Бас прокуратурада қадағалау қызметі қорытындыланды

Бас прокуратурада қадағалау қызметі  қорытындыланды

2021 жылғы 18 қараша, Нұр-Сұлтан. Бүгін Бас Прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің төрағалығымен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысы өтті, онда ведомствоның 2022 жылға арналған басым бағыттары белгіленді.

Оның жұмысына Бас прокуратураның, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің, Құқық қорғау органдары академиясының басшылығы, Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың прокурорлары қатысты.

Отырыс басында Ғизат Нұрдәулетов прокуратура органдарының өткен кезеңде қылмыстық жағдайды бақылауға, қылмыстық-құқықтық саладағы реформаларды ілгерілетуге, қадағалауды азаматтар мен бизнес проблемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлауға ерекше назар аударғанын атап өтті.

Барлық деңгейдегі прокурорларға алаяқтыққа, қаржылық пирамидаларға, балаларға қарсы жыныстық қылмыстарға және есірткі саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы Бас Прокурордың орынбасарлары есеп берді. ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесі негізінде қылмыстық процесті кезең-кезеңімен жаңғырту бойынша Президенттің тапсырмаларын іске асыру туралы баяндалды.

Үш буынды модельді енгізудің бірінші кезеңі – негізгі процестік шешімдерді келісу қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында құқық қорғаушылық кедергіні белгілеуге мүмкіндік бергені атап өтілді.

Жыл басынан бері тергеу органдарының 328 мың қаулысының 286 мыңы ғана заңды деп танылды, ал қалғандары келісуден бас тартылған немесе олар қайта пысықтауға жолданған. Нәтижесінде тергеу сапасы артып келеді, азаматтарды қылмыстық шеңберге негізсіз тартудың алғашқы сатысында жолы кесілген.

Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық салада дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру, жерді ұтымды пайдалану, азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, балалардың құқықтарын қорғау және басқа да өзекті бағыттар бойынша нәтижелі тексерулер мен талдаулар жүргізілді.

Соның нәтижесінде прокурорлардың қадағалау актілері бойынша 4,8 млрд. теңгеге 880 мың гектар жер қайтарылып, 1027 бизнесті заңсыз тексерудің күші жойылды. Мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің негізсіз шектеулері бар 60 қаулысы өзгертіліп, заңға сәйкестендірілді.

Алқа қорытындысы бойынша қадағалау ведомствосының басшысы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл, халықтың сенім деңгейін арттыру және құқық үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттерді белгіледі.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі