«Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасы жарияланды

«Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасы жарияланды

Үкіметтің заң шығару жұмысы туралы қағидалардың 24 тармағына (23.07.2021 жылы өзгерістер енгізілген Үкіметтің 29.12.2016 жылғы № 907 қаулысымен бекітілген) сәйкес әзірленген «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заң жобасы электронды үкімет порталында (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14122437), сондай-ақ Бас прокуратураның сайтында жарияланған.

Конституциялық заңды қабылдау туралы тиісті тапсырма биыл 16 наурыздағы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған болатын.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін жекелеген конституциялық заңдарды қабылдау қажет деп санаймын», – деді.

Жаңа заң жобасына қолданыстағы қадағалаудың тиімді құралдары мен тетіктерін біріктіру жоспарланып жатыр. Бұл өзгерістер құқықтық қатынастарға қатысушы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнестің, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін неғұрлым тиімді сақталуына ықпал етеді.

Заңдылықты қорғаумен қатар прокуратура қызметінің негізгі принциптері – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқаты мен экономикалық дамуы болуы тиіс. 

Прокуратура қызметінің басты мақсаты – мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты нығайту болады. Бұл үшін прокуратура органдарының қарайтын өтініштер санатының ауқымы кеңейеді.

Құқықтық саясат тұжырымдамасында 2030 жылға дейін мемлекеттің құқық қорғау жүйесінің өзегі ретінде прокуратураның үйлестіруші рөлі бекітілген.

Прокуратура органдарының мәртебесін нығайту жөніндегі ұсыныстар Еуропалық прокурорлардың Консультативтік Кеңесінің (ЕПКК) құжаттарында да бар. Онда прокурорлардың тәуелсіздігі, жауапкершілігі және этикасы ұлттық заңнамада немесе тіпті елдің конституцияларында көзделген прокурорлар туралы жарғыға (Кеңестің 2018 жылғы № 13 қорытындысында бекіткен) енгізілген ұғымдар болуы тиіс деп көрсетілген.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі