Наурыз мейрамын мерекелеу туралы

Наурыз мейрамын мерекелеу туралы

Бас прокуратурада Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған салтанатты шара өткізілді.

Қадағалау органының басшысы Берік Асылов наурыздың қоғамдағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті, достық пен ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлі мен маңыздылығын атап өтті.

«Бұл – халқымыздың дәстүрі жаңғырып, ұлттық шежіреміз қайта оралған күн. Егемендікпен бірге келген басты құндылығымыз, салт-дәстүріміздің негізі. Осы төл мерекеміз тарихи тамыры тереңде жатқан қазақ халқының рухани бастауы ретінде ел жүрегінен орын тапты», - деді ол.

Сондай-ақ, ел Президентінің бастамасымен Наурыз жаңа мазмұнға ие болып, жасампаздық пен жаңарудың арқауы ретінде бағалануы атап өтілді.

«Мемлекет басшысы тәуелсіздігімізді бекемдеп, қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайтуға арналған саяси жүйемізді реформалаудың кешенді бағдарламасын ұсынды.

Сондықтан, біздің міндетіміз оны іске асырудың барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету», - деді Б. Асылов.

Мереке қызметкерлердің күшімен ұйымдастырылған «Тұсау кесу» және «Қыз ұзату» сияқты ұлттық салт-дәстүрлерді, театрландырылған қойылымдарды көрсетумен, халық әндері мен билерін орындаумен жалғасты.

Бөлімшелер арасында ең үздік мерекелік тағамға, шығармашылыққа және ұлттық костюмдерге конкурс өткізілді.

Шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға естелік кәдесыйлар, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.Бас Прокурор әріптестеріне кәсіби табыс, бақыт, денсаулық және отбасылық амандық тіледі.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі