

ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары Атырау облысына іссапармен барды
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Карибаевич Тұңғышбаев Атырау облысына іссапармен барды.
Іссапар барысында ол Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №15 және №75 мекемелеріне барып, мекемелердің қызметімен танысты. Атап айтқанда, сотталғандардың күн тәртібі, ұсталуы мен тұрмыстық жағдайы, сондай-ақ белгіленген тәртіптің сақталуы зерделенді.
Сонымен қатар, №15 мекемеде жаңадан қолданысқа берілген өндірістік аймақ тексеріліп, сотталғандарды еңбекпен қамту, олардың кәсіби дағдыларын дамыту және қайта әлеуметтендіруге бағытталған жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Іссапар соңында Рүстем Карибаевич №15 және №75 мекемелерінің жеке құрамын жеке қабылдап, қызметкерлердің өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген сұрақтар бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, мекемелердің қызметін одан әрі жетілдіру, заңдылық пен тәртіпті сақтау, сотталғандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.
Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №3 мекемесінде ұн тарту цехы жұмыс істейді
Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №3 мекемесінің базасында жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұйымдастырған жемдік ұн өндіру бойынша ұн тарту цехы табысты жұмыс атқаруда.
Өндіріс процесіне тұрақты еңбекпен қамтылған 9 сотталған тартылған. Тәуліктік өндіріс көлемі шамамен 5 тоннаны құрайды. Өнімді өткізу Қазақстан Республикасының ішкі нарығында, сондай-ақ одан тыс жерлерде жүзеге асырылады.
Цехтың қызметі сотталғандарды еңбекке тартуға, олардың қайта әлеуметтенуіне, сондай-ақ шағын бизнестің дамуына және елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Тыйым салынған затты мекемеге жасырын кіргізбек болған азаматша ұсталды
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 тергеу изоляторында тыйым салынған затты мекемеге кіргізу әрекетінің жолы кесілді.
Мекемеге келген сәлемдемені рентген-телевизиялық құрылғы (РТУ) арқылы тексеру барысында сөмкенің ішіне жасырын тігілген 1 дана «Redmi» маркалы ұялы телефон анықталып, тәркіленді. Аталған тыйым салынған затты 65 жастағы қала тұрғыны Т.А. есімді азаматша мекемеде қамауда отырған ұлына жасырын түрде жеткізбек болған.
Азаматша өз кінәсін толық мойындады. Осыған байланысты оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
– Мекемеге тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттерінің алдын алу бағытындағы бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі, – деді мекеме бастығы, әділет подполковнигі Мирас Мереевич Хамзин.
Семейде экскаватор жүргізушісі телефонды қауіпсіздігі орташа мекемесінің аумағына кіргізуге тырысты.
Семей қаласында орналасқан Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде тексеру тобының қызметкерлері тыйым салынған затты мекеме аумағына кіргізу әрекетін болдырмады.
Тексеру іс-шараларын жүргізу барысында мекеменің өнеркәсіптік аймағында жер жұмыстарын орындау үшін келген 45 жастағы экскаватор жүргізушісі ұялы телефонды орындықтың астына машинаның кабинасына жасырып, алып өтуге әрекет жасағаны анықталды. Заңға қайшы әрекеттерді тәртіптік бөлім қызметкерлері уақтылы анықтап, алдын алды.
Сот барысында ер адам тыйым салынған затты алып кіруді оған бейтаныс азамат сұрағанын түсіндірді.
- Аталған факті бойынша аталған тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама жасалды", - деді мекеме бастығы Женисбек Дәуренбеков.
Маңғыстау облысында Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг мемлекеттік университетінің студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға құқық бұзушылық пен қылмыстың салдарын түсіндіру, заңды білудің маңызын жеткізу және саналы таңдау жасауға ынталандыру.
Кездесу барысында сотталғандардың шынайы өкініші бейнеленген бейнеролик көрсетілді. Қылмыстық заңнама нормалары түсіндіріліп, лудомания, алаяқтық және интернет-алаяқтық тақырыптары қарастырылды. Мамандар бір қателіктің адам тағдырына қалай әсер ететінін нақты мысалдармен жеткізді.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері қылмыс ешқашан мәселенің шешімі болмайды – керісінше, адамның еркіндігін шектеп, болашаққа жолын жабуы мүмкін екенін атап өтті.
- Негізгі назар құқықтық сауатқа бағытталды . Заңды білу – тек теория емес, адамның өз өмірін қорғауға мүмкіндік беретін нағыз құрал, – деді Қанат Қасымбеков, ҚАЖД сотталғандар арасында әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімнің бас маманы.
Абай облысындағы колонияда сотталғандарға арналған онлайн дүкен іске қосылды
Семейде қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме сотталғандары үшін онлайн дүкен іске қосылды.
Абай облысындағы қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде сотталғандардың азық-түлік пен алғашқы қажеттіліктегі заттарға арнайы терминалдар арқылы тапсырыс беруіне мүмкіндік беретін онлайн-дүкен жұмысын бастады. Электронды дүкен — жабық цифрлық жүйе. Онда сотталғандар рұқсат етілген тауар санаттарын таңдап, қажетті өнімдерді рәсімдей алады: азық-түлік, гигиена құралдары, тұрмыстық бұйымдар және кеңсе тауарлары. Тапсырыс терминал арқылы берілгеннен кейін дүкен қызметкерлері тауарды жинақтап, мекемеге жеткізеді. Барлық өнімдер міндетті түрде тексерістен өтеді.
– Біздің мақсатымыз – әр операция тіркелетін, жеңіл әрі ашық жүйені қалыптастыру. Алғашқы тапсырыстар қабылданып, сотталғандарға жеткізілді. Бұл – олардың күнделікті қажеттіліктерін ыңғайлы әрі қолжетімді түрде өтеуге арналған сервис. Ассортиментті де ұдайы кеңейтіп отырамыз, – деді жеке кәсіпкер Батырбек Әмірханов.
Сотталғандар да жаңа жүйенің тиімділігін атап өтуде.
– Маған бәрінің әділ әрі түсінікті жүргізілетіні ұнайды: баға нақты көрсетілген, қорытынды сома бірден шығады. Интерфейс қарапайым, технологияны жақсы меңгермегендерге де оңай. Балансты нақты уақыт тәртібінде бақылауға болады. Мұндай сервистердің енгізілуі пенитенциарлық жүйені жаңғыртып, процестерді қызметкерлер мен сотталғандар үшін барынша ашық етеді, – деді сотталғандардың бірі.
Мекеме өкілдері де электронды дүкеннің жұмыс тиімділігін ерекше атап өтті.
– Электронды дүкен сотталғандарды қажетті тауарлармен қамтамасыз ету процесін айтарлықтай жүйеледі. Қағаз тізімдер мен қолмен тексерулердің қажеті болмай қалды. Цифрландыру – тиімді және ашық жұмысқа бастайтын жол, – деді Айдын Калелов.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бала өмірін құтқарған Ақмола облысы ҚАЖ қызметкері марапатталды
Ақмола облысында №6 мекеменің қызметкері, режим бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының бақылаушысы Рахат Байлин ерлік пен жанқиярлық танытып, өртке оранған пәтерден кішкентай баланың өмірін аман алып қалды. Өзінің батыл әрекеті үшін ол 2025 жылғы 21 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жоғары мемлекеттік марапат – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Облыс орталығында болған оқиға кезінде бес қабатты үйдің терезесінен қою түтін шығып жатқан. Сол сәтте оқиға орнында болған біздің жерлесіміз – қылмыстық-атқару жүйесі қызметкері еш ойланбастан, өз өміріне қауіп төндіре отырып, өрт ошағына ұмтылды. Оның мақсаты – от тұзағында қалған адамдарға дереу көмек көрсету болды.
Өз өмірін қатерге тігіп, қызметкер өрт каптаған пәтерге кіріп, қою түтін арасынан демі үзілуге шақ қалған баланы тауып алды. Рахат Байлиннің батыл әрі жедел әрекеттерінің арқасында бала өрт ошағынан аман-есен шығарылып, оқиға орнына жеткен төтенше қызмет өкілдеріне табысталды. Оның дер кезінде жасаған ерлігі мен шешімталдығы орны толмас қасіреттің алдын алды.
Қызметкердің ерлігі жоғары бағаланды. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі қызметкердің ерекше батылдығы мен кәсібилігін мойындай отырып, оған Мемлекет басшысының марапатын жеке өзі табыстады.
– Бұл оқиға біздің арамызда нағыз батырлар бар екенін және азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау – құқық қорғау органдары, соның ішінде ҚАЖ қызметкерлері үшін ең жоғары парыз екенін тағы бір дәлелдеді, – деп атап өтті Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Мерген Аргумбаев.
Астанада Қылмыстық-атқару жүйесінің мұражайы ашылды: «Тарихтың сақтаушысы, рухтың тәрбиешісі»
Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінде қылмыстық-атқару жүйесінің жаңа мұражайының салтанатты ашылуы өтті. Бұл мұражай тарихи жадымызды сақтау, ағарту және қоғаммен ашық диалог орнатуға арналған алаңға айналды.
Экспозицияда қылмыстық-атқару жүйесінің қалыптасу кезеңдері, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызметкерлердің ерлігі, сондай-ақ қызметтік борышын атқару кезінде ерлік көрсеткен азаматтардың есімдері бейнеленген. Мұражайда ҚАЖ-нің адамгершілік қырына, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру және тәрбиелік мақсаттарға ерекше назар аударылған.
Ашылу рәсіміне ҚР ІІМ өкілдері, ардагерлер және Департамент қызметкерлері қатысты. Іс-шара соңында қатысушылар қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлерімен бірге қылқан жапырақты ағаштар отырғызды. Бұл ағаштар - төзімділік пен тұрақтылықтың, жаңару мен адалдықтың символы, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне тән қасиеттердің көрінісі.