«Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасы тұжырымдамасының жобасы жарияланды

«Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасы тұжырымдамасының жобасы  жарияланды

Үкіметтің заң шығару жұмысының қағидаларының 24-тармағына (23.07.2021 жылы өзгерістер енгізілген Үкіметтің 29.12.2016 жылғы № 907 қаулысымен бекітілген) сәйкес әзірленген «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы тұжырымдамасының жобасы электронды үкімет порталында (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14095948), сондай-ақ Бас прокуратураның сайтында жарияланды.

Конституциялық заңды қабылдау туралы тиісті тапсырма а.ж. 16 наурыздағы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған болатын.

«Заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін жекелеген конституциялық заңдарды қабылдау қажет деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Заңның жаңа жобасында қадағалаудың пәрменді құралдары мен тетіктерін бекіту жоспарлануда, олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнестің, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқықтық қатынастардың барлық қатысушыларының неғұрлым тиімді сақтауына септігін тигізетін болады.

Прокуратура қызметінің негізгі қағидаттары болып заңдылықты қорғаудан бөлек қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық дамуды және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету болуы тиіс.

Мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылатын адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасы аумағында заңдылықты нығайту мақсатында прокуратура органдары қарауға жататын жолданымдар санатының тізбесі едәуір кеңейеді.        

Құқықтық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттің құқық қорғау жүйесінің өзегі ретінде прокуратураның үйлестіруші рөлі бекітілген.

Бұдан бөлек, прокуратура органдарының мәртебесін нығайту жөніндегі ұсынымдар Еуропалық прокурорлардың Консультативтік Кеңесінің құжаттарында да бар, онда прокурорлардың тәуелсіздігі, есептілігі және этикасы ұлттық заңнамада немесе тіпті елдің конституциясында көзделген прокурорлар статутына енгізілген ұғымдар болуы тиіс (Кеңестің 2018 жылғы № 13 қорытындысы) деп танылған.

Тұжырымдама жобасымен қатар заң жобасының да алдын ала мәтіні жарияланды.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі