15 желтоқсан 2021 жыл, Нұр-Сұлтан қаласы. Бас прокуратурада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты жиналыс өтті.
Іс-шараны ашқан Бас Прокурор Ғизат Нұрдәулетов әріптестерінің назарын тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюындағы Елбасының рөліне, сондай-ақ ел Президенті жүргізіп жатқан халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту жөніндегі реформаларға аударды.
Бас Прокурор прокуратура органдарының құқық үстемдігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтіп, қадағалау ведомствосының алдында тұрған міндеттер туралы айтып берді.
«Біз жаһандық сын-қатерлер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, сонымен бірге даму үшін қолайлы мүмкіндіктер де бар. Бұл жағдайда заңдылықты қатаң сақтау егемендігімізді нығайтудың және одан әрі өркендеудің маңызды кепілі болып табылады.
Прокурорлар өздерінің мәртебесіне байланысты, заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін барлық күштерді жұмылдыруы керек. Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай міндеттерді қойып отыр», - деді Ғ. Нұрдәулетов.
Сөз соңында Бас Прокурор ұжымды ел Тәуелсіздігінің мерейтойымен құттықтап, борышына берілгендігі және парызына адалдықтары үшін алғысын білдірді.
Атаулы күнге орай Президенттің Жарлығымен және Бас Прокурордың бұйрықтарымен заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін прокуратураның бірқатар қызметкерлері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі