Бас Прокурордың кубогына шағын футбол чемпионаты аяқталды

Бас Прокурордың кубогына  шағын футбол чемпионаты аяқталды

Спорт күніне орай прокуратура органдары қызметкерлерінің арасында Бас Прокурордың кубогы үшін өткізілген шағын футбол чемпионаты аяқталды.

Оған Бас прокуратура, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет, Құқық қорғау органдары академиясы, Бас әскери прокуратура, Бас көлік прокуратурасы және Астана қаласы прокуратурасының қызметкерлерінен құралған 6 команда қатысты.

Жарыс прокуратура органдарында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, қызметкерлердің моральдық рухын нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Прокурорлар футбол алаңында тартысты ойын көрсетті. Нәтижесі бойынша 1-орынды және Бас Прокурордың Кубогын Бас көлік прокуратурасының командасы жеңіп алды.

2-орын Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің командасына, 3-орын Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының командасына берілді.

Сонымен қатар жарыста ерекше көзге түскен ойыншыларға арнайы жүлделер берілді. Атап айтқанда, Құқық қорғау органдары академиясы командасының ойыншысы Нұрлан Нұркенов «Үздік қақпашы», Астана қаласы прокуратурасы командасының ойыншысы Саламат Тәңірберген «Үздік қорғаушы», ҚСжАЕК командасының ойыншысы Александр Сергейчук «Үздік шабуылшы», Бас көлік прокуратурасы командасының ойыншысы Мақсат Мошкалов «Үздік ойыншы» жүлдесіне ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар мен дипломдар тапсырылды. Бас прокуратура, Бас әскери прокуратура және Астана қаласы прокуратурасының командалары Бас Прокурордың алғыс хаттарымен атап өтілді.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі