
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бала өмірін құтқарған Ақмола облысы ҚАЖ қызметкері марапатталды
Ақмола облысында №6 мекеменің қызметкері, режим бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының бақылаушысы Рахат Байлин ерлік пен жанқиярлық танытып, өртке оранған пәтерден кішкентай баланың өмірін аман алып қалды. Өзінің батыл әрекеті үшін ол 2025 жылғы 21 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жоғары мемлекеттік марапат – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Облыс орталығында болған оқиға кезінде бес қабатты үйдің терезесінен қою түтін шығып жатқан. Сол сәтте оқиға орнында болған біздің жерлесіміз – қылмыстық-атқару жүйесі қызметкері еш ойланбастан, өз өміріне қауіп төндіре отырып, өрт ошағына ұмтылды. Оның мақсаты – от тұзағында қалған адамдарға дереу көмек көрсету болды.
Өз өмірін қатерге тігіп, қызметкер өрт каптаған пәтерге кіріп, қою түтін арасынан демі үзілуге шақ қалған баланы тауып алды. Рахат Байлиннің батыл әрі жедел әрекеттерінің арқасында бала өрт ошағынан аман-есен шығарылып, оқиға орнына жеткен төтенше қызмет өкілдеріне табысталды. Оның дер кезінде жасаған ерлігі мен шешімталдығы орны толмас қасіреттің алдын алды.
Қызметкердің ерлігі жоғары бағаланды. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі қызметкердің ерекше батылдығы мен кәсібилігін мойындай отырып, оған Мемлекет басшысының марапатын жеке өзі табыстады.
– Бұл оқиға біздің арамызда нағыз батырлар бар екенін және азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау – құқық қорғау органдары, соның ішінде ҚАЖ қызметкерлері үшін ең жоғары парыз екенін тағы бір дәлелдеді, – деп атап өтті Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Мерген Аргумбаев.