2021 жылғы қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатында ҚАЖ қызметкері жүлделі үшінші орынды иеленді

2021 жылғы қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатында ҚАЖ қызметкері жүлделі үшінші орынды иеленді

Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/18 мекемесінің (тергеу изоляторы) күзет және режим бөлімінің бақылаушысы әділет аға сержанты Қымбат Ахмет Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында 45 келі салмақ дәрежесінде 3-ші орын иеленді.
Бұл жеңіс Қымбаттың алғашқы жеңісі емес. Спортпен 2005 жылдан бері айналысатын Қымбат 2013 жылы Грецияда өткен Әлем чемптонатында қола жүлдегер, 2016 жылы Чехияда өткен Европа чемпионатында күміс жүлдегер, 2018 Белоруссиядағы Европа чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын.
Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебін бітірген Қымбат Елеусізқызы спорттағы жолын дэюдодан бастаған болатын. 2013 жылдан бастап самбомен айналысатын Қымбаттың спорттағы жеңістері оңайлықпен келген жоқ. Қылмыстық-атқару саласындағы жауапты жұмысымен қатар үздіксіз жаттығуларға да уақыт табады.
«Спорттағы жеңістің бірінші баспалдағы тынымсыз жаттығулардан басталады. Әр спортшының жеңісінің артында осы жеңіске жеткізген адамдар тұрады. Бұл орайда мені спорттың қыр-сырына баулыған Медет Қожбанов, Қайрат Мұқанбеков, Ермус Мусиркенов сияқты жаттықтырушыларыма айтатын алғысым шексіз. Сондай-ақ маған жанкүйер болумен қатар, зор қолдау көрсеткен қылмыстық-атқару саласындағы әріптестеріме де ризышылығымды білдіргім келеді»-дейді Қымбат Елеусізқызы. Әріптесіміз Қымбат Ахметтің тек спорттағы жұлдызы ғана емес, өмірдегі жұлдызы да жарқыраған жан. Ол – аяулы ана, абыройлы қызметкер.
Қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан және дзю-додан спорт шебері Қымбат Ахметке «спорттағы жұлдызың жарқырай берсін» дейміз.