Бизнесті қорғау – қадағалау қызметіндегі басымдық

Бизнесті қорғау – қадағалау қызметіндегі басымдық

Кәсіпкерлердің шағымдарына жедел ден қою мақсатында әрбір прокуратурада тәуліктік режімде прокуратура органдарының бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтары жұмыс істейді (дереу шығу, Сall-орталық тәулік бойы 24/7).

2022 жылдың 3 айында оларға 803 кәсіпкер жүгінді, әрбір төртінші бұзушылық фактісі расталды.

Шағымдардың сипаты бойынша бұл ерекше жағдайлар ғана емес, сонымен қатар құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді талап ететін жүйелі проблемалар болып отыр.

Прокурорлар бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді түпкілікті жоюға дейін жан-жақты шаралар қабылдады.

Мысалы, 2022 жылғы 25 наурызда Павлодар қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша өңірдегі барлық кәсіпкер үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру үшін қарыз беру өлшемдері өзгертілді.

Бұған дейін қарыз алу конкурсына Павлодар облысы әкімдігінің 2019 жылғы 27 қарашадағы №338/3 қаулысында көрсетілген барлық талапқа сәйкес келетін кәсіпкерлер ғана қатыса алатын (жалға алу/меншік құқығында сауда-логистикалық инфрақұрылымның болуы; бөлшек сауданы жүзеге асыру; облыс аумағында ӘМАТ өндіруді немесе өсіруді жүзеге асыру).

Алайда олар шағын бизнес субъектілерін ірі кәсіпкерлерге қатысты тең емес жағдайға қойып, мемлекеттен қарыз алу мүмкіндігін жоққа шығарды. Бұл ӘМАТ бағасының өсуіне және прокуратура органдарының негізделген шағым жасауына алып келді.

Павлодар қаласы прокурорының ұсынысы бойынша әкімдік қаулысына өзгерістер енгізілді (Әділет министрлігінде 2022 жылғы 1 сәуірде №27360 болып тіркелді) және енді кәсіпкерлерге қарыз алу үшін өлшемдердің біреуі ғана сәйкес келсе де жеткілікті.

Нәтижесінде кәсіпкерлердің шектелмеген тобының ғана емес, өңір тұрғындарының да құқықтары қорғалды.

Жалпы, кәсіпкерлік саласында, оның ішінде Мобильдік топтардың жұмысы аясында анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлар 2022 жылдың 1-тоқсанында 64 мыңнан астам бизнес субъектісінің құқықтарын қорғады.

Прокурордың өзінің қаулысымен уәкілетті органдардың заңсыз тыйым салу және шектеу шараларын алып тастайтын жаңа құзыреті тиімді құрал болып отыр.

Мысалы, 2022 жылдың наурызында Қостанай облысының прокуратурасына "NPO DSK" ЖШС қызметкерлерінен ұжымдық өтініш келіп түскен, онда кәсіпорын шоттарының заңсыз бұғатталуына байланысты 2 айдан астам уақыт бойы 5 млн. теңге көлемінде жалақы төлемеген.

Салық кодексінің 118-бабын бұза отырып, яғни ЖШС сотқа шағым бергеннен кейін салық органы шоттарға тыйым салу алып тасталмаған.

Прокуратураның қаулысы бойынша заңсыз тыйым салу дереу алып тасталды, ЖШС қызметкерлерінің жалақысы толық көлемде төленді.

Анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша ағымдағы жылы прокурорлар прокурорлық қадағалаудың 432 актісін енгізді, 8,8 млн теңгеден астам сомаға 311 әкімшілік іс жүргізу, 291 заңсыз тексеру, 113 заңсыз тыйым салу-шектеу шаралары, мемлекеттік органдардың 29 актісінің күші жойылды, 195 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, 13 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және Бас прокуратура басшылығының тұрақты бақылауында.

Құқық бұзылған жағдайда кәсіпкерлер 115 (Call-орталық), 30-18-30 (Бас прокуратураның Мобильді тобы) нөмірлері немесе облыс прокуратураларының сайттарында көрсетілген нөмірлер бойынша тікелей прокурорларға жүгіне алады.