Айтулы күндерге арналған салтанатты іс-шара

Айтулы күндерге арналған салтанатты іс-шара

Бас прокуратурада ардагерлер және жеке құрамның қатысуымен Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. 

Соғыс батырлары мен әскери қызметкерлердің ерлігіне құрмет көрсетіп, салтанатты шараның ашылуы «Отан қорғаушылары» монументіне гүл қою рәсімінен басталды.

Ұлы Отан соғысында 1,5 миллион қазақстандықтың елі үшін кеудесін оққа тосып күрескені, олардың жартысынан көбі соғыстан оралмағаны, 528-і Кеңес Одағының батыры атағымен марапатталғаны айтылды.

Ардагерлер мен прокуратура өкілдері майданда болған ардагерлерге құрмет көрсетіп, олардың соғыстағы ерліктері мен ерен еңбектерін еске алды.

Жиынға қатысушылар одан әрі Бас прокуратура ғимаратында қадағалау органының басшысы Берік Асыловтың қатысуымен өткен салтанатты жиында бас қосты.

Бас Прокурор ардагерлерді және әріптестерін мерекеге қарсаңында құттықтады. Айтулы екі мерекенің тарихи маңызына тоқталып, ардагерлердің Жеңіске қосқан үлесін және қазіргі прокурорлардың заңдылықты қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.

«Бүгін Жеңіс күні Ұлы Отан соғысына қатысқан 19 прокурор және тыл ардагері бізбен шарада бірге отыр. Көп әріптесіміздің  аталары мен әкелері жеңіске жету жолында және біздің бейбіт аспан астында тыныш өмір сүруіміз үшін өз өмірін қиды. Өкінішке орай, қазір көптеген соғыс ардагерлері арамызда жоқ. Бірақ олар туралы жылы естеліктер әрдайым есімізде», – деді Берік Асылов.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен прокуратура органдарының бірнеше жетекшісі жоғары шен және мемлекеттік наградалармен марапатталды.

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені Атырау облысының прокуроры Халидулла Дәуешовке, Батыс Қазақстан облысының прокуроры Жандос Өмірәлиевке, Маңғыстау облысының прокуроры Ерлан Абаевқа, Түркістан облысының прокуроры Марат Әлихановқа және Бас прокуратураның 4-Қызмет бастығы Ризабек Ожаровқа берілді.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Алматы қаласы прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Молдажан, Жамбыл облысы Байзақ ауданының прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы, Алматы қаласы ҚСЖАЕК Басқарма бастығы Дінмұхаммед Шүйкебаев марапатталды. Құқық қорғау органдары академиясы Басқармасының басшысы Жанар Ілияс «Құрмет» орденіне лайық деп танылды. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Жамбыл облысы Байзақ ауданы прокурорының орынбасары Марат Есентаев және Оңтүстік өңірдің әскери прокуратурасының аға прокуроры Нұрбек Кушековке табысталды. 

Бас Прокурор қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін орталық аппараттың бірқатар қызметкерлерін кезектен тыс сыныптық шендермен, ведомстволық наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапаттады. Көтермелеуге прокуратура органдарының ардагерлері де ұсынылған.

Салтанатты шараның қорытындысында прокуратура органдары қызметкерлері ұйымдастырған концертпен аяқталды.  

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі