Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Түпқараған аудандық пробация қызметі бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу талаптарын өрескел бұзу дерегін тіркеді.
Пробациялық бақылауда болып, электронды білезік таққан сотталған тұлға өзінің айтуынша, «бар болғаны бес минутқа көршіге барып келемін» деп үйінен рұқсатсыз шығып кеткен. Алайда бұл әрекет пробация қызметін ескертпей, белгіленген аймақтан тыс орын алғандықтан, жазалау шарттарының бұзылуы болып табылады.
Электронды білезіктен дабыл сигналы мониторинг пультіне бірден түскен. Пробация қызметі онымен байланысуға тырысқанымен, жауап болмаған. Өзінің құқық бұзғанын түсінген сотталған ер адам салдарынан қорқып, білезіктің бауын кесіп тастап, оқиғаны жасыруға әрекеттенген.
Пробация қызметінің қызметкерлері бұл құқық бұзушылықты дереу тіркеп, материалдарды сотқа жолдады.
Түпқараған аудандық сотының шешімімен қалған бостандығын шектеу мерзімі 9 ай 2 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Электронды бақылау құрылғысын зақымдағаны үшін келтірілген залалды сотталған азамат толықтай өтеді.
Пробация қызметі ескертеді:
электронды білезік — жай ғана формалдылық емес. Барлық қозғалыстар мен жүйеге араласу әрекеттері автоматты түрде тіркеліп отырады.
Тіпті «қысқа мерзімге рұқсатсыз шығу» да жазаның қатаңдауына және нақты бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін.