Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясының қызметкерлері Павлодар тұрғынына аман-есен үйіне қайтуға көмектест

Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясының қызметкерлері Павлодар тұрғынына аман-есен үйіне қайтуға көмектест

Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясының қызметкерлері Павлодар тұрғынына аман-есен үйіне қайтуға көмектесті

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің әйелдер колониясының қызметкерлері ұзақ мерзімді кездесуден кейін қар құрсауында қалған Павлодар қаласының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған ұлына көмек көрсетті.

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты олардың автокөлігі толығымен қар астында қалып, отбасы өз бетімен жолды жалғастыра алмады.

52 жастағы ер адам 15 жастағы ұлымен бірге жазасын өтеп жатқан жұбайымен кездесуге келген. Олар ұзақ мерзімді кездесуде болған уақытта Шуақ ауылында ауа райы күрт өзгеріп, қатты жел соғып, мол қар жауған. Соның салдарынан отбасының көлігі қалың қарға батып, қозғала алмай қалған.

Үйден алыс жерде қиын жағдайға тап болған әке мен бала үлкен қиындық көрді. Сол сәтте кезекшілікте жүрген мекеме қызметкерлері жағдайды байқап, дереу көмекке келген. Олар өз күштерімен және қызметтік техниканың көмегімен қарды тазалап, көлікті қар құрсауынан шығарып, қауіпсіз түрде жолды жалғастыруға мүмкіндік жасады.

Колония қызметкерлерінің ұйымшыл әрі жедел әрекетінің арқасында отбасы аман-есен Павлодарға қайтып аттанды.

– Ұлым екеуміз өте қиын жағдайға тап болдық – көлігімізді толығымен қар басып қалған, айналада боран, жол көрінбейді. Шынымды айтсам, қатты абдырап қалдым. Сол сәтте колония қызметкерлері көмекке келді. Олар тек қызметтік міндетін орындап қана қоймай, шынайы адамгершілік танытты. Қиын сәтте жанымда бейжай қарамайтын адамдардың болғаны мен үшін өте маңызды болды. Бізге көмектесіп, аман-есен үйге жетуімізге жағдай жасаған әрқайсысына шын жүректен алғыс айтамын, – деді Павлодар тұрғыны.

– Біздің қызметкерлер қандай жағдай болмасын адамдарға көмектесуге әрдайым дайын. Бұл жағдайда тек қызметтік міндет емес, адамгершілік жауапкершілік, қамқорлық пен қолдау көрсетілді. Ұжымымыздың жеделдік, бірлік танытып, адамдарды қиын жағдайда қалдырмағанына біз мақтанамыз, – деп атап өтті мекеме бастығы Уәлихан Жұмашев.

Мұндай жағдайлар қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің тек тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелмей, сонымен қатар қиын өмірлік жағдайларда азаматтарға көмек көрсететін жоғары моральдық қасиеттерге ие екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.