Экологиялық диалогты нығайту: Каспий маңы елдерінің Бас прокуратураларының маңызды кездесуі өтті

Экологиялық диалогты нығайту: Каспий маңы елдерінің Бас прокуратураларының маңызды кездесуі өтті

Бакуде Каспий теңізіне қатысты экологиялық мәселелерді талқылауға және шешуге бағытталған Каспий маңы мемлекеттерінің (Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Тәжікстан) бас прокуратуралары өкілдерінің кездесуі өтті.

Кездесу аясында Каспий теңізінің экожүйесін қорғау мен заңдылықты қамтамасыз етудің маңызды аспектілері талқыланды.

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Жандос Өміралиев кездесу нәтижелері Каспий алдында тұрған экологиялық проблемаларды шешу бойынша Мемлекетаралық диалог пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

"Елдеріміз арасында тәжірибе және білім алмасу тиімді шешудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Біз нәтижелі өзара іс-қимылға және осы саладағы әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға дайынбыз", - деп атап өтті ол.

Қатысушылар экологиялық құқық қолдану саласында тәжірибе алмасты және Каспийдің бірегей табиғи мұрасын сақтау мүддесінде ынтымақтастықты нығайту жолдарын белгіледі.

Сондай-ақ экологиялық қатерлердің алдын алу және жою бойынша бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған болашақ өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары белгіленді.

Экологиялық нормалар мен стандарттардың сақталуын бақылау, сондай-ақ инновациялық тәсілдерді әзірлеу және енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесуге қатысушылар тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобын құру, сондай-ақ жедел өзара іс-қимыл жасау және Каспий бассейнінің экологиялық жағдайы туралы деректермен алмасу үшін бірыңғай ақпараттық платформаны енгізу идеясын қолдады.

Бесжақты кездесу Каспий маңы елдері арасындағы экологиялық қауіпсіздік және өңірдің биоәртүрлілігін сақтау мәселелеріндегі ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы келіссөздердің барлық қатысушыларына жемісті талқылағаны үшін алғыс білдіреді және бірегей ортақ табиғи игілікті сақтау мүддесінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үміттенеді.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі