Бас прокуратурада Еуро одақ өкілдерімен кездесулер өткізілді

Бас прокуратурада Еуро одақ өкілдерімен  кездесулер өткізілді

Бүгін Астана қаласында «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» атты Адам құқықтары жөніндегі диалог пен Сот әділдігі және құқықтық тәртіп жөніндегі кіші комитеттің кезекті отырыстары өтті.

Қазақстан тарапынан оларға Бас прокуратураның, Сот әкімшілігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі агенттіктерінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, сыртқы істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат, денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет, сондай-ақ білім беру министрліктерінің өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігі саласындағы бірқатар елеулі реформаларға тоқталды.

Ол адам өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар болғандықтан, Қазақстан Республикасының осы бағыттағы дәйекті және жан-жақты жұмысты жалғастыру ниетін ерекше атап өтті.

Спикер бұл тұрғыда мұндай платформалар серіктестермен диалог жүргізуге және жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өзара қолайлы шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретіндіктен ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

Тараптар адам құқықтарын сақтау, азаматтық қоғамды дамыту, сөз, дін және бейбіт жиналыстар бостандығы, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұру, сот-құқықтық реформа салаларындағы жағдай туралы пікір алмасты.

Қорытындылай келе, Тараптар адам құқықтарын қорғау және қылмыстың ең өзекті түрлерімен күресу саласындағы бірлескен іс-шаралардың одан әрі қадамдарын белгілеп, тиісті Хаттамаға қол қойды.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі