Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қадағалау басқармасының басшысы Мазин бин Ибрагим Әл-Кахмус басқарған делегациясымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қонақтар қазақстандық прокуратураның мемлекеттік органдар жүйесіндегі рөлі мен орны, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында атқарылып отырған жұмыстармен танысты.
Қазақстандық жоғарғы қадағалау мекемесінің басшысы екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығына назар аударып, қазақстандық тараптың конструктивті және жедел ынтымақтастыққа қызығушылық танытатынын білдірді.
Ол өз сөзінде Қазақстан посткеңестік аумақтағы алғашқылардың бірі болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң қабылдағанын атап өтті. Оны жүзеге асыру аясында елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуда. Бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам тартылған.
Сонымен қатар, тараптар активтерді қайтару мәселелерін талқылап, осы саладағы оң тәжірибелерімен алмасып, осы бағытта бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға келісті.
Өз кезегінде Мазин бин Ибрагим Әл-Кахмус қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар серіктестіктің тиісті деңгейін қанағаттанарлықпен атап өтіп, оны нығайту бойынша алдағы қадамдарды белгіледі.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі