Елордалық прокуратура тұтынушыларға электр энергиясының негізсіз жоғары шоттары үшін қаражаттарын қайтаруда

Елордалық прокуратура тұтынушыларға электр энергиясының негізсіз жоғары шоттары үшін қаражаттарын қайтаруда

Ағымдағы жылы әлеуметтік желілерде елорда тұрғындарынан электр энергиясы үшін артық төлемдерді алу туралы жарияланымдар жиілеп кетті.

Бұл мәселе қала прокуратурасында уәкілетті органдардың, әкімдіктің және қызмет көрсетушілердің («Астана-АЭК» АҚ және «Астанаэнергосбыт» ЖШС) қатысуымен талқыланды.

Энергиямен жабдықтаушы ұйымнан деректерді қабылдап-жинақтаудың тиісінше ұйымдастырылмауына байланысты тұтынылған электр энергиясының көлемі дұрыс есептелмегені анықталды. Көптеген астаналықтарға орташа тәуліктік көлемді есептеген.

Осылайша есептеу құралдарының көрсеткіштеріне сәйкес абонент нақты қабылдаған энергия мөлшері үшін энергия төлемін жүргізу туралы Азаматтық кодекстің 488-бабының талаптары бұзылған.

Нәтижесінде қала тұрғындарына үлкен мөлшерде есепшоттар келген.

Мән-жайды анықтау үшін азаматтар «Астана-АЭК» АҚ мен «Астанаэнергосбыт» ЖШС-нің «табалдырықтарын тоздыруға» мәжбүр болған.

Шектелмеген адамдар тобы құқықтарының бұзылуын ескере отырып, қала прокуратурасы Бас прокуратура арқылы Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қадағалау актісін енгізді.

Уәкілетті орган электр энергиясы үшін негізсіз есептеуге жол берген субъектілерге тексеру жүргізу туралы мәселені қарауы қажет. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Заңда көзделген ден қою шараларын қабылдайды.

Қазіргі уақытта «Астана-АЭК» АҚ бірнеше он мыңдаған абоненттерге электр энергиясының көлемін қайта бөлді.

Есептеулерді түзету жұмыстары жалғасуда және ол прокуратураның бақылауында.

Сондай-ақ электр энергиясы үшін артық төлемдер бөлігінде тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар мен ұйымдар Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі қалалық департаментке өздігінен жүгіне алатынын хабарлаймыз.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі