
Бас прокуратурада «Прокуратура туралы» Конституциялық заңды және Қазақстан Республикасы Президентінің VIII шақырылымдағы Парламенттің I сессиясының ашылуында берілген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің (бұдан әрі - Комитет) көшпелі отырысы өтті.
Іс-шараға Сенат депутаттары, Бас прокуратура бөлімшелерінің басшылары, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (бұдан әрі - ҚСжАЕК) төрағасы, сондай-ақ Құқық қорғау органдары академиясының ректоры қатысты.
Кездесу басында Бас Прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев прокуратура депутаттық корпуспен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Қазір прокуратураның үйлестіруімен Мемлекет басшысының қылмыстық-құқықтық саладағы, бизнесті қорғаудағы, активтерді қайтарудағы, азаптауға қарсы іс-қимылдағы тапсырмалары іске асырылуда», - деді ол.
Өз кезегінде Комитет төрағасы Андрей Лукин Парламент қылмыстық процесті ізгілендіруге бағытталған құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қызметін реттейтін бірқатар заңдар қабылдағанын атап өтті.
Қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заң қадағалау органының құқық қорғау мәртебесін едәуір күшейткені атап өтілді.
Сапар барысында сенаторлар жаңа құқықтық жағдайларда қадағалау қызметінің нәтижелерімен және ҚСжАЕК ақпараттық жүйелерімен танысты.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар қаржылық қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты сақтау бойынша тексерулерді тағайындау тәртібі және бизнесті қорғау мәселелерін талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін шешу мақсатында өзара іс-қимылды арттыруға келісті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі