
Мекемеге әкелуге тыйым салынған заттарды азаматша тергеу-қамауындағы айыпталушы күйеуіне жеткізбек болған.
«Орын алған екі жағдай мекеменің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді.
Ер адамға қатысты бірінші дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін құжаттар жинақталды. Екінші дерек бойынша заңсыздыққа барған әйел адам ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Жалпы, «Асыра лақтыру» жедел-алдын алу іс - шарасының мақсаты – түзеу мекемелеріне әкелуге тыйым салынған заттардың мекемеге кіруіне жол бермеу, тыйым салынған заттардың жолын кесу.
Жедел-алдын алу іс- шарасы барысында ҚАЖ департаменті, Полиция департаменті және Ұлттық ұлан әскери қызметшілері үйлесімді жұмыс пен өзара тиісті іс-қимылды көрсетті», - дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.
Айта кету керек, жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлерінің қырағылығының арқасында, мекемеге тыйым салынған заттардың жолын кесудің 19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде ҚАЖ қызметкерлерінің мекемеге есірткі заттарын жасырын түрде жөнелтек болған 8 жағдай анықталып, заңбұзушылықпен ұсталған азаматтарға қатысты ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлігі, 296-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Сонымен қатар, «Асыра лақтыру» бойынша мекемеге жеткізбек болған: 20 ұялы телефон, 20 sim карта, 9 Құлаққап, 6 телефон зарядтағыш, 1 флеш-карта, 2 ұялы телефон батареясы бар 11 деректің жолы кесілді.