Пенитенциарлық жүйеде әлеуметтік жұмысты ҚАЖК мен «КӘӘҰ» бірлесе дамытатын болады
Астана, 2025 жылғы 26 тамыз – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) мен «Ұлттық әлеуметтік жұмысшылар альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі (КӘӘҰ) өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған құжат қылмыстық-атқару жүйесінде кәсіби әлеуметтік жұмысты дамыту мен нығайтуға бағытталған және негізгі бағыттар бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді:
Сотталғандарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету – консультациялар, психологиялық жарақатпен жұмыс, отбасылық байланыстарды нығайту, қайта әлеуметтенуге жәрдемдесу және пенитенциарлық кезеңнен кейінгі қолдау;
Білім беру бағдарламалары – ҚАЖ мекемелерінің қызметкерлеріне арналған әлеуметтік жұмыс және кейс-менеджмент бойынша тренингтер, арнайы оқу курстары мен материалдарын әзірлеу;
Нормативтік-құқықтық бастамалар – ҚАЖ мекемелеріне «әлеуметтік қызметкер» лауазымын енгізу бойынша ұсыныстар дайындау, лауазымдық нұсқаулықтар мен өзара іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеу, кәсіби стандарт қалыптастыру;
Әлеуметтік осал топтармен жұмыс – бас бостандығынан айыру орындарында отырған кәмелетке толмағандар, балалы әйелдер және мүгедектігі бар адамдарды қолдау бағдарламаларын әзірлеу;
Әлеуметтік қайта интеграция – тәлімгерлік, босатылғаннан кейін жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуге жәрдемдесу.
ҚАЖ комитеті мен Ұлттық әлеуметтік жұмысшылар альянсы арасындағы ынтымақтастық пенитенциарлық жүйеде әлеуметтік жұмыста құқық қорғау тәсілін енгізуге ықпал етпек. Бұл – адамның қадір-қасиетіне құрмет көрсету, адам құқықтарын сақтау және сотталғандармен гуманистік қарым-қатынас жасау үшін жағдай жасауға баса назар аударуды білдіреді.
Мұндай көзқарас қайта әлеуметтендіру жүйесін нығайтып, қайталап құқық бұзушылық жасау тәуекелін төмендетуге және бұрын сотталған адамдардың қоғамға табысты бейімделуіне мүмкіндік береді.