Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық мекемелерінде «Заң және тәртіп» айлығы аясында Ұлттық ойындар күні өткізілді.
Сотталғандар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту сияқты дәстүрлі қазақ ойындарына және басқа да спорттық жарыстарға қатысты.
Іс-шаралар еліміздегі барлық 78 түзету мекемесін қамтып, 15 мыңнан астам сотталғанды біріктірді.
«Бұл іс-шараның мақсаты – спортқа оң көзқарас қалыптастыру, дене шынықтыруды дамыту және сотталғандар арасында ұжымдық рухты тәрбиелеу. Жарыстар жеңімпаздары мақтау қағаздарымен марапатталып, көтермелеу туралы мәліметтер олардың жеке істеріне енгізілді», – деді ҚАЖ комитетінің тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Рустам Ахметжанов.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде Ұлттық ойындар күнін өткізу – бұл жай ғана жарыс емес, сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған кешенді тәрбие жұмысының бір бөлігі.